15 Тамыз, 2015

Міндет – еңбеккерлер мүддесін қорғау

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

122 (15)

Елордада «Қазақстанның кәсіподақтары: институттық реформалар және трансформация» тақырыбында «Эксперт» клубының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы қоғамда қызу талқыға түсіп отырған трансформация мәселесіне орай кәсіподақтар федерациясының өкілдері пікір алмасты.

Жиынға Теміржолшылар кәсіподағының төрағасы Оразғали Ахметбаев, «ҚазМұнайГаз» АҚ кәсіподақ төрағасы Сұлтан Қалиев, Энергетиктер кәсіподағының өкілі Рүстем Нұркен, тағы басқалар қатысты.

Мемлекет басшысы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасында біздің алдымызға қоғамымызды әлеуметтік дамыту деңгейін арттыру бойынша ауқымды мақсаттар мен міндеттер қойған болатын. Әлеуметтік жаңғырту еңбек қатынастарының мәдениетін еселеуді талап ететін болғандықтан, елімізде кәсіподақ қозғалысын жаңғырту барынша батыл түрде жүзеге асуы тиіс-ақ. Бұл ретте Елбасының кәсіподақтар қозғалысына аса мән беріп отырғандығы бекер емес. Халық пен билікті байланыстырушы, негізгі міндеті қызмет пен жұмыс берушінің арасында туындайтын мәселелерді уақытында шешу болып табылатын кәсіподақтың рөлі бұл аралықта үлкен екендігін атап өту шарт. Сол себепті, кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдары барлық тараптармен тығыз ынтымақтастық орнатуы керек. Айтар болсақ, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік диалогтың жаңа нысандарын дамыту маңызды. Осыған орай жиын барысында клуб жетекшісі Нұрлан Ерімбетов олардың қоғамдағы рөлі мен жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы іс-қимыл тетігі қалай болу қажеттігі жөнінде мамандарға сұрақ қойды. Сонымен қатар, жақын арада қозғалып жатқан, болжалынған Еңбек кодексіне түзетулер енгізілуі мүмкіндігіне байланысты қызметкерлер арасында дау болып, толассыз хаттар жолданып отырғандығын қоса айтты. Бұл сауалға жауап берген кәсіподақ өкілі О.Ахметбаев өздерінің тараптан, яғни теміржолшылар арасында бұл мәселенің айтарлықтай өзекті болып отырмағандығын айтты. Дегенмен, қазақстандық теміржолшылардың жұмыс аптасы қысқаратындығын мәлімдеді. Бұл ретте енді олар 4 күндік жұмыс кестесіне көшпек. Оның айтуы бойынша, әлемдегі күрделі экономикалық ахуалға байланысты шойын жолмен тасымалданатын тауарға деген сұраныс азайып, тасымал саласынан түсетін қаржы күрт кеміген. Сол себепті, жұмысшыларды қысқартпай-ақ, жұмыс уақытын шегере отырып, бұл мәселенің шешімі табылғандығын тілге тиек етті. Бұл ретте С.Қалиев Еңбек кодексінің қиын жағдайларға байланысты өзгертуді талап ететіндігін атай отырып, дегенмен, оның басты функциясы мүдделердің балансы болуы қажеттігін тұспалдады. Сонымен қатар, жаңадан жасалынбақ Еңбек кодек­сіне «халық тілегіне қарсы» деген бағасын берді. Оның айтуы бойынша, үстеме еңбекақы 1,25 коэффициентіне дейін төмендемеуі тиіс. Ал оның көрсеткіші 1,5-2 болып қалуы қажет. Сондай-ақ, кәсіподақ басшылары жұмыскерлердің бұл мәселені ауыр қабылдап отырғанымен аса теріс жағдайлардың жоқтығына сендірді. Осы орайда энергетиктер кәсіподағының өкілі Еңбек кодексіндегі өзгертулер бойынша жұмыстан шығаруға себептердің 19 бен 26 аралығында болып, үстеме еңбекақының азайтылуы қызметкерлердің көңілінен шықпай отырғандығын да жасырмады. Бұл орайда жиналыс барысында Әлеуметтік серіктестік орталығы «Самұрық-Қазына» АҚ кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып, еңбеккерлердің құқығы мен мүдделеріне байланысты мәселелерді қадағалап отыратындығы сөз болды.

Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».