Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Роман Скляр мен компанияның Көліктік логистикасын дамыту орталығы филиалы директорының орынбасары Абдур-Рашид Сәкенов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда «Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру, ұлттық көліктік-логистикалық инфрақұрылымды тиімді дамыту» тақырыбында әңгіме қозғалды.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұлттық көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту – Қазақстан аумағындағы транзиттік жүк ағынын тартуға қолайлы жағдай жасауға міндеттейді. «Бұл тапсырманы орындау мақсатында өткен жылы бірқатар жобалар іске қосылып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 13 станса мен 32 жол айрығынан тұратын Жезқазған-Бейнеу теміржол желісі салынды. Жол пайдалануға берілген уақыттан бастап 3 млн. тонна жүк діттеген жеріне осы жаңа желі арқылы жеткізілді. 900-ден астам жүк пойызы өткізілді. Қазақстан, Түрікменстан, Иран арқылы өтетін Өзен-Берекет-Горган жаңа теміржол желісі табысты жұмыс істеп жатыр. Үстіміздегі жылы Болашақ-Серхетяка шекаралық бекеті арқылы 1 млн. тоннадан астам жүк тасымалданды», деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақ, сонымен қатар «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымы нысандарының құрылысы белгіленген кесте бойынша жүргізіліп жатыр екен. Бүгінгі таңда аталмыш жобаны жүзеге асыруға 75 қатысушы тіркеліпті. Арнайы экономикалық аймақ нысандарын жүзеге асыруға әлемдегі ірі компанияларды тарту шаралары жалғасын тауып жатыр. Ал, еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуда батыс өңірдің көліктік жүйесін жетілдіруге зор көңіл бөлінуде. Жылына 3 миллион тонна жүк өңдеу қуаты бар үш жаңа жүк терминалын ашу арқылы Ақтау теңіз портының әлеуетін арттырып, Каспий бойындағы жүк тасымалының 25 пайызын қамтуға болады. Құрық теңіз портынан жылына 4 млн. тонна жүк өңдейтін паром кешенінің құрылысы басталыпты. Биылғы жылы Боржақты-Ерсай жаңа теміржол желісін пайдалануға беру арқылы жағалаудағы индустриялық жобалардың инфрақұрылымдық негізі жасалады екен. Елдің транзиттік әлеуетін арттыру, тасымалдау үдерісінің тиімділігін көтеру, Алматы-Шу теміржол телімінің тасымалдау уақытын қысқарту мақсатында екінші теміржол желісінің құрылысы да басталып кетіпті. Осыны айтқан Абдур-Рашид Сәкенов, таяу болашақта Астана әуежайында ұшу-қону алаңын қайта жарақтандыру мен жаңа терминал құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Баспасөз мәслихаты спикерлерінің сөзіне илансақ, бұл қолға алынған көліктік инфрақұрылымды дамыту шаралары еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға қолайлы жағдай туғызып, экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».