Ғылым • Бүгін, 08:30

«DeepTech» деген не?

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір стартап десе көпшілік мобильді қосымшалар мен онлайн қызметті ғана елестетеді. Такси шақыратын, тамақ жеткізетін, оқу платформаларын ұсынып жүрген жобалар аз емес. Ал «DeepTech» – мүлде басқа деңгей. Бұл сала ғылымға сүйеніп, жаңа технологияларды әзірлейді. Осы бағыттағы стартаптарды жасау ұзақ уақытты, қомақты қаржыны және жоғары білікті мамандарды талап етеді. Бірақ нәтижесі де соған сай, яғни «DeepTech» жобалар нақты салаларды түбегейлі өзгерте алады.

«DeepTech» деген не?

Ғылымға негізделген стартаптарды дамыту қажеттілігі енді мемлекеттік деңгейде нақты күн тәртібіне шықты. Үкі­мет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл бағытты дамытудың негізгі тетіктеріне тоқталды.

«Біз «DeepTech», яғни іргелі ғылымға негізделген стартаптарды, технологиялық бастамаларды және күрделі өндірістерді дамытудың жүйелі моделіне көшеміз. Бұл механизм өңірлік форсайттарды жүргізуді, кәсіпорындардың проблемаларын анық­тау­ды, перспективалы бағыттарды іздеуді, технологиялық міндеттерді қоюды, өнеркәсіптік үлгілерді жасауды және өндірістерді іске қосуды қамтиды. Негізгі қағидат – технологиялық тізбектерді тереңдету», деді Саясат Нұрбек.

«DeepTech» бағытындағы мұндай жүйелі тәсіл ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайта түспек. Осылайша, зертханалық деңгейдегі жобалардың нақты өнімге айналуына жол ашылады. Со­ның нәтижесінде жоғары технологиялық шешім­дер экономикаға біртіндеп енгізіле бастайды.

Елімізде «DeepTech» стартаптар аз бол­ғанымен, осы бағытта алғашқы қадам­дар жасалып жатыр. Мәселен, жақында Шым­кентте өткен «Digital Qazaqstan 2026» форумында елдің үздік стартаптары бас қосып, технологиялық шешімдерін ұсынған еді. Финалға шыққан 20 жобаның қатарында жасанды интеллект, білім және денсаулық сақтау бағытындағы бас­тамалар болды. Солардың ішінде ерекше көзге түскен «DeepTech» жобаның бірі – жас зерттеуші Асылжан Абдуллаев әзірлеген «CortexAI». Аталған жүйе донор мен науқастың генетикалық және медициналық деректерін жинап, оларды талдайды және сол арқылы транс­плантацияның сәтті өтетінін немесе қауіпті екенін алдын ала болжайды. Дәрі­гер осы ақпаратты пайдаланып, ең дұрыс шешімді қабылдай алады. Осындай күрделі міндетті шешу мақсатында стартап жетекшілері  биостатистика, иммунология және жасанды интеллект салаларындағы ғылыми зерттеулерге сүйенген.

«CortexAI» жобасының авторы Асылжан Абдуллаевтың айтуынша, осы бас­тама нақты мәселені шешу қажет­тілігінен туған.

«Әлемде жыл сайын мыңдаған трансплантация жасалғанымен, олардың шамамен 30%-ға жуығы сәтсіз аяқталады. Бұл көбіне донор мен реципиент арасындағы сәйкестікті дәл анықтай алмаудан туын­дайды. Біз осы үдерісті деректер мен жасанды интеллект арқылы жақсартуды мақсат еттік», дейді жоба жетекшісі.

«DeepTech» жобалардың ең басты ерекшелігі – олардың негізінде ғылыми дәлел жатады. Аталған жүйе осы талапқа толық сай. Мұндай стартаптарды дамытуда экожүйенің де рөлі маңызды. Бұл ретте «Astana Hub» алаңы жас стартаптарға қолдау көрсетіп келеді.

«Astana Hub» бізге менторлық қолдау, сарапшылармен жұмыс істеу және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігін берді. Бұл жобаны идеядан нақты өнімге айналдыруда үлкен рөл атқарды. «CortexAI» – жай IT өнім емес, бұл «DeepTech» шешім. Біз генетика, медицина және жасанды интеллектіні біріктірдік. Мұндай өнім адамның өміріне тікелей әсер етеді», дейді Асылжан Абдуллаев.

Қазіргі таңда «CortexAI» қанатқақ­ты кезеңде. Дегенмен алғашқы нәти­же­лердің өзі жаман емес. Жоба бола­шақта трансплантацияның сәтті өту ықтималдығын арттырып, асқыну қаупін азайтуға көмектесуі мүмкін.

Алдағы жоспар да ауқымды. «Біздің мақсат – «CortexAI»-ды халықаралық деңгейдегі медициналық стандартқа айналдыру. Елімізден бастап, кейін АҚШ пен Еуропа нарығына шығуды көздеп отырмыз», дейді жоба жетекшісі.

Осындай «DeepTech» бағытындағы жобалардың қатарын отандық биотехнология саласындағы бастамалар да толықтырып келеді. Солардың бірі – жас ғалым Азамат Арманұлы әзірлеген «Foldexa.bio» платформасы. Жоба тера­пиялық антиденелерді жасанды интеллект көмегімен жобалауға бағытталған. Әдетте мұндай зерттеулер бірнеше жылға созылып, қомақты қаржыны талап етеді. Ал «Foldexa» бұл үдерісті компьютерлік модельдеу арқылы бірнеше аптаға дейін қысқартады.

«Бұл идея менің магистратурада оқып жүрген кезімде пайда болды. Сол кезде антиденелерді әзірлеу үдерісінің тым ұзақ әрі қымбат екенін көріп, оны қалай жылдамдатуға болатынын ойладым. Кейін осы мәселені технология арқылы шешуге талпынып, «Foldexa» жобасы дүниеге келді», дейді стартап негізін қалаушы Азамат Арманұлы.

Платформа «цифрлық зертхана» қағидатымен жұмыс істейді. Яғни жүйе алдымен мыңдаған ықтимал молекуланы ЖИ арқылы модельдеп, кейін олардың құрылымдық сапасы мен тиімділігін компьютер ішінде тексереді. Соның нәтижесінде ең тиімді нұсқалар ғана зертханаға жіберіледі. Жоба авторының айтуынша, бұл тәсіл онкология және басқа да күрделі ауруларды емдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. «Foldexa» қызметі онлайн жүйе арқылы қолжетімді. Ғалымдар мен зерттеушілер осы платформа арқылы антиденелерді компьютерлік модельдеу мүмкіндігіне ие болады.

Жалпы, мұндай үрдіс жоғары оқу орындары базасында да байқалады. Былтыр Астанада тұңғыш рет өткен «Deeptech бәйге» байқауы соның айқын көрінісі. Nazarbayev University-де ұйымдастырылған бұл сайыста ғылыми зерттеулерге негізделген ондаған жоба ұсынылып, олардың қатарында медицина, өндіріс, агротехнология бағытындағы күрделі шешімдер болды.

Мұндай жобалардың пайда болуы елдегі ғылыми әлеуеттің біртіндеп нақты өнімге айналып келе жатқанын көрсетеді. Бұрын зертханалық деңгейде қалып қоятын көптеген идея енді нарыққа бағыт алып, қолданбалы сипатқа ие бола бас­тады. Бұл үрдіс жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың бизнеспен байланысының күшейгенін аңғартады. Яғни ғылым енді тек теориямен шектелмей, қоғамға тікелей қызмет ететін шешімдер ұсынуға бет бұрды. «DeepTech» бағытындағы бастамалар дәл осы өзгерістің айқын көрінісі болып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Ертіс өзенінде сең қозғалды

Табиғат • Бүгін, 09:45

Айдың арғы беті...

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:10

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:58