15 Тамыз, 2015

Өрісін тапқан өндіріс

1253 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

122 (31)

Бейнет түбі – зейнет. Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының жанындағы кәсіпкерлердің аймақтық кеңесінің мүшесі, әйгілі жаңаөзендік бизнесмен, «Жанарыс» тігін фабрикасының негізін қалаушы және тұрақты директоры Жаңбырбай Дәрменов бұл мақалдың ақиқат екендігіне өзінің өмірлік тәжірибесінде әлдеқашан көз жеткізген. Осы сенім оның тек мұнайшылар қаласының емес, бүкіл облыстың үздік кәсіпкері ретінде қалыптасуына септігін тигізді.

Жаңаөзен қалалық әкімдігінің жұмы­сының маңызды бағыт­тарының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау. Жеке бизнес біртіндеп елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінің барлық салаларына таралуда. Кәсіпкерлікті дамыту Мемлекет басшысының қолдауында. Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан хал­қына Жолдауында «микрокредиттік ұйымдардың жұмысын, соның ішінде мемлекет қаражатының есебінен қолдау міндетін алға тартты. Жаңаөзенде Қазақстан Прези­денті алға қойған, басымдықтарға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта қалада шағын және орта бизнестің бес мыңға жуық субъектілері тіркелген. Сауда, қызмет көрсету саласында және тағы басқаларында 50 пайызға жуық еңбекке қабілетті халық кәсіпкерлік қызметпен айналысады. «Дамыған кәсіпкерлік сектор – бұл кез келген ел экономикасының негізі», деп атап көрсетілген Президент Жолдауында. Жаңаөзенде кәсіпкерлік құрылымда белсенді жұмыс істейтіндер санының жыл сайын ұлғайып келе жатқандығын, жұмыссыздар санының кеміп келе жат­қандығын айта кету керек. Әлеуметтік мәселелерді шешуде орта және шағын бизнес белсенді қатысады. Міне, бірне­ше жыл­дардан бері Жаңаөзен қала­­сының инфрақұрылымын қайта жаңғырту және дамыту жөніндегі Үкі­мет бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұған қатысты жұмыстардың негізгі көлемін жергілікті кәсіпкерлер орындайды. Олардың міндетіне ескірген инженерлік коммуникацияларды айырбастау және қайта құрылатын шағын аудандарда жаңа желілер салу кіреді. Қаланың алғашқы жеке кәсіпорындарының бірі – «Жанарыс» тігін фабрикасының да бизнесі жемісті дамып келе жатыр. Жаңа жұмыс орындарын құра отырып, ол өзінің мұнай компанияларының қатарындағы тұрақты серіктестерінің тапсырыстарын адал орындап келеді. Бірнеше жыл бұрын «Жанарыс» ЖШС болып құрылған, Жаңаөзен тігін фабрикасы тапсырыстардың болмауына байланысты банкроттыққа дейін жеткен болатын. Фабриканы сәтсіздікке толы күндер күтіп тұрды. Алайда өз қаласының шынайы патриоты, бизнесмен, қалалық мәслихат депутаты Жаңбырбай Дәрменов оған жол берген жоқ. Ол фабриканы қайтадан қалпына келтіруге көп күш жұмсады. Зор қаражат салынды. Бірақ шығындар текке кеткен жоқ. Біртіндеп тігіншілер, маман-механиктер, үлгілеушілер қайтып келе бастады. Құрал-жабдықтар жаңғыртылды, алыс-жақын шетелдер фирмаларының жылдамдығы жоғары тігін машиналары сатып алынды. Міне, қазір фабрика «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы мұнайшыларының ғана емес, сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қара­жан­басмұнай» АҚ, «Бұрғылау» ЖШС, «Жөн­деу» ЖШС, «КРУЗ» ЖШС, «ТрубРемЦентр», ЖШС, «Каспий маңы ма­шина жасау кешені» ЖШС, «Ақтау шыны-­талшық­ты құбырлар зауыты» ЖШС, «Өзен­жылу» МКК, «Тазалық» МКК және тағы басқаларының да тапсырыстарын орындайды және республиканың Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарын жұмысқа кие­тін арнайы киіммен қамтамасыз етеді. Мұнайшылар үшін күртелер, жазғы және қысқы жартылай комбинезон­дар, шал­барлар, қолғаптар тігеді. Отын-энер­гетикалық кешеннің қызмет­кер­­лері­не арналған жаңа форма сүңгуір­шілер­ге арналған киім су мен мұнайды жұқ­тыр­майтын арнайы материалдан дайын­­далады. Маңғышлақтың қатаң климат­тық жағдайларында жұмыс істей­тін мұнайшылар үшін мұндай киім ыңғайлы. Аяғына нық тұрғаннан кейін, тігін кәсіпорнының қызметкерлері түрлі ұсақ Жаңаөзен фирмаларынан тапсырыс­тар қабылдай бастады. Ақтау шыны-талшықты құбырлар зауыты, Каспий маңы машина жасау кешені басшылары берген тапсырыстар үлкен демеу болды. Алайда, бұрынғысынша негізгі тапсырыс берушілер әлі де мұнайшылар болып қалды. Осыған байланысты фабрика қызметкерлері ертеңгі күнге деген сенімділікке ие болды. Жаңбырбай Дәрменов Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай кентінде жұмысшы отбасында туған. Еңбек қызметін 1980 жылы Жамбыл тігін фабрикасында жүк тиеушіден бастаған. 1987 жылы Жамбылдағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын аяқтағаннан кейін Новоузенка нан зауытына бригадир болып қабылданған, содан кейін зауыттың жөндеу бойынша шебері, бас механик және бас инженерлік қызметтер атқарған. Тігін фабрикасы 1989 жылы құрылды. 1996 жылы ол «Жанарыс» ЖШС-ін құрды. Содан бері өндіріс көлемі 20 есеге дейін ұлғайды, құрам саны 5 есеге өсті. Кәсіпкер әлеуметтік салаға, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі шараларға зор көңіл бөледі. Мысалы, кәсіпорын ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары балл алғаны үшін мұнайшылар қаласының ең озат түлегіне берілетін 1000 еуро көлемінде грант белгілеген. Фабрика аумағында тігін фабри­касының қызметкерлері үшін 100 орындық балалар бақшасы ашылған. Жаңбырбай Тәжіғұлұлының басшылығымен әлеу­меттік көмек орталығының жолдамасы бойынша 150-ден астам адам қайта оқытылған және жұмысқа орнала­стырылған, олардың көпшілігі алыс және жақын шетелден келген оралмандар. Ол қоғамдық өмірге белсене атсалысады және өнер, білім және спорт салаларына тұрақты қолдау көрсетеді. Көп жылдардан бері мектепті жоғары балмен аяқтаған, түлектерге демеушілік қолдау көрсетіп келеді. «Жанарыс» ЖШС табиғи, синте­тикалық, вискозалық және жартылай эфирлі маталардан дайындалған, тігін бұйымдарының саналуан ассортиментін ұсына алады. – Жыл өткен сайын тапсырыс беру­шілер саны ұлғайып келе жатыр. Фабрика қызметкерлері кез келген тапсырысты орындай алатындықтарына сенімді әрі бұл істе оларға өздерінің мол тәжірибесі, заманауи жабдық көмектеседі. Қазіргі таңда өндіріс аяқталған технологиялық циклі бар 5 ағыннан құралған,– дейді кәсіпорын басшысы Жаңбырбай Тәжіғұлұлы. Директор тігін фабрикасында тек мұнай­шыларға емес, сондай-ақ, денсау­лық сақтау қызметкерлері үшін де сапалы киім, әскерилер мен құқық қорғау органдары үшін нысанды киімдер де шығарылатындығын атап өтті. Фабрика өнімі сертификатталған. Үнемі жаңа жұмыс орындары құрылып отырады. – Қазіргі таңда Жаңөзен қаласындағы «Жаңарыс» тігін фабрикасы Маңғыстау облысында жеңіл өнеркәсіп саласындағы ең ірі кәсіпорын болып есептеледі. «Жанарыс» ЖШС бірнеше жылдардан бері тігін бұйымдарының 3 мыңнан астам түрін әзірлеумен, дайындаумен және өткізумен сәтті айналысып ке­леді. Негізінен біз май жұқтырмайтын, су жұқтырмайтын, отқа төзімді және термиялық тұрақты материалдарды пайдаланамыз. Маталардың антистатикалық қасиеттері бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндайлар шығарылмайды. Бұл маталарды негізінен Ресей мен Бело­руссиядан алғызамыз. Кеден одағын құрумен байланысты маталарды кедендік әуре-сарсаңсыз алу өте жеңілдей бастады, – дейді кәсіпкер. – Өндірілетін өнімдердің бар­лы­ғы сертификатталған және ГОСТ талап­тарына сәйкес келеді, кәсіп­орын­да халықаралық сертификация ISO 9001:2000 сәтті енгізілген. Тех­но­ло­гиялық желілер жапондық «Брайзер», «Джуки» фирмаларының, германия­лық «Текстима», «Дюркооп-Адлер» фирмаларының, «Орша» Ресей зауытының озық жоғары жылдамдықтағы техникасымен жабдықталған. Кәсіпорын бұйымға логотип қондыруға арналған кесте тігетін машиналармен жарақталған. – Мұнай-газ саласындағы кәсіп­орын­дар, құрылыс компаниялары және ден­саулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету ұйымдары мен мекемелер арнайы киімге үнемі сұраныс жасайды. Соңғы жылдары тапсырыс көлемінің тұрақты өсу үрдісі байқалады, осыған орай тігін фабрикасы қызметкерлерінің саны 2013 жылы 416 адамнан 2014 жылы 447-ге дейін өсті. Сонымен қатар, жақында Жетібай ауылында 200 жұмыс орнына есептелген фабрика филиалы ашылды. Бұл жерде тігін цехы және арнайы киімдерді химиялық тазалау цехы құрылған. Жаңа цех ашылғандықтан, бұл жерде енді жыл сайын 5500 жұмысшылар киімі, 24 мың қолғап және 2200 бірлік басқа өнімдер шығарылатын болады. 62 жұмыс орны құрылған, соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 25 қызметкер оқытылды және жұмысқа орналастырылды, – деп атап өтті ол. Жаңбырбай Дәрменовтің басшы­лы­ғымен «Жанарыс» ЖШС-нің «Аймақтың ең жақсы тауарлары» конкурсының бірнеше дүркін жеңімпазы болғандығын, «Қазақстанның ең жақсы тауарлары», «Табыс», «Нұр Отан», «Алтын сапа» көр­мелерінің дипломдарын ием­денгендігін атап өту керек. Қазіргі таңда Ж.Дәрменов технологияны дамытумен және фабриканы Жапония және Германия фирмаларының озық техникаларымен қамтамасыз етумен айналысуда, қаланы өнеркәсіптік тауарлармен қамтамасыз ету бойынша дағдарысқа қарсы бағдарламаларды іске асыруда, жаңа жұмыс орындарын құруға және тігін өндірісінің бәсекеге қабілетті тауарларын жасауға ықпал ету жолында жемісті еңбек атқаруда.

122 (20) Асыл Бектасов.

Маңғыстау облысы.