14 Мамыр, 2015

Уақыт перзенті

615 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әр қаламгер – жеке әлем. Олардың қалам қуаты да, кісілік келбеті де әралуан. Даңғаза атақ пен даурықпаны құлқы сүймейтін Досан ағаны көркем де көрікті сөздің көнбіс шебері деуге болады.

egemen (8)

Мен жазушыны бала күнімнен білем. Мектепке барғанымда ауылдағы ел оны «ақын» дейтін. Қазіргі «Ұлан» газетіне өлеңдері шығатын. Біз іздеп жүріп оқитын едік. 1957 жылғы одақтық өнер фестивалінде көрнекті композитор, досы Әсет Бейсеуов оның «Жетісу» газетінде жарық көрген «Туған жер» деген өлеңіне ән жазды. Белгілі сазгер, ұстаз Ибрагим Нүсіпбаевтың дирижерлігімен орталық стадионда сол әнді Алматы қалалық балалар хоры орындағанда төбеміз көкке жеткендей қуандық. Бұл ән Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы тұр. Ол өлеңдер жинағын оқырмандарға ұсынбаса да Әсет Бейсеуов оның сөзіне «Абайдың елі», «Жамбыл ақын мәңгілік» әндерін шығарды. Ол туындыларды КСРО халық әртісі Ермек Серкебаев, Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаттары Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова орындап жұртқа жеткізді. Жалпы, осындай 15 әні Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Бұл оның өнерге қосқан үлесі деп білеміз. Журналистік қызмет пен қаламгерлікті қатар алып жүрген Досан Жанбота шығармасын сезімге, ойға құрады. Адам жанындағы қалтарыстарды, көпшілік онша елей бермейтін қолаттарды іздейді. Қуанса да, мұңайса да, кейіпкерлері өмір шындығынан алшақтамайды. Балалық бал дәурені Ұлы Отан соғысына тап келген ұрпақтың өмірбаяны қабырғасы қатаймай, белі бекімей жатып ойыннан гөрі ой баққан жетім өксігінің, жесірдің көз жасының куәсі десе болар. Жадаулық пен жоқшылықтың азабын көбірек тартса да олар көнбістікпен қанағатқа қарын тойғызған, тайқы тағдырмен тақасып, қандай сын сәтте де сенімін өлтірмеген, заманның көшін өрге сүйресем деп құлшынған, қанша сүрінсе де, тізе бүгуге намыстанған рухы үстем, жігері жасампаз жандар еді. Әр адам – уақыт перзенті. Досан ағаны: «Оқысам, білсем, халқымның бір кәдесіне жарасам», деген таудай талап жақсылармен жанастырды. Солардың бәрінен сабақ алды. Халық деген алыпты тану, оның қазынасы мен қайнарына сусындау ең басты мұраты болды. Досан Жанбота кейіпкерлері – тағдыр талайындағы қилы кезеңдерде азаматтығы мен адамгершілігіне қылау түсірмей: «Жаным – арымның садағасы», деп күрестен тосылып қалуды намыс көретін, керісінше, құлшынып, қайткенде де жақсылық жасауға ұмтылатын қайсар да иманжүзді жандар. «Дала оттарындағы» Жарқын, «Асу да асу бел еді-дегі», Сейпіл, Айса, «Жаңғырықтағы» Бақы, Қыдырбек, «Жер жылуындағы» Асан, Жүніс – табанды да ақжүрек азаматтар. Жазушы кейіпкерлері арқылы өзінің де жансарайын ұсынып, көзге көрінбейтін сыралғы әңгімешідей, оқырманын өмірге құлшындырып, болашаққа жетелеп отырады. Автор кейіпкерлерімен бірге мұңайып, бірге қайғырады, қуанышын да тең бөліседі. Досан аға шығармаларындағы кең тыныстылық, ой буырқаныстары, жанды қимыл, жерасты суларындай тепсінген өмір ағысы суреткерлік нанымдылығымен сүйсіндіріп отырады. Әрдайым идея мен көркемдік шешімді темірқазық етіп алады. Досан Жанбота КазМУ-ды бітірісімен, Қазақ телерадио комитетінде «Құрдастар» редакциясында белгілі журналист, комментатор, өмірден ерте өткен досы Совет Мазғұтовтың жетекшілігімен ақын Дүйсенбек Қанатбаев, жазушы Жарылқасын Нұсқабаев үшеуі журналистік еңбек жолын бастады. Тегінде, журналист қай заман да болса да, уақыттан озып жүруі керек. Осы тұрғыдан келгенде ол бұл үдеден шыққан қаламгер. Д.Жанботаның «Жер иесі» романы Жер-ананың жоғын жоқтайды, мұңын мұңдайды. Бұл романда жағымды, жағымсыз дейтін кейіпкер жоқ. Алматының жанындағы Қарағайлы деген бұлбұл құсы сайраған, алма бағы жайнаған елді мекенде тұратын зейнеткер Жаныс қарияның көзімен көргені, көңіліне түйгені баяндалады. Роман ақын Олжас Сүлейменовтің төмендегі өлеңін маңдайсөз етіп алған. «Біреу болса Өзі сол бір еркектің Деп жүруші ем тіреуіндей Жер көктің Талқан болдың, Ашуландың ол ашу аз дегендей, Төбетімді бір тептің Саған босқа ұсыныппын төрімді, Ит ит емес Сен ит болдың, жеріндім. Менің отты, менің кекті көзіме Содан басқа қорқау болып Көріндің». Романда барынан айырылған, ынтымағы жараспаған оған кім, не кінәлі дегенді іздеген, бір-ақ таппаған ауыл қазағының тіршілігі көрініс тапқан. Досан Жанбота – өзінен кейінгі белді қаламгерлердің жолын ашқан азамат. Олардың қатарында, Жүсіпбек Қорғасбек, Талғат Теменов, атажұртында отырған Өмір Кәріпұлы, тағы басқалар. Осы бір тұста, айта кетпеске болмайды, Досан Жанбо­таның ақындық қуаты да ерекше. Оған М.Мақатаевқа арнаған «Аяулы ағай» деген балладасы мысал болады. Бұның бәрі бүгінгі емес, әңгіме ғой кешегі, Алматының жазғы тұнық кеші еді. Биік-биік үйлердің керегесін күн қақтап, Бұрыштардан лүп етіп, салқын самал еседі, – дей келіп, ардақты ақын өмірінен мол мәлімет береді. Тағы бірде ол: «Каспий тұнық, тұп-тұнық-ау, тұп-тұнық, Ақжал толқын жас сәбидей еңбектейді бұлқынып. Аптап ыстық, күн түбіне сүңгіп кеткен теңіздің, Біз үшеуміз жаңа жеттік жұлқынып. Су бетінде дірілдейді суретім, Әсет сазгер ән шырқаған түнде, тың. Темірханның ақындығы бар қазаққа әйгілі Інілік те атқарып жүр міндетін», – деп Әсет Бейсеуов пен ақын Темірхан Медетбек бейнелерін өлең өрнегіне түсіреді. Жазушы еңбек жолын журналист болып бастаған дедік. Содан бері жарты ғасырдан асыпты. Осынша уақыт қазанында қайнап, шыңдалған. Қаламгер көптеген көрнекті қоғам қайраткерлерімен, ел құрметіне бөленген тұлғалармен кездескен. Бірге жүріп сыйласып, сырласып, сұхбат алған. Атап айтсақ, Дінмұхамед Ахметұлымен үш кездесуі – «Қайталанбас қас-қағым сәт» эссесі көркем әңгіменің жүгін көтеріп тұрса, халқымыздың қадірменді тұлғасы Асанбай Асқаров туралы толғанысы тәлім берер мазмұнды дүние. Ал атақты өнер тарланы Хакімжан Наурызбаевтың балалық шағын толғайтын «Тастармен сырласқанда» деректі повесінде, арманның алдамайтынын, ол үшін төзімділік, қажыр-қайрат керек екенін паш етсе, ең алғашқы режиссер, профессор Асқар Тоқпановтың ағалық та даналық қасиеті жайлы жазылған «Дүниенің тарын-ай» эссесі оның турашылдығы мен тапқырлығын танытады. Жазушы елу жыл жұбын жазбай дос болған композитор Әсет Бейсеуовтің өмір жолынан сыр шертетін «Сағындым, Әсет, өзіңді» деректі повесі де оқырмандарға талант табиғатын, оның бойындағы өнер құпиясын ашып береді. «Әпке», «Қайықшы», «Балапан ұшпай қалған жаз», т.б. көркем әңгімелері ой тереңдігімен, өзекті мәселелерді қамтуымен құнды. Жазушының ішкі ойы, көңіл-күйі әртүрлі өмір құбылыстарымен буырқанып, толғанып, бірде шалқыса, енді бірде күйзеледі. Ол келе-келе көркем дүниенің жемісін құрайды. Онда жақсылықтармен қатар, аяққа оралғы адам бойындағы жаман қылықтар, пендешілік іс-әрекеттер өріс алып, тұйықтан шығар жолды іздейді. Осындай өмірді боямасыз суреттеу Досан Жанботаның қаламына тән құбылыс. Повестері мен әңгімелерінен күрделі түйіндер мен күрмеулі мәселелерді молынан ұшырастырамыз. Онда ел тағдыры, тіл тағдыры, әлеуметтік ахуалдар сөз болады. Қанша жерден қиын болса да, күйректік танытпайды, қайта қайратқа үндейді. Атамекен табиғатының бауыры жөнсіз желеулермен тілініп, бағының таймауына алаңдап, экологиялық апаттың түп-тамыры рухани апатта, адамдардың тойымсыздығында екенін меңзейді. Адамгершілік, ар-иман тартысы талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп отырады. Кейіпкерлері қиындыққа қажымайтын табанды, қабілет-қарымы мол, ұлтжанды, ел үшін қызмет етсем деп құлшынады. Шындықты шашау шығармай, ақиқатты аласартпай төгілдіретін Досанның ой ағыстарының арнасы – шалқар. Заман шындығы мен кейіпкер өмірінің шындығы арасында алшақтық жоқ. Қамтыған тақырыптары да сан алуан. Көркем шындық өмір шындығынан алшақтамайды. Бүгінгі ақиқатпен шектелмейді, өткенге де оралып соғып, тарихтан тағылым алуға шақырады. Маңдайдан тер ағызбай, қулық-сұмдық, пасықтық, екіжүзділік, қаныпезерлік, сатқындық – осы сияқты жаман қылықтар арқылы жер-көкті ылаңдап жүрген жандар да кездеседі. ІІІығармада ондай ұсқынсыз кейіпкерлер жазасын алмай қалмайды. Ол шығармаларында тартыстар мен қоғамдық қайшылықтардың тосын қырларын ашуға, сол арқылы ой биіктігімен көрінуге талпынды. Адамдарды жеке бастың тіршілігі мен қоғамдық өмірінің диалектикалық байланысын бірлікте көрсете білді. Өмірдегі барша талас-тартыс, айқас дегендер адамдар көзқарасында, бағыты мен пиғылында, мінезінде деген тұжырым жасайды. Өзі суреттеген кезеңнің моральдық және әлеуметтік проблемалары, рухани тынысы, жетістіктері мен кемшіліктері көрініс табады. Бір аңғарғанымыз – Досан Жанбота қай тақырыпқа қалам тартса да, жүрегін толғанысқа түсірген, ойын ширықтырып, жанын мазалаған мәселелерге табан тірейді. Оқырманның талабы да, іздейтіні де осы емес пе? Жазушының шығармаларындағы көркем шындықтың бірқатары – өз көзімен көрген, жүрегінен өткізген өмір құбылыстары. Оның бізге жылы, етене көрінетіні – өзімізге таныс ауыл өмірі. Ол ауыл атты рухани қойманың қазынасын молынан қарпиды. Жазушы шығармаларының алтын арқауы – тазалық, қайырымдылық, адалдық, жалғандыққа бітіспес наразылық. Ол кез келген құбылыстың себеп-салдарын шындыққа сәйкес етіп көрсетуге ұмтылады. Оның қай шығармасы болмасын өрісті, өрелі ойларымен баурап алады. Адам жүрегін нұрлы шуаққа бөлейтін лирикалық жылы иірімдер қаламгер қаламына жиі ілігеді. Бұл оның табиғатының туа бітті нәзіктігін айқындайды. Адам баласының басынан кешетін шындықты ізгілік пен адамгершілік мұраты тұрғысынан безбендеуге күш салады. Көзге көрінбейтін кедергілердің арғы жағындағы себеп-салдардың түйінін меңзейді. Қоғамдағы қиғаштықтарға жаны ауырады. Шығармаларының негізгі діңгегі – ой. Ой болғанда да терең, шиыршық атқан, тегеурінді ой. Отбасынан басталып, Отан мүддесімен аяқталады. Өмірдің өзі ұсынған тақырыптарды қаузайды. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық мүдде, халықтық мұрат – оның шығармаларының берік тіні, кәусар бұлағы.

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.