Кез келген өркениетке ұмтылған, дамуды көздейтін мемлекетте, әрине, бірінші кезекте адам капиталының дамуына, оның ішінде ғылымның өрістеуіне ерекше мән беріледі. Ғылымы дамыған ел, әсіресе қолданбалы ғылымы дамыған ел, дамудың алдыңғы қатарына шығып, бәсекеге қабілеттіліктің де жоғары деңгейіне көтеріледі. Сондықтан да ғылымның стратегиялық маңызға ие екендігі осы жерден көрінеді.
Ғылым күні қарсаңында Президентіміздің өзі қатысқан салтанатты жиын өтті. Мемлекет басшысы бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырды, бірнеше жас ғалымға пәтер кілтін табыс етті. Сол мамандардың қатарында мен де «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болдым.
Қазіргі уақытта Мемлекеттік басқару академиясында «Өңірлік экономика» білім беру бағдарламасы бойынша дәріс оқимын. Өңірлік даму магистрлерінің бірнеше буынын даярлап шығардық.
Бұл академияның білім беру траекториясының ерекшелігі – профессор-оқытушылар құрамының жетпіс пайызға жуығы тәжірибеден келген, іс басында жүрген, мемлекеттік саясатты жүзеге асырып жүрген азаматтар. Сондықтан да бұл ең алдымен, жастарға, оның ішінде Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері саналатын жас ғалымдарға, сондай-ақ мен сияқты практик зерттеушілерге берілген жоғары баға, үлкен сенім әрі зор жауапкершілік деп есептеймін.
Айбол АРЫНҒАЗИНОВ,
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қауымдастырылған профессоры