Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталып, бала біткен керек-жарағын арқалап мектепті бетке алады. Осы орайда оқушының жоғын түгендейтін «Мектепке жол» акциясының басталғанына да біршама уақыт болды. Содан бері Қарағанды облысы бойынша жақсы шаруалардың басы қайырылды. Сондай шараның бірі «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатында өтті. Мұнда облыстық білім беру басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері бас қосып, қолы қысқа отбасыларының балаларына оқу құрал-жабдықтарын табыс етті.
Сонымен қатар, «Мұрагер» мектебінде «Мектепке жол» акциясының басты қаһармандары – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары ғана емес, есту қабілеті нашар және аяқ-қолдары кем балаларға да қайырымдылық көмектері көрсетілді. «Балаларға бәріміз көмектесейік!» деген ұранмен өткен бұл шара барысында балақайлар оқу құралдары мен сызғыш, қалам, бояу, қарындаш секілді керек-жараққа да қарық болды, түрлі жұмсақ ойыншықтарды да сыйға алды. Еліміз бойынша 1 тамыздан басталған «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұл игі шара жаңа оқу жылына әзірлік барысында балаларға материалдық көмек көрсету мақсатын көздейді. Жалпы, аталған акцияның берері мол. Қазіргі таңда бұл кезең аясында өтетін жаппай оқу бойынша айлықтар, «Еңбекпен қамту» және «Түнгі қаладағы балалар» рейдтері, көмек қабылдау бекеттерін ашу сынды оңды шаралар дәстүрге айналып үлгерді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді қатыстыра отырып төменгі бағамен кеңсе тауарларын сату үшін мектеп жанындағы жәрмеңкелерді ұйымдастыру ісі де кеңінен етек жайып келеді. Облыстық білім беру басқармасы жанынан тұрғындарға арналып жедел телефон желісі ұйымдастырылған. Сонымен қатар, білім басқармасының сайтында «Сіздің балаңыз мектепке дайын ба?» атты ақпараттық акция да басталды. Мұның өзі біздің өңір балаларының тағы да қандай мұқтаждықтары барлығын дер кезінде біліп отыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, жыл сайын Қарағанды облысындағы осы тақылеттес акцияларға аудандық, қалалық білім бөлімдері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар, кәсіпорындар және жекелеген меценаттар көптеп қатысады. Әсіресе, «Мектепке жол» акциясына Абай, Жаңаарқа, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра аудандары мен Қарағанды, Балқаш, Сәтбаев және Теміртау қалалары белсенді түрде ат-салысады. Жоғарыда аталған өңірлердегі педагогтар мен мектеп әкімшіліктері, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары акцияға көптеген демеушілерді тартып, соның нәтижесінде мұқтажы көп бірталай балаға көмек қолын соза алды. «Соңғы жылда акция аясында 25 мыңнан астам балаға көмек бере алдық. Биыл да мектепке дайындық мәселесіне қоғам назарын аударып, бірталай шаруаны тындыруды көздеп отырмыз», – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Бақытгүл Әдекенова. «Мектепке жол» акциясынан бөлек, биылғы жылдың тамыз айында «Болашақ» акциясы да бастау алған. Бұл игі бастама Мәжіліс депутаттарының мұрындық болуының арқасында өмірге келді. Акция аясында арнайы қамқорлыққа алынған балаларға арналған білім беру есепшоттары ашылған. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанованың айтуынша, аталған акция жыл соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ қарағандылық нұротандықтар «Бақытты балалық» жобасы аясында да белсенді түрде жұмыс істейді. Олар аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларды қоғамдық және мәдени өмірге араластырып, жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді. Акцияға қатысып, қысқа жібі күрмеуге келмейтін отбасылардың бабаларына көмек қолын созу – әрбір азаматтың жеке шаруасы. Кейінгі жылдары мұндай игі шараға қатысуға ниет білдіргендердің қатары молайып келеді. Қуанарлық, құптарлық үрдіс.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ. –––––––––––––––– Суретті түсірген Дмитрий Кузмичев.