14 Мамыр, 2015

Ажалдан аман қалған қыз

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13-05-2015 aktauТаяуда Ақтау қаласындағы көлік қозғалысы өте көп саналатын жолдардың бірі – «Ақтау» ойын-сауық және әмбебап сауда орталығы алдында күтпеген оқиға болды. Сол жерді кесіп өтіп, солға бұрылған көліктің жолаушылар жақ артқы есігі шалқасынан ашылып кетті де, ішінен кішкене бала жерге дүрс етіп құлады. Оның жолдың қақ ортасына қарай домалай жөнелгені көрсетілген бейнебаян әп-сәтте сайттарды «жарып» жіберді. Лезде көлікті тоқтатқан жүргізуші ер адам мен бұған дейін баланың жанында отырған әйел жүгіріп түсіп, жол ортасына қарай жанұшыра ұмтылды да қыз баланы көтеріп көліктеріне қайта салып алып, заулай жөнеледі. Осыдан соң-ақ олардың соңында келе жатқан көліктің бейнетіркеуішіне жазылып қалған оқиға туралы анық-қанығын біліп, тексеру жүргізуді құқық қорғау орындары өз мойындарына алған болатын. Кеше жұртшылықтың жағасын ұстатып қана қоймай, кішкене қыз баланың жағдайы қалай екен деген сұрақ мазалаған тұрғындар оқиғаның одан арғы мән-жайына қанықты. Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлікті басқарып отырған әкесі мен жанындағы анасы екі жасар қызды дереу ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер қыздың беті жырылғанмен, айтарлықтай ауыр жарақат алмағандығын, яғни дені сап-сау екендігін айтқан. Ал «Жолаушылар тасымалдау ережелерін сақтамау» бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылған қыздың әкесіне – көліктің жүргізушісіне айыппұл салынған. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген осы екен. Әйтпесе, әншейінде көліктер бір-біріне иін тіресе сығылысып, үнемі абыр-сабыр болып жататын жол үсті сол сәтте көліктен бос жатты! Соңында келе жатқан машиналар да тоқтап үлгерген немесе оны қызыл бағдаршам «тежей» тұрған. Ақтаулық қыз бала бір ажалдан осылай аман қалды, бірақ бұл жолаушылар, әсіресе, бала тасымалдау кезіндегі жүргізушілердің жауапкершілігі мен мұқияттылығын қатаң сақтауға сабақ болса жақсы...

Маңғыстау облысы.