Осы мерейтойға орай елімізде алғаш рет «National Geographic Qazaqstan» елшілерін жариялауға арналған ашық кездесу өтті. Жиында сөз алған «Kazmedia holding» компаниясының басқарушы директоры – «National Geographic Qazaqstan» журналының бас редакторы Айбын Шағалақ елшілер көп кандидаттың ішінен іріктеліп алынғанын атап өтті. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрын, ақпан айында «National Geographic Qazaqstan» журналының алғашқы саны шыққан. Содан бері басылым елімізде қазақ тілінде тұрақты түрде таралып келеді. Бұл – әлемге танымал бренд. Қазақ тілі «National Geographic» «отбасының» 38-тілі ретінде қосылды. Бүгінде журнал әлемнің 60-тан аса елінде жарық көреді, ал ТМД аумағында тек елімізде ғана шығады.
«Журналдың жаһандық миссиясы – әлемнің ғажайыптарын таныту арқылы табиғатты қорғауға, планетамызды сақтауға адамдарды жұмылдыру. Ал Қазақстандағы миссиямыз – әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулерді қазақтілді оқырманға ана тілінде жеткізу. Он жыл ішінде біз тек журнал шығарумен шектелмей, ағартушылық бағытта да жұмыс істеп келеміз. Іс-шара – журналдың 10 жылдығына арналған алғашқы жобалардың бірі. Бұл жобаның тарихы 1888 жылдан басталады. Сол кезде АҚШ-та 33 ғалым бірігіп, бүгінгі «National Geographic» журналын құрған. Қазір осы дәстүр жалғасып, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген адамдар марапатталып келеді. Олардың қатарында Харрисон Форд сияқты танымал тұлғалар, ғалымдар, экологтер бар. Біз осы идеядан шабыт алып, еліміздегі қоғамға үлес қосып жүрген азаматтарды анықтадық. Әртүрлі саладан табиғатты қорғау, қайырымдылық, әлеуметтік мәселелермен айналысып жүрген адамдардың тізімін ұсындық. Нәтижесінде, халықаралық сарапшылар екі адамды таңдады», дейді А.Шағалақ.
Көптің ішінен суырылып шыққан екеудің біріншісі – Каспий итбалығын қорғаумен айналысып жүрген эколог Әсел Тасмағамбетова. Екіншісі – есту және сөйлеу қабілеті шектеулі адамдарға арналған қазақша ым-ишара тілін дамыту жобасын жүзеге асырып жүрген Нұрзада Амангелді.
Н.Амангелді «Естімейтін пайдаланушылар үшін қазақ ым тіліндегі веб-ресурстардың виртуалды аудармашысын әзірлеу» және «Қазақ ым тілін автоматты түрде сурдоаудармалаудың жаңа үлгілері мен әдістерін әзірлеу» жобаларының жетекшісі. Бұл жобаларды табысты жүзеге асыру арқылы ол инклюзивті инновациялар саласының дамуына елеулі үлес қосты.
Марапаттаудан соң модератор А.Шағалақ екі елшінің жұмыстарын қысқаша айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, осыдан 14 жыл бұрын Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтын құрды. Содан соң Каспий итбалықтарының популяциясын кешенді зерттеу бағдарламасын әзірлеп, Каспий теңізіне алғашқы халықаралық экспедиция ұйымдастырып, Қазақстанда алғашқы Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығын құрды. Қазір институт бірқатар бағытты қамтитын маңызды жобалармен айналысады.
Өз сөзінде осы институт жұмыстарын кеңінен таныстырған Ә.Тасмағамбетова жиналған жұртты Каспий теңізінің күрделі жағдайына назарын аударды. «Көпшілік Каспийді өзгермейтін, тұрақты теңіз ретінде қабылдайды. Алайда бұл кейінгі жылдары біз оның көз алдымызда қалай өзгеріп жатқанын анық көріп отырмыз. Егер су деңгейі әрі қарай төмендей берсе, Каспийдің бірегей аумақтары жойылуы мүмкін. Ең алаңдатарлығы – бұл өзгерістер жай ғана табиғи үдеріс емес, олар өте жылдам жүріп жатыр. Ал негізгі себептердің бірі – климаттың өзгеруі. Мұның нақты салдары бар, соның бірі – су деңгейінің төмендеуі мен экожүйенің бұзылуы. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, Каспий кей бөліктерінің тартылып қалу қаупі бар. Сондықтан ғалымдар қазір теңіздің болашағына қатысты түрлі сценарийлерді қарастырып отыр», дейді Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының құрылтайшысы Ә.Тасмағамбетова.
Спикердің сөзіне сүйенсек, институт зерттеумен шектелмей, нақты практикалық шешімдерді ұсынып келеді. Соның ішінде 2019 жылдан бастап итбалықтарды зерттеу және қорғау – негізгі ғылыми жобаларының бірі. Мұнда бақылаумен шектелмей, оларды құтқару, емдеу, зерттеу жұмыстары да жүргізіледі.
Екінші «National Geographic Qazaqstan» елшісі атағын алған спикер Нұрзада Амангелді 2019 жылы докторантураға түскенде ым-ишара тілін тану тақырыбын таңдағанын, бәрі сол сәттен басталғанын айтты.
«Алғашында бұл ғылыми мәселе сияқты көрінді. Бірақ зерттей келе, оның үлкен әлеуметтік проблема екенін түсіндім. Алғашқы мақалаларымды жариялауға тырысқанда «тіл әлі стандартталмаған» деген себеппен кері қайтарды. Әрине, мұндай сәттер адамды тоқтатуы мүмкін. Бірақ керісінше, бұл мені алға жетеледі. Жалпы, кез келген нәтиже – табандылықтың жемісі. Қанша рет құласаң да, қайта тұра білу маңызды. Жұмысымызды өте қарапайым жағдайда бастадық. Қаражат та, қолдау да болмады. Бірақ қолымыздан келгенін жасай бердік. Бүгінде біз – 10-нан аса адамнан тұратын стартап-компаниямыз. Бірқатар ғылыми шешімдерімізді нақты өнімге айналдыра бастадық. Солардың бірі – балаларға арналған мультфильм жобасы. Әсіресе есту қабілеті шектеулі балаларға арналған танымдық контенттің жетіспейтінін көрдік. Сол олқылықтың орнын толтыруға тырыстық. Кейін интернаттардағы балалардың осы контентті қызыға қарағанын көрдік. Сонда жасаған жұмысымыздың босқа кетпегенін түсінесің», дейді ол.
Н.Амангелдінің айтуынша, шынайы импакт дегеніміз – еңбегіңнің қоғамға нақты өзгеріс әкелуі. 2020 жылдан бастап ым-ишара тілінің маңызын көтеріп келеді, нәтижесінде қазір бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қарастырыла бастады.
«National Geographic Qazaqstan» елшісі атағын алған екі спикер де сөз соңында аталған марапат ең алдымен жауапкершілік сезімін ұялататынын, бұл өз кезегінде отандық ғылымның дамуына, экономиканың өсуіне, қоғам өмірінің жақсаруына ғалым, маман ретінде үлес қосуға шабыттандыратынын атап өтті. Nazarbayev University-дің қолдауымен өткен іс-шара елшілер «National Geographic Qazaqstan» түсірген табиғат картинасын иеленумен жалғасып, соңы спикерлер мен қатысушылар арасындағы бейресми талқылаумен тәмамдалды.