Тергеу мәліметінше, ер адам 2024 жылдың қазан айынан 2025 жылдың тамызына дейін Арқалық кен орнындағы техногендік минералдық түзілімдерді алып, сақтап, өңдеп, кейін коммерциялық компания арқылы сатқан деген күдікке ілінген.
Алайда сот барысында бұл минералдық түзілімдердің ешбір ұйымның балансында болмағаны және экономикалық айналымда пайдаланылмағаны анықталды. Сондықтан оларды ұрлық нысаны ретінде қарастыру мүмкін емес деген қорытынды жасалды.
Сот сондай-ақ жер қойнауын пайдалану лицензиясының болмауы өздігінен заңсыз кәсіпкерлік қылмысын құрамайтынын атап өтті. Бұдан бөлек, айыптаушы тарап келтірген шығын көлемін есептеу әдісі де сынға ұшырады.
Нәтижесінде сот ер адамды барлық айыптар бойынша ақтап, оған заңсыз қылмыстық қудалау салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығын берді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.