01 Наурыз, 2015

«Астана» сырт алаңда «Автодорды» жеңді

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Автодор-Астана 01.03.2015 сурет 01 — копия АСТАНА. 1 наурыз. ВТБ лигасы аясында «Астана» баскетбол командасы сырт алаңда Саратовтың «Автодорын» 94:83 есебімен жеңді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ойынның алғашқы минутында «Астананың» көшбасшы ойыншысы Джерри Джонсон саусағын жарақаттап алды. Нәтижесінде, бас жаттықтырушы Рамунас Бутаутас ойын өрнегіне тактикалық өзгеріс енгізуге мәжбүр болды. «Автодордың» сенім артқан ойыншысы Кортни Фортсонды шәкірттері Анатолий Колесников пен Павел Ильинге тапсырып, алаң иелерінің басты үйлестірушісін тұсап қойды. Литвалық маманның бұл әрекеті өз жемісін беріп, «Астана» алғашқы екі кезеңде жеңіске жетті. Үлкен үзілістен кейін ширақ қимылдаған саратовтықтар есеп айырмасын айтарлықтай қысқартып, соңғы екі кезеңді өз пайдаларына аяқтады. Дегенмен, «Автодор» ойыншылары жеңілістен қашып құтыла алмады. Осы жеңісінен кейін «Астана» Лиганың плей-офф кезеңіне шығу үмітін сақтап қалды. Еврочеллендж турнирінде топтан шыға алмаған қазақстандық команда бүгінде бір ғана халықаралық сайыста бақ сынауда. Сондықтан, Бутаутас бапкер ВТБ лигасында жақсы нәтиже көрсету үшін бар күш-жігерін салары анық. «Астана» әзірге турнир кестесінің 10-сатысында келеді. Ал плей-офф кезеңіне үздік 8 команда шығатыны белгілі. «Автодор» бізден жеңілгеніне қарамастан, 7-орынға табан тіреп тұр. Осы тартыста ең көп ұпай жиған «Астана» командасының ойыншысы Джерри Джонсон. Ол 40 минуттың ішінде 22 ұпай жиып, 8 мәрте әріптестеріне нәтижелі пас шығарды. Ал «Автодор» сапынан ең көп ұпай Кирилл Фесенконың еншісіне жазылды. Фесенко ойын барысында 21 ұпайды өз атына жазған екен. «Астана» Лигадағы келесі ойынын 4 наурыз күні өз алаңында Самараның «Красные крылья» командасына қарсы өткізеді. Қос команда арасындағы кездесу «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтетіні белгілі. Айта кетейік, «Астана» бүгінге дейіе өте сүреңсіз ойнап келді. Соның нәтижесінде, команданың басшылары бас жаттықтырушыны алмастарып, Рамунас Бутаутас маманға сенім артты. Әзірге литвалық маманның нәтижесі жаман емес. Әсіресе, соңғы үш ойында қатарынан үш жеңіске жеткен баскетболшыларымыз жергілікті жанкүйерлердің алғысына бөленді. Осы ойынның алдында Лига аясында эстониялық «Калевтен» басым түскен болатын. Сондай-ақ, еврочеллендж турниріндегі биылғы маусым үшін соңғы ойында бельгиялық «Окапи Аллстарды» тізе бүктірді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: bcastana.kz.