Фото: Ашық дереккөз
Ktk.kz мәліметінше, қайғылы оқиға сенбі күні кешке Арыс қаласындағы көшелердің бірінде болған.
«JAC маркалы автокөліктің жүргізушісі алкогольдік масаң күйде бірнеше адамды қағып, кейін оқиға орнынан жасырынған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды» деп мәлімдеді облыстың полиция департаменті.
Екі ересек адам мен бір жарым жасар бала дәрігерлердің жіті қадағалауында. Бала жансақтау бөлімінде жатыр.
«1 жас 6 айлық бала жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда түсті. Оған мидың шайқалуы, оң жақ көкірек қуысының көптеген жабық сынығы, сол жақ сан сүйегінің жабық сынығы және травматикалық шок диагнозы қойылды. Сәбиді облыстық балалар ауруханасына ауыстырдық», делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.