Қазақстан • Бүгін, 17:43

Қытайлық инвесторлар БҚО-да жаңа зауыттар мен электр стансаларын салады

3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қытайлық инвесторлар БҚО-да жаңа зауыттар мен электр стансаларын салады

Тараптар өнеркәсіп, мұнай-газ, агроөнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты дамыту және инвестиция тарту мәселесін талқылады. Нариман Төреғалиев Ақжайық өңірінде инвестициялық ахуал жақсы екенін, қазірдің өзінде бірнеше Қытай инвесторының қатысуымен бірқатар ірі жоба жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Қ: Құттымұратұлы

Әкімнің айтуынша, облыста инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптасқан, шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен біз өңірдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартып, қызығушылық танытқан компанияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отырмыз. Қытайлық инвесторлармен бірлесіп, сұйық метанол, цемент зауыттары, газ турбиналы және жел электр стансаларын салу және өзге де маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз. Жұмыс орындарын ашамын, өндірісті дамытамын деген инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ бар», деді Нариман Төреғалиев.

Өз кезегінде Ван Синьвэй де Қазақстан мен Ляонин провинциясы арасындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты. Ляонин провинциясының губернаторы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік өңіраралық байланыстың дамуына серпін беріп отырғанын атап өтті.

«ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин екі ел бір-біріне сенім артатын стратегиялық серіктес екенін үнемі атап өтеді. Кейінгі жылдары Ляонин өлкесі мен Қазақстан арасындағы байланыс беки түсті. Былтыр екіжақты сауда айналымы 2,7 миллиард юаньға жетті. Сіздердің Халықаралық бауырлас қалалар форумына келуіңіз ортақ мақсат жолындағы шынайы ықыласты білдіреді», деді Ван Синьвэй.

Айтқандай, Батыс Қазақстан облысының делегациясының сапары Халықаралық бауырлас қалалар форумымен тұспа-тұс келді. Делегация құрамында мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтардың, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жол саласының өкілдері бар.

Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі: Экономикалық логика және жеке капиталдың рөлі

Қ. Құттымұратұлы

Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев бұл форум өңіраралық серіктестікті нығайтуға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға жол ашатынын айтты.

«Біз Ляонин бауырлас және ынтымақтас өңірімен серіктестікті тереңдету мақсатында осы ірі форумға қатысып отырмыз. Делегация құрамында 24 адам бар, олардың ішінде ірі кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жол саласының өкілдері бар. Сондай-ақ, аудан әкімі, басқарма басшылары және әкімнің орынбасарлары қатысып отыр. Біздің басты міндетіміз – инвестиция тарту, екі өңір арасындағы экономикалық көпірді нығайту. Форум аясында біз бауырластық байланысты күшейтіп, меморандумдарға қол қоюға ниеттіміз. Сонымен бірге, Синьчжоу және Орал қалалары арасында жалпы ынтымақтастық бағытында сауда, мәдениет, спорт, білім және денсаулық сақтау бағытында маңызды жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз», деді Нұржан Өтепбаев.

Ел экономикасына 3,5 трлн теңге инвестиция салынды

Кездесу қорытындысында тараптар өндірістік кооперацияны дамытуға, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейтуге өзара қызығушылық білдірді.

Соңғы жаңалықтар