Маман • Бүгін, 08:23

Атбасардың ардақты азаматы

4 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Атбасар ауданының Құрметті азаматы Бауыржан Айтбайұлы Ділдәбеков биыл 80 жасқа толып отыр. Адам ғұмырының ұзақтығы жыл санымен емес, артында қалдырған ізімен өлшенсе керек. Осы тұрғыдан алғанда, Бауыржан Айтбайұлының өмір жолы – туған елге адал қызмет етудің, мамандыққа деген беріктіктің, азаматтық ұстанымның жарқын үлгісі.

Атбасардың ардақты азаматы

Бауыржан ағамен әңгімелесе қалсаңыз, бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің келбетін көргендей әсер аласыз. Оның өмі­рінде қуанышы да, қиындығы да аз болмаған. Бірақ қандай ке­зең­де де сабыр мен парасатты серік етіп, маң­дайына жазылған міндет­тен таймаған жан екені бірден аңғарылады.

Бауыржан Айтбайұлы Қарқа­ра­лыдағы орта мектепті алтын ме­даль­мен бітірді. Бұл – оның білімге деген құштарлығы мен табандылығы­ның алғашқы жемісі еді. Әрине, мұн­дай қасиеттердің қалыптасуына отбасының әсері зор болды.

Әкесі Айтбай Ділдәбеков пен анасы Несіпбала ұстаздықты өмір­лік мұрат еткен, ел құрметіне бө­ленген жандар болатын. Әсіресе әкесі Айтбайдың тағдыры көп­ші­лікке өнеге боларлықтай. Жаста­йынан жетім қалып, балалар үйін­де тәрбиеленсе де, тағдырдың тауқы­ме­тіне мойымай білім алды. 1937 жылы Қарқаралы орта мектебін тәмамдаған санаулы түлектің бірі болды. Жоғары сыныпта оқып жүр­ген кезінде-ақ сауатсыздықты жою курстарында сабақ беріп, ел ішіндегі ағартушылық іске араласты.

Кейін әскери училищелерді үздік бітіріп, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары мен одан кейінгі кезеңде кеңес армиясының жауап­ты қызметтерінде болды. Соғыстан кейін әскери қызметте қалуға мүм­кіндігі бола тұра, туған еліне ора­луды жөн көрді. Семейдегі педа­гогикалық институтты аяқтап, бар ғұ­мырын ұстаздыққа  арнады. Ауыл мектептерін басқарды, қиын кезеңдерде білім ошақтарының еңсесін тіктеуге аянбай еңбек етті. Осындай еңбекқорлық пен жа­уапкершілік қасиеттер әке тәр­бие­сі арқылы Бауыржанның бо­йына да дарыды.

1972 жылы жас дәрігер Атбасар аудандық ауруханасында еңбек жолын бастады. Аз уақыт ішінде кәсіби біліктілігімен танылып, кейін Атбасар теміржол ауруханасының бас дәрігері қызметіне көтерілді. Ұзақ жыл бойы үлкен ұжымды басқарып қана қоймай, дәрігерлік антына адал болып, мыңдаған адам­ның алғысына бөленді.

Әсіресе туберкулезге қарсы кү­рес саласындағы еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Оның бас­шы­­лы­ғымен Атбасардағы туберкулез ауруханасының жұмысы жолға қойылып, аудан көлемінде ауру­дың таралуын төмендетуге бағыт­талған маңызды шаралар жүзеге асырылды. Бұл жылдар оның ұйымдас­тыру­шы­лық қабілетін де, адам жанына деген жанашырлығын да айқын көрсетті.

Еңбек ешқашан елеусіз қал­майды. Бауыржан Айтбайұлы әр жылдары көптеген марапатқа ие болды. Дегенмен, оның ең үлкен марапаты халықтың ықыласы мен сенімі десек, артық айтқандық емес.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол ұлттық құндылықты жаңғырту ісінен де шет қалған жоқ. Атбасардағы Тіл және мәдениет қоғамының жұмысына белсене араласып, қазақ мектебінің, қазақ баспасөзінің, мектепке дейінгі мекемелердің ашылуына атсалысты. Бұл оның ел болашағына деген жанашыр көзқарасының айқын көрінісі еді.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Б.Ділдәбеков қоғамдық жұмысқа белсенді қатысады. Қос­шы қаласының Қоғамдық ке­ңесі құ­рамында еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып келеді. Ана тілін ардақтап, ұлт­тық өнерді насихаттауды да өмір­лік ұстанымдарының біріне айнал­дырған.

Бауыржан Айтбайұлы – дәрі­герлік қызметті де, азаматтық борышты да абыроймен атқарған тұлға. Ардақты азаматтың, абыройлы ақсақалдың өмір жолы – адал еңбек пен азаматтық жауап­кершіліктің тағылымды мектебі, еңбек­қорлықтың, білімге ұмтылу­дың, туған елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай арда аза­маттардың өнегесі кейінгі буынға бағыт-бағдар болып қала берері сөзсіз.

 

Мұқамедқали БАЙМҰХАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:10

Жеті вагонды сүйреген жігіт

Рекорд • Бүгін, 09:05

Ертіс суы азайып барады

Мәселе • Бүгін, 08:50