03 Наурыз, 2015

Әлемді алаңдатқан мұнай бағасы

448 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Норвегия ғажайыбының ертеңі күңгірт норвегияСолтүстік теңізіндегі мол мұнай қоры Норвегияны әлемдегі ең гүлденген елдің біріне айналдырды. Соңғы уақыттағы мұнай бағасының күрт құлдырауы Солтүстік корольдік үшін ауыр соққы болып тиді. Дуалы ауыз сарапшылар мен саясаткерлер норвегиялық экономикалық «ғажайып» аяқталуға жақын екенін ескертеді. Иә, бүгінде гүлдену мен дамудың биік белесіне көтерілген Норвегия қырық жылдан бері Солтүстік теңізі мұнайынан мол нәпақа тауып келеді. Қара алтыннан түсетін орасан зор пайданың арқасында Норвегия корольдігі үнемі экономикалық даму биігінен көрінуде. Норвегиялықтардың тұрмыс дәрежесі әлемдегі ең жоғары деңгейге жеткен. Дүние жүзінде норвегиялықтардан көп табыс табатын ел кемде-кем. Бұл ел нағыз кемелденген социализм жағдайында өмір сүреді. Алайда, әр нәрсенің шегі болатыны сияқты, бұл елдегі «мәңгі» дамудың да шегі көріне бастағанға ұқсайды. Оған Солтүстік теңізіндегі норвегиялық платформалардағы мұнай өндіру көлемінің азаюы себеп болып отыр. Дүниені түгел қыспаққа алған соңғы қаржы-экономикалық дағдарыстардың бірде-біреуі бұл елдің экономикасына әсерін тигізген жоқ. Ал өткен жылдың соңындағы мұнай бағасының екі еседен артық құлдырау оқиғасы Норвегия экономикасына бірден салқынын тигізді. Елдің беделді мамандары мен сарапшылары күрделі кезеңнің басталғанын тілге тиек ете бастады. «Біз енді соңғы 10-15 жыл көлемінде ұдайы қол жеткізіп келе жатқан үлкен жетістіктерге жете алмас­пыз. Біз қазір көршілерімізбен бір қайыққа міндік», дейді норвегиялық Norges Bank атты банктің президенті Ойстейн Ольсен Financial Times газетіне берген сұхбатында. Норвегия қаржы министрі Сив Йенсен де енді елдің экономикасына соңғы 20 жыл көлемінде тұрақты құйылып келе жатқан қаржы көлемінің қысқаратынын айтады. Кейбір сарапшылар саясаткерлердің үрей туғызып жүргенін, Норвегия экономикасы үшін ешқандай дағдарыстың ізі де жоқ екендігін алға тартады. Eurostat дерегі бойынша, өткен жылы Батыс Еуропадағы ең ірі мұнай өндіруші елде мұнай өндіру көлемі 3 пайыз артқандығын атап көрсетеді. Бұл Ұлыбританияның көрсеткішінен де жоғары. Тіпті, мұнай бағасы екі есе төмендеген өткен жылдың төртінші тоқсанында Норвегия корольдігі экономикалық даму деңгейі бойынша кәрі құрлық елдері ішінде екінші орынды иеленді. Корольдіктегі жұмыссыздық көлемі әлемдегі ең төменгі деңгейде – 3,7 пайыз көлемінен аспайды. Норвегия үшін әлемдегі мұнай бағасының төмендеуі ізсіз кетпейтіні анық. Өйткені, қара алтын бұл елдің экспортының жартысынан астамын құрайды. Ал мұнай өнеркәсібіне салынатын инвестиция көлемі бүкіл экономикаға салынатын инвестиция көлемінің 20 пайызынан астам. Норвегия үшін ең басты проблема, мұнай бағасының төмендеуі мен мұнай өнеркәсібіне инвестиция салу көлемінің арту кезеңі тұспа-тұс келіп отыр. Word Mackenzie консалтингтік компаниясының болжамы бойынша, биылғы жылы мұнай саласына салынатын инвестиция көлемі 18 миллиард долларға дейін азаятын көрінеді. 2015 жылы Норвегия ІЖӨ-сінің өсімі төмендеп, 1 пайыздық деңгейде ғана болмақ. Әрине, соңғы жылдары Норвегияның үкіметі қара алтын табысынан түсетін молшылықтың үнемі бола бермейтінін түсінді. Осыған орай, ел экономикасын реформалау үрдісін де бастады. Бірақ олар мұнай бағасының дәл осындай күрт төмендеуін күтпеген еді. Оның үстіне бұрынғы платформалардағы мұнай көлемі де сарқылып барады. Ал жаңа кен орындарын ашу үшін мол инвестиция қажет. Мұнай бағасы құлдыраған қазіргі кезеңде мұндай инвестиция табу да оңай емес. Солтүстік корольдігі үшін бүгінгі таңда ел экономикасын әртараптандыру кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Бұл салада да проблемалар баршылық. Әрине, соңғы кезде шамалы құнсыздана бастаған норвегиялық крона бизнесмендердің тынысын кеңейтетіні сөзсіз. Алайда, норвегиялықтардың жалақысы әлі күнге дейін АҚШ, Жапония және Ұлыбритания елдеріндегі жалақымен салыстырғанда екі есе жоғары. Ал еңбек өнімділігі төмен. Норвегияда көзге көрініп тұрған дағдарыс жоқ. Дегенмен, ел бюджетінің бүйірін томпайтатын мұнай қаржысының азайғандығы да барлық салаға салқынын тигізуде. «Түйені шайқалтатын дауыл тұрса, ешкіні аспаннан көр» дегендей, экономикасы әлсіз елдерге қарағанда, Норвегия корольдігінің дағдарыстан қинала қоятындай жағдайы жоқ. Бұл елдің мұнайдан түскен табыстан жинаған «қауіпсіздік қоры» әлемдегі ең жоғары деңгейде, сонымен бірге, елдің мемлекеттік инвестициялық қорында 870 миллиард доллар қаржы шоғырланған. Биыл мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты елдің экономикасына келетін кері әсерлердің бетін қайтару үшін осы қаржының 3 пайызы жұмсалмақ.

Опек бағаны төмендетуге мүдделі

OPEC PRODUCTION LEVELНигерияның мұнай министрі және ОПЕК президенті Диезами Алисон-Мадуэке картель жақын арада мұнай бағасы жөнінде төтенше жиналыс өткізуі мүмкін екенін мәлімдеді. The Financial Times газеті хабарлағанындай, ОПЕК президенті араб мемлекеттерінен басқа ұйымның барлық мүшелері мұнай бағасы құлдырап кеткен қазіргі кезеңде өте күрделі жағдайды басынан кешіп отырғанын атап көрсеткен. Оның айтуынша, егер мұнай бағасы одан әрі төмендейтін болса, ОПЕК алдағы алты аптаның ішінде төтенше мәжіліс шақыруға мәжбүр болмақ. «Біз қазірдің өзінде ұйымға мүше мемлекеттермен келіссөз жүргізіп жатырмыз», дейді Диезани Алисон-Мадуэке. Ол сонымен бірге, соңғы кезде биржада мұнай бағасының біршама өскенін, бірақ бұл уақытша құбылыс, көп кешікпей бағаның қайтадан төмен құлдырайтынын атап көрсетті. «Иә, Нигерия мұнай министрінің мәлімдемесі мұнай бағасының уақытша жоғарылауына себеп болды. Менің ойымша, бұл уақытша құбылыс. Жағдайды түзету үшін мұндай мәлімдеме Нигерия, Венесуэла немесе Ливия тарапынан емес, Парсы шығанағы мемлекеттерінің бірінен шығуы керек», дейді Strategic Energy & Economic Research компаниясының президенті Майкл Линч. Өткен жылдың күзінде өткен ОПЕК басқосуында бір ауызды шешім қабылданбады. Жетекші мұнай өндіруші мемлекеттердің басшылары мұнай өндіру көлемін одан әрі арттыру саясатын ұстануда. Біріккен Араб Әмірлігінің мұнай өнеркәсібі министрі Сухаиль Аль Мазури өткен жылдың соңында ОПЕК кезектен тыс мәжіліс шақырмайтындығын, мұнай баррелінің бағасы 40 доллардан түсіп кетсе де мұнай өндіру көлемінің төмендетілмейтіндігін атап көрсетті. Ал Сауд Арабиясының ханзадасы Аль-Валид ибн енді қандай шара қолданса да, мұнай баррелінің бағасы 100 долларлық межеге жет­пей­тіндігін айтады. Тіпті, The Financial Times газетінің сарапшылары мұнай баррелінің бағасы болашақта 20 дол­ларға дейін төмендейтінін айтады. Бұл ОПЕК тарапынан АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіру көлемін төмендетуге бағытталған шара болмақ. Ресей экономика институтының энергетикалық саясат бөлімінің мең­герушісі Владимир Волошиннің айтуынша, Нигерия, Венесуэла немесе Ливия сияқты мемлекеттердің бюджеті мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қиындық көріп отырғаны Сауд Арабиясы үшін мәселе емес. Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері сияқты ОПЕК-тің көшбасшылары АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндіруді төмендетіп, әлемдік рыноктағы өздерінің шешуші орындарын сақтап қалу үшін мұнай бағасын барынша төмендетуге мүдделі. «АҚШ-тағы барлық арзан мұнай рынокқа шығып, бұл елдегі «тақтатас төңкерісінің» беті қайтқан кезде ғана Таяу Шығыста мұнай өндіру көлемінің төмендегендігі, әлемдік мұнай бағасының көтерілетіндігі туралы әңгіме қозғауға болады. Ұйымның көшбасшы мемлекеттері әлемдік мұнай бағасын құлдырату арқылы АҚШ-тың әлемдік рыноктағы беделін төмендетпей тынбайды», дейді Владимир Волошин. Бұрынғы министр жауапқа тартылды Афинада Грекияның бұрынғы қаржы министрі Йоргос Папаконстантинге қарсы сот басталды. Ол министр кезінде қаржылық қитұрқылар жасағаны үшін айыпталуда. George PapaconstantinouАтап айтқанда, бұрынғы қаржы министрі қаржыларын шетелдердегі банктерге жасырған 2 мыңнан астам гректердің тізімін өзгерткен. Euronews агенттігінің мәлімдеуінше, грек байларының шетелдерге жасырған бұл қаржыдан ел бюджетіне ешқандай салық түспеген. 2010 жылы Француз Республикасының қаржы министрі болған, қазір Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард HSBC банкінің швейцариялық бөлімшесінде өз қаржыларын жасырған Грекия байларының тізімін жасаған болатын. Нақ осы тізім Грекия қаржы министрі Папаконстантинге тапсырылған екен. Бірақ ол бұл тізім бойынша ешқандай шара қолданбаған. Осыдан екі жыл өткеннен кейін, яғни 2012 жылы Грекия елінің БАҚ-тары салықтан қашып, өз қаржыларын шетелге жасырған байлардың тізімін жария етті. Осы тізім бойынша анықталғанындай, 2 мыңнан астам дәулетті гректер Швейцария банкінде 500 миллион еуроны сақтап келген. Міне, осы салық кикілжіңі елдегі қаржы дағдарысын одан әрі шиеленістіре түсті. «Қатаң үнемдеу» саясатын жүргізіп отырған үкіметке қарсы қоғамдық ұйымдардың наразылығы күшейді. Тексеріс барысында, прокуратура аталмыш тізімнен қаржы министрі Папаконстантиннің үш бірдей туысының үшті-күйлі жоғалып кеткенін анықтады. Ақыры Папаконстантин билік партиясы ПАСОК-тың құрамынан шығарылып, ісі сотқа тапсырылған болатын. Папаконстантин болса, өзіне таңылған айыпты мойындамайды. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».