Орталық коммуникациялар қызметінде «Самұрық-Энерго» АҚ-тың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы энергетика саласындағы жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде әңгімеледі.
Елімізде энергетика саласының даму үдерістері үнемі Мемлекет басшысының назарында екенін айтқан басқарма төрағасы «Самұрық-Энерго» АҚ-тың өткен жылы атқарған жұмыстарына тоқталды. Компания былтыр Индустрияландыру картасына енгізілген бірқатар ивестициялық жобаларды сәтті жүзеге асырыпты. «Екібастұз 1-МАЭС-те қуаты 500 МВт №2 энергия блогын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, ол стансаның қуатын 3500 МВт-ға дейін ұлғайттық. Алматы қаласында трансформациялық қуатын 332 МВА-ға арттыру арқылы Есентай, Алтай, Мамыр деген 3 бірдей қосалқы стансаның құрылысы нәтижелі аяқталды», деген ол алдағы уақытта іске асырылатын жобаларды таныстырып өтті.
Экономикада орын алған қазіргі жағдайға орай, компанияда үнем саясаты тыңғылықты жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл туралы, «Ағымдағы жылы инвестициялық бюджеттi 23 пайызға, яғни 28 млрд. 146 млн. теңгеге қысқартып отырмыз. Жалпы, әкiмшiлiк шығыстар 13 пайызға, ақшаға шаққанда 1 млрд. 807 млн. теңгеге оңтайландырдық. Барлығын қоса айтқанда, ағымдағы шығыстарды 10 млрд. 824 млн. теңгеге дейін қысқартуды жоспарладық», дейді А.Сәтқалиев.
Әйткенмен, инвестициялық бағдарламаларды оңтайландыру индустрияландырудың екiншi бесжылдығының iрi және маңызды жобалары мен «Нұрлы Жол» бағдарламасына және ЭКСПО-2017 нысандарына қатысты емес көрінеді. Осыны айтқан ол, шығыстарды оңтайландыру әлеуметтiк тұрақтылық деңгейiн қамтамасыз етуге кері әсерiн тигiзбейтiнiн жеткізді.
Компанияның табысты жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасалған. «Инвестициялық жобаларды табысты жүргiзуге, энергетика саласын дамытуға ел Үкiметi мен акционерiмiз «Самұрық-Қазына» қолдау көрсетiп отыр. Соның арқасында, «Самұрық-Энерго» 2014 жылы өндiрiс, электр энергиясын жеткiзу, көмiр өндiру бойынша жоспарлы көрсеткiштердi толық орындады», деген компания басшысы, экономикалық жағдайларға байланысты осы жылғы даму жоспарына өзгерiстер енгiзiлiгенін айтты. Сөйтіп, әкiмшiлiк шығыстар мен инвестициялық жобалардың қаржысы қысқарғанмен, жұмыс орындары толық дерлік сақталатынын тағы қайталады.
«Мемлекет басшысының Жолдауындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта құру мəселесі бойынша тапсырманы орындау үшін былтыр мүмкіндігі шектеулі 170 адамды жұмысқа орналастыруға квота белгіленді. Қазіргі кезде 182 адам жұмысқа тұрды», деді А.Сәтқалиев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».