Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Үкіметтің кеңейтілген отырысына арналған брифинг өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев, сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары Екатерина Никитинская, Светлана Қадыралиева, Нұрлан Жазылбеков, Алмас Тұртаев қатысты.
Азат Перуашев Мемлекет басшысының бастамасына орай қолға алынған «Нұрлы Жол» бағдарламасына қатысты өз ой-пайымымен бөлісті.
«Кейде, осы бағдарламаны бағалау кезінде кейбір сарапшылар түрлі пікірлер айтып жатады. Мәселен, біреулер бұл бағдарламаны маңызды деп санағанымен де, оған белгілі бір кезеңді ғана қамтитын бастама ретінде қараса, енді бір азаматтар бұл бағдарламаны өте толыққанды құжат ретінде көреді. Біз «Нұрлы Жол» бағдарламасына Елбасының тәуелсіздік алған жылдардан бүгінгі күнге дейін жүргізіп отырған саясатының кең ауқымды щеңберінде қарастырған жөн деп санаймыз. Егер Президенттің жыл сайынғы Жолдауын қалт жібермей, қадағалап отырсаңыз, мемлекетті мақсатты түрде дамыту жүйесі айқын көрінер еді. Демек, «Нұрлы Жол» – жаңарған, өркендеген, экономикасы тұрақты түрде дамыған мемлекеттің кең ауқымды, кешенді жүйесі көрініс тапқан құнды құжат. Онда бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған қаржылық дағдарысқа қарсы тұру, я болмаса, оның алдын алудың шаралары қамтылған. Сондықтан, Жаңа Экономикалық Саясаттың негізі саналатын нақты салаларға қатысты күн тәртібінде тұрған мәселелер «бір күндік мәселе» ретінде қарастырылмауы тиіс. Мұндай салалар жаңа заманның талабына сай, тұрақты және сапалы түрде дамып отыруы қажет», – деді А. Перуашев.
Осылай дей келе, ол республикалық бюджетті оңтайландыру жолында бірқатар шығындарды қысқартуға байланысты пікірін жеткізді. Ол үшін экономиканың нақты секторларына, оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетудің маңызын атап өтті. «Себебі, жеке кәсіпкерлікті дамыту, ең алдымен, ұлттық экономиканың импорттық өнімдерге деген тәуелділігін азайтады, сол арқылы инфляциялық, девальвациялық үдерістер қаупінің төнуін айтарлықтай деңгейде төмендетеді. Ал сыртқы сауда айналымындағы теңсіздік – инфляцияның, девальвацияның туындауына әсер ететін бірден-бір фактор. Мұндай қауіптердің алдын алудың ең бір тиімді жолдарының бірі – әртараптандырылған өндіруші экономиканың құрылуы, экспортқа бағытталған салаларды дамыту, отандық өндірушілердің тауарларымен ішкі тұтынушы нарықты жандандыру», – деді Мәжіліс депутаты.
Брифинг барысында Азат Перуашев Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық өндірушілерді қолдауға байланысты бірнеше маңызды міндетті жүзеге асыру жүктелгенін, олар: отандық тауарлар мен қызмет көрсету түрлерін сатып алу, Қазақстанда жасалған өнімдерді қолдау, «Қазақстанда жасалған» акциясы тетігін іске қосу екеніне тоқталды. «Әрине, бұл міндеттердің барлығы бизнес үшін өте өзекті. Кеңейтілген отырыстан кейін «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы бұл міндеттерді заң түрінде бекітуге қатысты депутаттық сауал жолдады», деді ол бұл ретте.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев сондай-ақ, спорт саласына бөлiнетiн бюджеттiк қаражаттың тиiмдi, мақсатты түрде жұмсалуы қажеттігіне де назар аударды. «Дүниежүзінде кәсiпқой футбол клубтары өз күндерiн өздерi көреді. Яғни, мектептер мен секцияларға бөлінуі тиiс қаражатты алып қоймайды, қайта балалар спортының дамуына қолдау танытады. Себебі, олар өз кәсiбiнiң нағыз мамандары. Бiзде де ондай спортшылар бар. Мәселен, Геннадий Головкин – мықты боксшы. Бюджеттен бір тиын да ақша алмайды, ұлттық компаниялардан қаржы сұрамайды. Бiрақ, бұл азаматты әлем бiледi, оның арқасында Қазақстан туы талай рет көкке көтерілді. Міне, бiз осындай адамдарды мақтан тұтамыз. Сол сияқты Қанат Ислам да өз iсiнiң шебері. Ешкiмнен ештеңе сұрамайды, шаршы алаңға Қазақстан туымен шығады», деді ол. Оның айтуынша, жақында жергілікті бюджеттердің игерілуіне қатысты мәліметтерге талдаулар мен сараптамалар жүргізілген. «Сонда біздің бір байқағанымыз, мәселен, күрес секциясына барлық өңірлер жергілікті бюджеттен 2015 жылы 3,1 млрд. теңге, боксқа – 1,5 млрд., ауыр атлетикаға – 487 млн. теңге бөліп отыр. Бірақ, қомақты қаражат, яғни, 14,6 млрд. теңге республикалық бюджетке оңтайландыру жүргізілгеннен кейін де футбол клубтарына бағытталмақ. Бұл нені көрсетеді? Бұл – Еуропа чемпионатының іріктеу тобында соңғы қатарда тұрған футболға жергілікті спорт басқармасының боксқа қарағанда, 10 есе көп мемлекет қаржат жұмсайтынын көрсетеді. Сондықтан, спорт саласына бөлінетін қаржының өз жөнімен жұмсалуын қадағалау қажет», – деді А.Перуашев.
Брифинг барысында депутаттар дағдарыстың алдын алуға қатысты әрбір іс-шараға айрықша мән берілу қажеттігіне тоқталды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».