03 Наурыз, 2015

Бағдарлама бақылауда болады

188 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елімізде баспаналы болу әлі де күрмеуі қиын күрделі әлеуметтік мәселе күйінде қалып отырғаны рас. Ал оны шешудің бірден-бір жолы – тиімді жүзеге асырылуы тиіс тұрғын үй бағдарламасы. Мұндай бағдарлама бүгінде біздің елде жүзеге асырылып жатыр. Ал оның нақты нәтижелері қандай, қалай жұмыс істеуде? Міне, бұл мәселені енді арнайы құрылған қоғамдық кеңес бақылауда ұстамақ. Тұрғын үй құрылысы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның орындалуын, яғни әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйлерді салу-сатуды қадағалайтын қоғамдық кеңестің кеше алғашқы отырысы өтті. Оған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті. Қоғамдық кеңес «Бәйтерек» ұлттық бас­қарушы холдингі бастамасымен құрылды. Нақтырақ айтқанда, кеңес мүше­лері тұрғындарға құрылыс қарқынын, бағдар­ламаға қатысуға тілек білдірушілердің тізімін, пәтерлердің әділ бөлінуін қадағалап, ұдайы хабарлап отыратын болады. Қоғамдық кеңеске Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева, Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, құрылыс компаниялары мен жеке инвес­торлар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, «Бәйтерек» ҰБХ басшылығы және оған тиесілі еншілес құрылымдар – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, сонымен қатар, Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев мүше. Кеше қоғамдық кеңестің алғашқы отырысына оның мүшелерінің барлығы қатысып, тұрғын үй бағдарламасы аясындағы түйткілді мәселелерді талқылады. Отырыста мәлім болғандай, елімізде алдағы бес жылда 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй, яғни 29 мың әлеуметтік жалға берілетін пәтер салу жоспарланған. Ағымдағы жылдың өзінде ғана 487 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салу көзделген. «Қазiргi уақытта Қазақстан бойынша, тұрғын үй-коммуналдық қорында 300 мың адам пәтер кезегiнде тұр. Олардың 130 мыңнан астамы – халықтың әлеуметтiк әлсiз топтары, 124 мыңы –бюджеттiк және мемлекеттiк қызметкерлер, 44 мыңы – жетiмдер. Бұл кезектiң саны ұлғайып келедi. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында құрылыс компаниялары салған 29 мыңнан астам пәтер сатып алынбақ. Арендалық пәтерлердiң 60 пайызы Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларында және 40 пайызы – облыс орталықтарында, моноқалаларда, ауылдық пункттерде орналасқан», деді Премьер-Министрдің бiрiншi орынбасары Б.Сағынтаев. Сондай-ақ, ол Елбасының тапсырмасына сәйкес, аймақтардың даму бағдарламаларына арендалық тұрғын үйлердiң құрылысы саласында тиiстi өзгерiстер енгiзiлгенін атап өтті. «Бағдарлама бойынша, шағын пәтерлерге басымдық берiледi. Осылайша, бiр бөлмелi пәтер – 33 шаршы метр, екi бөлмелi – 45 шаршы метр және үш бөлмелi пәтер 62 шаршы метрдi құрайтын болады. 50 шаршы метрдi құрайтын кейiн сатып алу құқығы бар арендалық пәтерге ай сайын 56 мыңға тарта теңге, сатып алу құқығы жоқ арендалық пәтерге ай сайын 28 мың теңге шығады», дедi бiрiншi вице-премьер. Оның атап өткенiндей, пәтерлердi беру барысында көпбалалы және толық емес отбасыларына, мүгедек балалары бар отбасыларына, оралмандарға, мемлекеттiк және бюджеттiк мекеме қызметкерлерiне басымдық берiледi. Сонымен қатар, пәтерлердiң 50 пайызы үйленгендерiне 3 жылдан кем емес, 35 жасқа дейiнгi жас отбасыларына үлестiрiледi. «Үкiметте аймақтармен бiрге жергiлiктi деңгейде жер телiмдерiн бөлу, коммуникацияны жүргiзу, бағдарламаның орындалу барысы, үмiткерлердi таңдаудағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бiз әрдайым селекторлық жиын өткiзiп отырамыз», деді Б. Сағынтаев. «Жыл соңына дейiн жалға беру мақсатында пәтерлердi сатып алу және құрылысын жүргiзу бойынша ай сайынғы жоспарлар жасалды. Наурызда алғашқы 1357 жалға берілетін пәтердi Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай және Семей қалаларында пайдалануға беремiз. «Бәйтерек» холдингi аталмыш пәтерлер бойынша келiсiмшарттар жасады және жергiлiктi органдарға пәтерлердiң мағлұматтарын жiбердi. Әкiмдiктер соған орай үмiткерлердiң қорытынды тiзiмiн жасап бiтуi тиiс. 20 наурыз және 1 сәуiр аралығында бiз 1357 пәтердi үлестiрiп бiтуiмiз керек», деп толықтырды ол. Биыл арендалық мақсатқа 78,7 млрд. теңгеге 4,7 мың шаршы метр болатын бар­лығы 9740 пәтер салынады және сатып алынады. Осы ретте «пәтерлердi үлестiрудегi ашықтықты қамтамасыз етуде бiздiң қоғамдық кеңестiң рөлi орасан зор», деп атап өттi Б.Сағынтаев. Ал Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева кеңес отырысы барысында жалға берілетін тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау үшін «жедел желі» құру қажеттігі жайында ой тас­тады. «Заңнамалардың бұзылуы, құрылыс мерзімдерінің кешіктірілуі, пәтерлердің сапасының сын көтермейтіндігі сынды фактілерге жол бермеу қажет. Меніңше, біздің қоғамдық кеңесте «жедел желі» ұйымдастыру керек сияқты. Онда азаматтар хабарласып, кезекте тұрғандарға қатысты әділетсіз шешімдердің орын алуы, құрылыс мерзімінің кешіктірілуі, пәтердің сапасыздығы жайында ақпарат бере алар еді», деді Д.Назарбаева. Сондай-ақ, ол мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының табысты болуы пәтерге мұқтаж жандардың баспаналы болуымен айқындалатынын айрықша атады. «Астана мен Алматыда және тағы да бірқатар қалаларда басталатын бағдарламаның табыстылығы шаршы метр­лермен немесе игерілген қаржы көлемімен емес, шын мәнінде пәтерге мұқтаж жандардың баспаналы болуымен айқындалады», деді ол. Оның атап өтуінше, әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйлерді салу пайызы қымбат несиелік займдарға шынайы балама болуы тиіс. «Бәйтерек» холдингі аталған бағдарлама бойынша пәтерлерді салуда және сатуда, сонымен қатар үміткерлерді іріктеуге қатысты мәселелердің заңды әрі әділ болуына айрықша назар аударуы тиіс», деді Д.Назарбаева. Қоғамдық кеңестің отырысы енді үш айда бір рет өткізіліп тұрмақ. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».