*Елімізде ауыл шаруашылығына бағытталған субсидия 68 пайызға өскен. Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановтың айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2,5 трлн. теңгені құраған. Бұл – өткен жылғы деңгейден 0,8 пайызға артық.
*ҰОС ардагерлері еліміздің ең үздік клиникаларында емделеді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, биыл ҰОС-тың барлық ардагерлері мен қатысушыларына медициналық және оңалту көмектері ұлттық ғылыми орталықтарда, ғылыми-зерттеу институттарында, ведомствоға қарасты ұйымдарда көрсетілмек.
*Астанада 5 млрд. теңгеден астам соманың мүлкі заңдастырылды. Айта кетейік, қаладағы әрбір аудан әкімдіктерінің жанынан құжат қабылдау бөлімдері құрылған. Осы күнге дейін оларға 10 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Ал комиссиялар жылжымайтын мүлікті заңдастыру бойынша нысандардың жалпы құны 16 млрд. 195 млн. теңге болатын 1 474 өтінішті тіркеуге алған.
*Талдықорғанда 195 жас отбасына пәтер кілті тапсырылды. Кілт табыстау рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Құрылысы 2012 жылдың қарашасында мемлекеттік бағдарлама аясында басталған тұрғын үйдегі 195 пәтердің 66-сы – бір бөлмелі, 106-сы – екі бөлмелі, 23-і үш бөлмелі пәтер.
*Шымкенттегі «Oxy Textile» жіп иіру фабрикасының жұмысы жанданды. Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында» орналасқан кәсіпорында бүгінде 90-нан астам адам жұмыс істейді. Өндіріс толық қуаттылыққа шыққанда, 270 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Фабрика шикізатты Baiterek Venture Fund АҚ тарапынан бөлінген 907,5 млн. теңгеге алып отыр.
*Батыс Қазақстанда су тасқынының алдын алуға 200 млн.-дай теңге бөлінді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Омар Бержановтың сөзіне қарағанда, жыл басынан бері қала мен аудандардағы су көздері бақылауға алынып, зерттелген. Қазіргі таңда елді мекендерде қар шығару, арық тазарту жұмыстары жүргізілуде.
*Ақтөбеде көпбалалы аналар марапатталды. Президент Жарлығына сәйкес Ақтөбе қаласы бойынша 8 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанды. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында барлығы 5 971 көпбалалы ана тұрады.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі мен «24kz» телеарнасының деректері бойынша
дайындалды.