30 Маусым, 2015

Ақтөбе облысында Былшық бидің кесенесі ашылды

1102 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
29-06-2015-aktobe bylshyk bi 04АҚТӨБЕ. 29 маусым. Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылында Былшық бидің кесенесі ашылып, ас берілді. Былшық би (Құтаяқ) Сейітұлы заманында атағы батыс өңіріне кең танымал болған, әділ билігімен алыс-жақындағы ағайын арасындағы даулардың түйінін түйткілсіз шешкен, кіші жүздің кенже биі атанған. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Халық жауы ретінде 1928 жылы ұсталып, 1933 жылы Ақтөбе түрмесінде көз жұмған, айтқан сөзі бәтуалы айтулы би, ардақты шешеннің асыл сүйегі қуғын-сүргін құрбандары көмілген Түйетөбеде қалған. Егемендік алғаннан кейін Былшық би туралы аракідік болса да ауызға алынып, соңғы жылдары жүйелі айтыла бастады. Осындай көшелі әңгімелердің әдемі түйіні Қарабұтақ жерінде өткен «Бекзат баба Былшық би» атты салтанатты жиын екенін айту орынды болмақ. Былшық бидің есімін халқына қадірлі қалпында оралту бағытындағы ауқымды іс-шараның тізгінін ұстап, көп шаруаның басы-қасында жүрген белгілі ақын, көрнекті көсемсөзші, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-нің директоры Мейірхан Ақдәулетұлының айтуынша, осындай елдік шараға халықтың өзі бастама көтеріп, қаржылай қолдау көрсеткен. Араларында 200 теңгеден бастап, 2 миллион теңгеге дейін үлес қосқандары бар көрінеді. «Әңгіме адамдар берген қаржының аз-көптігінде емес, халықтың би бабаларына деген ықыласында», – дейді Мейірхан Ақдәулетұлы. «Елбасымыз атап көрсеткендей, «тарих тағылымдарын толық зерделемей, қоғамның алға жылжуы мүмкін емес», – деп бастады сөзін Әйтеке би ауданының әкімі Аманғали Бердалин. Ол Былшық бидің ұрпаққа ұлағат өмірі мен игі істерінің ізі уақыт көші ілгерілеген сайын мәні артып, маңызы айшықтала беретіне тоқталды, ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды, халықтың тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарып келе жатқанына нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ, ол алыс-жақыннан асқа жиналған қауымға облыс басшысы Архимед Мұхамбетовтің хатын оқып берді. Былшық би кесенесінің ашылу салтанатында сөз алған  философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы «Былшық бидің бітім билігі» деген тақырыпта әңгіме өрбітті. Белгілі ғалымдар Үкітай Байжомартов, Алтай Тайжанов, ардагер журналист Нұқы Қартбайұлы, еңбек ардагері Ағыбай Бердімұратов Былшық би тұлғасын өмір және заман ағымдарымен байланыстыра баяндады. Қашанда елдік істің басы-қасында жүретін Игілік Сағиевке халық та, ұйымдастырушылар да риза көңілден алғыс айтты. Шараны өткізу барысында ақын Мейірхан Ақдәлетұлының құрастыруымен «Былшық би» атты кітап жарық көрді, «Былшық би және дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институты» деген тақырыпта өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Кесененің тікелей құрылыс жұмысын, архитектуралық жобасын орындауда Ғибат Қыдыралин, Аяпберген Карпековтің үлесі мол екенін айту ләзім. Осы ауданда ұзақ жылдар құрылыс саласында еңбек еткен Былшық бидің немересі Әнес Төлегенов бізбен әңгімелесінде биге кесене тұрғызып, ас беріп жатқан жерлестеріне дән риза екенін жеткізді. Қарабұтақ өңірімен көршілес жатқан Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар, Хромтау, Қарғалы аудандары киіз үйлерін тікті, өнерпаздары  асқа жиналған қауымның көңілін әнмен тербеді, күймен көтерді. «Былшық бидің бейнесі» атты қойылым да көпшілікті тәнті етті. Ал «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің өнері асқа жиналған қуымның көңілінен шықты. Жыршы Өсербайға, Ғарифолла дәстүрін жалғастырушы күміс көмей әнші Қайрат Хәкімовке қол соғып, қошемет көрсеткен көрермендер бір желпініп қалды. Айтысқа қатысқан сегіз ақын сөз қадірін түсінетін зерделі жандардың айызын қандырды. Он жеті балуанның ішінен қарсыластарына қарымдылығы мен қайраттылығын көрсеткен Ақтөбе қаласының балуаны Шыңғыс Шоқпытов бас бәйгеге тігілген ақ түйені жетелеп қайтты. Облыстың әр аумағынан жүйріктерін үкілеп әкелген атбегілердің отызға жуық сәйгүлік арасынан аламан бәйгеде Әйтеке би ауданының жүйрігі озып келіп, иесі бас жүлдеге тігілген «Лада-Гранта» автомобилін иемденді. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек: egemen.kz. Сурет: Хайредин Раушанов. 29-06-2015-aktobe bylshyk bi 05 29-06-2015-aktobe bylshyk bi 02 29-06-2015-aktobe bylshyk bi 03 29-06-2015-aktobe bylshyk bi 01