Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойлық концертке қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
Құттықтауда Ермек Серкебаевтың ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей дарын иесі екені айтылған. Президент біртуар тұлғаның қазақ және әлемдік опералардың таңдаулы партияларын асқан шеберлікпен орындап, төл мәдениетіміздің абыройын халықаралық сахналарда асқақтатқанын айтты.

«Әйгілі өнер перзенті Ермек Серкебаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізілді.
Ермек Бекмұхамедұлы біртуар әнші әрі ұлағатты ұстаз болды. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұзақ жыл қажырлы еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Осылайша, қайталанбас қолтаңбасы бар ән мектебін қалыптастырды.
Дара тұлғаның ғасыр тойы – ұлттық мерей. Оның өрелі өнері, бекзада болмысы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан, Ермек Серкебаевтай ұлт перзентінің есімін ұлықтау, оның мұрасын дәріптеу баршаға ортақ міндет екені анық», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Мерейтойлық кешке Ермек Серкебаевтың отбасы мүшелерінің қатысты. Сахнада Мұрат Серкебаев, Байғали Серкебаев және Жәмилә Серкебаева өнер көрсетті. Бұл ұрпақтар сабақтастығын дәріптеудің, қазақ музыка өнерінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған дара тұлғаның рухани мұрасына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Шығармашыл әулеттің өкілі Мұрат Серкебаев Мемлекет басшысының мәдениет саласына көрсетіп отырған қолдауына ризашылығын білдіріп, мерейтойлық кештің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Бүгінгі кеш – баршамыз үшін қуанышқа толы мереке. Ермек Бекмұхамедұлы – есімі ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлы өнер иесі. Концерттің мазмұны да, ұйымдастырылуы да жоғары деңгейде өтті. Көрерменнің ыстық ықыласы да айрықша. Мәдениетке үнемі көңіл бөліп, осындай тағылымы мол жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. Елімізде көрнекті өнер қайраткерлерінің есімі ұлықталып, олардың мұрасы кейінгі буынға насихатталып келе жатқаны аса маңызды», деді Мұрат Серкебаев.
Өз кезегінде музыкант әрі продюсер Байғали Серкебаев бұл кештің отбасы үшін ғана емес, Ермек Серкебаевтың шығармашылығын қадірлейтін барша жұрт пен өнер қауымы үшін де орны бөлек екенін айтты.
«Әкемнің есімін әрдайым мақтанышпен айтамын. Ол қазақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, елімізді әлемге танытты. Әкемнің шығармашылық мұрасына көрсетіліп отырған құрмет үшін Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ осы концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша ұйымдастырушы мен өнер иесіне ризашылығымды жеткіземін. Бүгінгі кеш өнер мен руханият салтанат құрған ерекше мереке болды. Музыканттардың да, көрермендердің де ерекше әсер алып, көңілдері бір серпіліп қалғаны сөзсіз», деді Байғали Серкебаев.
Кеш барысында Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген шығармаларымен қатар, көпшілік сүйіп тыңдайтын әндердің заманауи өңдеудегі нұсқасы орындалды.
Мерейтойлық кеш соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ықылас гүлі табысталды.