04 Наурыз, 2015

Сатып алу құқығымен жалдау – бірегей тәсіл

334 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Болат ПАЛЫМБЕТОВМемлекет басшысы 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында баспана мәселесіне тағы да жіті көңіл бөлді, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту жөнінде нақты тапсырма берді. Дәлірек айтқанда, жалдамалы тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қарауды тапсырған болатын. Баршамызға мәлім, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры баспаналы болудың аталған тәсілін алғаш рет дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру кезінде сынақтан өткізген болатын. Осы бағытта жұмыс жүргізген алғашқы компания болғандықтан, қордың басқарма төрағасы Болат ПАЛЫМБЕТОВТІ сөзге тартқан едік. Болат Әбілқасымұлы, Пре­зидент Жолдауында ай­тыл­ған жалдамалы пәтер жайлы жаңалық елді тағы бір серпілтті. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны алғаш рет іске асыру кезінде осы тәсіл өзін өзі қаншалықты ақтады? – Сатып алу құқығымен жалдау тәсілі дағдарысқа қарсы шара ретінде дүниеге келгенін білесіздер. Кезінде баспана мәселесінің осы шешімін ұсынған болатынбыз. Қазірге дейін де пәтер сатудың осы тәжірибесі жайлы жақсы пікірлер естіп келеміз. Айта кететінім, ел ішінде дәл осы сатып алу құқығымен жалдау тәсіліне қызығушылық басым, себебі, жалдау мерзімі аяқталған кезде пәтер жалгердің меншігіне ауысады. Жалдамалы пәтер иелері­нің арасында төлемге қабілет­сіз­дігінен бұзылған бір де бір шарт жоқ. Ал, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойын­ша сатып алу құқығымен жалдау арқылы қанша пәтер өт­кізілді? – Бүгінгі күні Жылжымайтын мүлік қорының желісі бойынша Алматы, Ақтөбе, Тараз қалалары мен Алматы облысында тұрғын үй құрылысының төрт жобасы пайдалануға берілді. Бұл – 3152 пәтер, оның ішінде 2770 пәтер сатып алу құқығымен жалдау арқылы өткізіледі, 382 пәтер тікелей сатылады. 2014 жылы 1240 пәтер өткізілді, соның ішінде 1179 пәтер сатып алу құқығымен жалдау арқылы, ал 61 пәтер сату арқылы өткізілді. – 2014 жылғы және 2015 жыл­ғы қаңтардағы пәтер баға­сы қандай? – Сатып алу құқығымен жалдау бой­ынша Ақтөбе қаласында 1 ш.м. ай сайынғы жалдау төлемі – 1289 тг., Тараз қаласы бойынша – 1245 тг., Алматы қаласы маңында – 1612 тг., Алматы қаласы бойын­ша – 1687 тг., Астана қаласы бойын­ша – 1612 теңге. Жалдау төлемінің мұндай мөлшері сатып алу құқығымен жал­­даудың бүкіл мерзімінде тұ­рақ­ты болады және құнсыздану жағ­дайында да ұлғайтылмайды. Ал, тікелей сату бойынша 1 ш.м. пәтер құны Тараз қала­сы бойынша – 139 062 теңге, Ақ­тө­бе қаласы бойынша – 143 987 тең­ге, Алматы қаласы бойынша – 188 353 теңге, Алматы қала­сы маң­ын­да – 179 985 теңге және Астана қаласы бойынша – 180 000 теңге. Сатып алу құқығымен жал­дау жайында толығырақ ай­тып өтсеңіз. Пәтерді қанша мерзімге алуға болады? – Пәтерлерді өткізу кезінде біз Үкіметтің қаулысын басшылыққа алатынымызды тағы бір ес­теріңізге сала кетейін, осыған сәйкес біздің пәтерлер бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар арасында өткізіледі. Яғни Жылжымайтын мүлік қоры салған пәтерлерін әкімдікке тапсырады, ал әкімдік кезекте тұрғандар арасында осы пәтерлерге үміткер адамдардың тізімін қалыптастырады. Әкім­діктерде сұранысқа ие болмаған пәтерлер келешекте біздің ережелер бойынша өткізілетін болады. Айтып өткенімдей, пәтерді сатып алу құқығымен жалдау шарттарын жасау арқылы өт­кізуде біздің тәжірибеміз бар. Толығырақ айтсақ, шарт жасал­ғаннан кейін үш айлық жалдау төлемі мөлшерінде кепілді жарна енгізу керек, ол жалгердің төлемдерді кешіктірмеуіне кепіл болады. Сатып алу құқығымен жал­дау мерзімі ішінде жалгер пәтер құнының бір бөлігін өтеуге құқылы, бұл ретте жалдау төлемі азаю жағына қайта есептеледі. Жалдау төлемдері теңгемен бекітіледі және АҚШ доллары бағамына немесе құнсыздануға тәуелді болмайды. Жылжымайтын мүлік қоры пәтерді 15 жылға дейінгі мерзімге сатып алу құқығымен жалдау арқылы алуды ұсынады. Сатып алу құқығымен жалдау кезінде табысыңызды ресми растауыңыз қажет. Табыс КЖТС (ең көп жалдау төлемінің сомасы) анықтамасымен расталады, жалгер және онымен қоса өтініш берушілер оны банктен ала алады. Төлемге қабілеттілік жеткіліксіз болған жағдайда, сатып алу құқығымен жалдау шарты жасалмайды. – 2015 жылы сатып алу құ­қы­ғымен жалдау арқылы өткі­зілетін қанша тұрғын үй салынбақ? – Ең алдымен естеріңізге салып өтейін, бағдарлама бойынша салынған «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ тұрғын үйлері екі тәсілмен өткізіледі: тікелей сату арқылы және сатып алу құқығымен жалдау арқылы. 2015 жылы 4210 пәтер өткізу жоспарланған, оның ішінде 829 пәтер тікелей сату арқылы, 3381 пәтер сатып алу құқығымен жалдау арқылы өткізіледі. – Бағдарлама шеңберінде қор желісі бойынша кімдер пә­тер ала алатынын оқыр­ман­дарымызға тағы бір ескертіп өтсеңіз? – Біздің желі бойынша бағ­дарламаға пәтер алынатын өңірде баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін Қазақстанның төлемге қабілетті барлық азаматтары қатыса алады. Қайталап өтейін, біздің пә­тер­лер бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар арасында өткізіледі. ЖАО-да сұранысқа ие болмаған пәтерлер интернет арқылы өткі­зіледі. Бұл жағдайда, өтінімдер Жылжымайтын мүлік қорының ресми сайтында қабылданады. – Бағдарлама шеңберінде қор желісі бойынша бөліп төлеу немесе ипотека қарастырылған ба? – Тікелей сату арқылы өткі­зілетін пәтерлерді екінші дең­гейлі банктерден осы сатып алы­натын пәтерді кепілге қой­ып, ипотекалық кредитке алуға бо­лады. Жылжымайтын мүлік қоры «Қазақстан тұрғынүйқұры­лыс­жи­нақбанкі» АҚ-пен ынты­мақ­тастықта жұмыс істейді, бұл банк Жылжымайтын мүлік қорынан пәтер алуды кредиттеудің арнаулы шарттарын ұсынады. Ал сатып алу құқығымен жалдау кезінде пәтерді жалға алатын азамат тек жалдау ақысын ғана төлейді, бұл ретте жалдау төлемдері пәтерді сатып алуға жұмсалады, ал шарт аяқталған соң пәтер жалгердің меншігіне ауысады. Сәйкесінше шарттарды қазақстандықтар 15 жылға дейінгі мерзімге жасай алады. Мүмкіндік болса, пәтерді 3 жылдан кейін сатып алуға болады. – Қор желісі бойынша бағдарлама қандай қалаларда іске асырылып жатыр? – Біз бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істеуге ниеттіміз. Егер біздің іске қосылған және іске қосылатын жобалардың ау­мақтық орналасуына көз жүгірт­сеңіз, Жылжымайтын мүлік қорының Қазақстанның көпте­ген өңірлерінде жұмыс істеп жат­қанын көре аласыздар. 2013-2014 жылдары Тараз, Ақтөбе, Алматы қалаларында және Алматы облысында (Алма­ты қаласы маңында) нысандар пайдалануға берілді. 2015-2016 жылдары Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтау, Алматы қалаларында және Ал­маты облысында (Алматы қаласы маңында) жаңа нысандарды пайдалануға беру көзделген. Әңгімелескен Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан».