16 Мамыр, 2015

«Бір шаңырақ астында» Этноауылда Ассамблея сессиясы мен форум өтті

385 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кенді Алтайда Қазақ­­­стан халқы Ассам­блея­сының 20 жылдық мерейтойының аясында «Бір шаңырақ астында» атты этнофорум өтті. Аталған шарада өңір басшысы Даниал Ахметов 11 Достық үйінің жетекшілерін қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға, ұлттық-мәдени шығармашылықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін марапаттады.

Еліміздегі бірегей кешендердің бірі саналатын этноауылдағы ақшаңқан киіз үйде достық пейілдің жарқын үлгісімен өткен жиынға қатысушылар Елбасының Ассамблеяның ХХІІ сессиясында жүктеген тапсырмалары мен міндеттерін талқылады. Форум шеңберіндегі өңірлік Ассамблеяның ХХІІ сессиясына ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, Достық үйлерінің директорлары, ардагерлер, мемлекеттік құрылым басшылары және жастар қатысты. Облыс әкімі сессия жұмысында Президент жүктеген міндеттердің үдесінен шығу қажеттігін және 26 сәуірде өткен сайлаудың ел ынтымағы мен бірлігін тағы бір айшықтағанын атап өтті. – Президенттік сайлауға Шы­ғыс Қазақстан облысындағы дауыс беру құқығы бар тұрғын­дардың 97,57 пайызы қатысып, олардың 98,37 пайызы дауысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Бұл – өңір халқының сая­си белсенділігін, Мемлекет басшы­сының жүргізіп отырған саяси бағдарына қолдау білді­ре­тіндік­терін байқатады. Қазақстан хал­қы Ассамблеясы қоғамдық келі­сім моделін қалыптастыруда ауқым­­­ды жұмыс атқарды. Қазіргі кезде этномәдени бірлестіктердің әлеуе­тін одан әрі бекіте түсуге басым­дық беріліп отыр. Осы орайда Аягөз, Зайсан, Көкпекті, Үр­жар аудан­­дарында Достық үйле­рін ашу жос­парланған, – деді Д.Ахметов. Айта кету керек, өңірде елі­міздегі алғашқы Достық үйі ашылып, «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы», «Достық керуені» сынды ауқымды жобалар тұңғыш рет жүзеге асырылған болатын. Соңғы бес жылдың көлемінде облыста татулықты ту еткен 2286 өңірлік және халықаралық іс-шара өтіп, оған 220 мыңнан астам адам қатысты, 7 мыңнан астам адамға 9,2 миллион теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Сонымен бірге, биыл облыс ардагерлеріне 900 миллион теңге көлемінде қаржылай әлеуметтік көмек көрсетілмек. – Тұрақтылық, бейбітшілік пен келісімде тұрып жатқан қа­зақстандық қоғамның бірегей құрылысына аз күш-қуат жұм­салған жоқ. Ассамблея қайы­рымдылық акциялары мен шара­лардың орталығына айналды, деді облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Еркімбек Аязбаев. Шекаралық ынтымақтастық шеңберіндегі іс-шаралар ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Мәселен, былтыр Ресейдегі Алтай өлкесінің бір­қатар елді мекендерін су басқан кезде Бородулиха, Бесқарағай, Шемонайха және Зырян аудандары көрші өңірге 7 миллион теңгенің гуманитарлық көмегін жөнелтті. «20 ізгі іс» акциясы да белсенді атқарылуда. 27 ақпаннан бері облыста 490 іс-шара қолға алынып, 7600 мұқтаж жанға 5,4 миллион теңгенің жәрдемі жасалды. Өңірдегі ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрайымы, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың кафедра меңгерушісі Нелли Краснобаеваның айтуынша, бүгінде 3 жоғары оқу орнында Ассамблея кафедралары жұмыс істейді. Жуырда Барнаулдағы Алтай университетінде білім алып жүрген 500 шығысқазақстандық студенттің арасында «Қазақстан тарихынан» олимпиада ұйым­­дастырылды. Сондай-ақ, «Қоғам­дық келісімнің қазақстандық мо­делі» атты оқу жоспары әзір­леніп, еліміздің барлық оқу орын­д­арына енгізу мәселесі қарастырылуда. Сессия соңында этномәдени ұйымдардың мүшелері үндеу қабылдады. Бұл құжатта: «Сессия қатысушылары Елбасының «Мәң­­­гілік Ел» идеясын, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Сая­сатын және бес институттық рефор­масын қолдайды. Еліміздің табыс­тары көпұлтты Қазақстан халқы достығының нәтижесі. Қазақ­стан­дықтар өздерінің бірегей даму жо­лын таңдады. Біздің бір­лігіміз – «Мәң­гілік Ел» идеясын іске асыру­дың басты факторы, делінген. Сондай-ақ, этноауылдың жаз­ғы сахнасында этномәдени бір­лестіктердің шығармашылық ұжымдарының мерекелік кон­церті өтті. Сахна төріндегі экраннан «Бір Отан, бір тағдыр, бір жер» атты бейнебаян көрсетіліп, жастар ондаған этностың тілінде сәлемдесті және көк аспанға бейбіт­шілік құсы – ақ көгершін­дер ұшырылды. Кеш барысында «Злато», «Вайнах», «Свиточ», «Инвейдерс» және «Алау» сияқ­ты өнер ұжымдары көрермен ықыласына бөленді. Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған көптеген іс-шаралармен жалғасады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.