04 Наурыз, 2015

Алматы облысында үздік спортшылар марапатталды

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
0ae4b4f86f7d3bffe20354fae2bcbb01ТАЛДЫҚОРҒАН. 4 наурыз. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов халықаралық және республикалық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен өңір спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттады. Бұл туралы zhetysu.gov.kz хабарлады. Кездесу барысында облыс әкімі спортты дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталып, қол жеткен жетістіктерді саралады: «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деді. Елбасының тапсырмасы аясында бүгінде облыс спортшыларына барлық жағдайлар жасалуда. Сол жұмыстардың нәтижесінде, 2014 жылы облыс спортшылары барлығы 1167 медаль олжалаған. Сондай-ақ, өткен жылы өңірден 2 еңбек сіңірген спорт шебері, 24 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 125 спорт шеберлері мен 495 спорт шеберлігіне үміткерлер шықты. Облыс әкімі өз баяндамасынан кейін өңірдің үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттады. Үздік 6 спортшы мен 8 жаттықтырушыға облыс әкімінің дипломы табысталып, 150 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Облыстың үздік спортшылары атанған саңлақтар: Маргарита Елисеева, Тоқтар Каркатеров, Нұржан Жұмажан, Ербол Дүкенбаев, Александр Гетало және Дмитрий Солянин. Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан дипломдар мен 500 мың теңгелік ақшалай сыйлық 2014 жылы үздік деп танылған спорттық мекемелерге де берілді. Олардың қатарында Талдықорған қаласындағы №1 жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв мектебі, «Жетісу» волейбол клубы және Қарасай аудандық спорт бөлімі бар. Спорттық жаңалықтарды тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап жүретін журналистер де марапаттан қалмады. Кездесуде «Жетісу» әйелдер волейбол командасының басшысы В.Шапран және қазақ күресінің палуаны Тохтар Каркатеров сөз сөйлеп, алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге талпынатындарын айтты. Нұрбол Әлдібаев. Дерек, сурет: zhetysu.gov.kz.