Көршіміз Ресейдің Челябі облысындағы Нағайбақ ауданын біраз қандастарымыз жайлап отыр. Шашырамай, тұтас тұрып жатқандықтан, осы облыстағы 36 мың қазақтың арасында ұлттық дәстүр-салттың сақталуына үлес қосып отырғандар да сол ағайындар. Арсланбай ауылын бүкіл Челябі облысы біледі. Өйткені, бұл ауылда қазақтан өзге ұлт тұрмайды. Қашаннан «Сексен үй қызыл қазақ» атанған ауыл. Кеңес өкіметі кезінде «қызыл» сөзін қосып айтпаса, құлақтың құрышы қанбайтындай көрінді. Сонда белсенділер Арсланбай ауылында отырған қазақтарға бір ұжымшар құрып, атын «Қызыл қазақ» қойған екен. Содан бері Арсланбаймен бірге ауылдың «Қызыл қазақ» аты да қалмай келеді.
Ақжайықтың жағасын жайлаған қазақтардың бұл маңға қашан қоныстанғанын бүгінгі ұрпақтары дәл айтып бере алмайды. Қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржаны «Қыз Жібек» эпосының оқиғасы дәл осы маңда өткен. Төлегеннің руын шежіреден тарқатып, Жағалбайлының ішінде Бескүрек деген атадан тарайтынын да үлкендер айтып отырады. Соған қарағанда, қандастарымыз оңтүстік Оралдың шұрайлы жеріне жылқы жайғанына талай ғасырлар өткен. Тек империяның күштеуімен қазақтар құнарлы жерден шөлейтке қарай ығыса берген...
Наурыз мерекесін нағайбақтық қандастарымыз жыл сайын атап өтеді. Селоларда тұратын қазақтар, татарлар, башқұрттар жиналып, аудан орталығы Фершампенуаз селосына келіп, ұлттық тағамдардан дастарқан жаяды, ұлттық қолөнерін көрсетеді. Ормандай орыстың ішінде жүрсе де, мұндағылар қазақтың ұлттық тағамдарын қастерлейді. Мүшеленіп асылған жылқы еті, бауырсақ, жент, құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдарымыз мерекелік дастарқан байлығын асырады. Сонымен қатар, қазақ, татар, нағайбақ, башқұрт әуендері әз Наурыздың әрін келтірді.
Нағайбақ ауданындағы Наурыз мерекесі биыл тағы бір шарамен толыға түсті. Арсланбай ауылының қарт тұрғыны Нүркеш Жапаровтың «Асыл аймақ, құт мекенім, ауылым» атты өлең кітабының тұсаукесері өтті. Аудан басшысы Қайырбек Сейілов кітапты жұртшылыққа таныстырып, авторды құттықтады.
– Ауданымызда, тіпті облыс көлемінде қазақ мәдениетіне қатысты шараның ешқайсысы Нүркеш ағамыздың қатысуынсыз өткен емес. Облыста Нүкеңді ақын деп таниды. Мына кітаптан ауылдың адамдарының, замандастарымыздың бейнесін көреміз. Туған жерді, ауылды жырлайды. Бұл кітап аудан мәдениетіне қосылған үлес болып отыр, – деді Қайырбек Хакімұлы.
Нүркеш Жапаров ақсақалдың тырнақалды шығарған өлеңдер жинағына жазған алғысөзінде белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет: «Нүркеш ақынды қазіргі уақытта бірде бір қазақ мектебі түгіл қазақ сыныбы болмаған, қазақ басылымы болмаған қазақ ауылының ұстазы да, театры да жалғыз өзі деп айтуға болады» деп бағалаған екен. Тарихи отаннан жырақ жүрген Нүркешке Ақжайық өзенінің бойы кір жуып, кіндік кескен туған жер саналады. Ол туған ауылын емірене өлеңге қосады. Ауылын мақтан ете отырып, елдің қамын да ойлайды. Ақынның адамгершілік, өмір жайында да, айналасынан ұққанын өлеңмен өріп, ой түйіп отырады. «Адамға неге керек балажандық, Бала үшін намыстандық, шала жандық. Өсірдік, өндірдік те қоя бердік, Ал енді сол баладан немене алдық», дейді. Әрине, ақын өлеңдері кемшіліксіз де емес. Бірақ «орыс арасында отырып, қазақ тілінде жырлайтын ақын – сол ортаның олжасы» деген кітап алғысөзінде айтылған түйінмен келіспеуге болмайды. Тағы бір қызығы, Нүркеш Жапаров өзінің жазған өлеңдерін белгілі бір әннің әуеніне салып айтады. Ол көбіне халық әні «Тобылғы сайдың» әуенін пайдаланады екен. Бұл сырттағы қандастарымыздың арасында сақталып қалған халықтық өнер мұрамыздың бірі деуге болады.
Кітаптың жарық көруіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қостанай облыстық филиалы мен Челябі қаласындағы «Азамат» қазақ ұлттық-мәдени орталығы мұрындық болыпты. Оған Магнитогорск қаласындағы кәсіпкер қандастарымыз Құрамыс Ноқаев пен Нұрлыбек Борантаев демеушілік жасады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ – ЧЕЛЯБІ – ҚОСТАНАЙ.
Суретте: Нағайбақ ауданының басшысы Қайырбек Сейілов пен кітап авторы Нүркеш Жапаров және нағайбақтық қазақ бауырлар кітап тұсаукесерінде.