21 Тамыз, 2015

Бал татыған «Барқы» қымызы

1040 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_9149«Қымызмұрындық» қазақ хал­қының жайлауға шығып, бие байлап, алғаш рет қымыз ішкенде жасайтын тойы. Тойға туған-туыс, жекжат-жұрағат, көр­­ші-қолаңның барлығы жиналады. Той басталғанда қымыздан дәм татуға ең алды­мен ауылдағы ақсақалдар қауы­мы шақырылады. Олар жаңа ашыған қымыздың дәмін татып көргеннен кейін, көрші ауыл­дарға да ат шаптырып, кісі жіберіп өз ауылының бал қы­мызының дәмін көріп кетуді ұсынады. Осылайша, «Қымыз­мұрындық» тойы бірнеше күнге жалғасып кете барады. Көшпенді қазақ өз тірлігінде бір маусымда ғана емес, жыл бойы бие байлап, қымыз ашытудың сырын білген. Қымызды атам заманнан бері қарай қара сабада сақтайды. Саба көшпенділердің кезінен қалған бір белгі десе де болады.  Оны жылқы терісінен тігеді. Біріншіден, сабада ашытылған қымыздың дәмі керемет болса, тағы бір маңыздысы көшпенді қазақ үшін әрі-бері көші-қон кезінде өзімен алып жүруге өте қолайлы. Қымыз сақталатын, бие сауылатын шелек, піспек, шөміштер жиі ысталып отырады. Өйткені, бал татыған барқыт қымызды темір ыдысқа құйып бере алмайсың. – Бие сауу дегеніміз оңай шаруа емес, бұл үлкен өнер, епті­лік қажет, – дейді бүгінде «Барқы» қымызымен Семейге таны­мал «Шөптіқақ» шар­уа қожалығының төрағасы Дәу­ренбек Айманов, – кез келген адам бие сауып, қымыз ала алмайды. Бір бие мөлшермен бір литр сүт береді. Жас биелер жарты литр беруі мүмкін. Сауыншы соны уақтылы алып алуы керек. Әйтпеген жағдайда бие сүтін жылдам тартып алады. Дәуренбек Айманов бие байлап, қымыз өндіру жолы­на өмір бойы жинаған тәжірибесінің ар­қасында келді. Ауылда өс­кен Дәуренбек аға  бала кезі­нен жылқы ұстап, ата-анасы­на қолқабыс жасап, ұзақ уақыт жұмсап дайындайтын қымыз пісудің жайын біледі. Өз шаруашылықтарында әке-шешесі де бие байлап, қы­мыз өн­дірген. Дәуренбек аға  бү­гін­де сол атадан қалған кәсіпті жалғастырып, ел құрметіне бөленуде. Мектеп бітіргеннен кейін ол әскер қатарында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. Содан соң Семейге келіп, бірнеше жыл сүт зауыты мен ет комбинатында жұмыс істеген.  Сөйтіп жүріп 1994 жылы жеке кәсіп ашуды ойлап, Саржалдан 50 жылқы сатып алады. Ал шаруашылыққа қажетті жерді Шөптіқақ стансасы маңынан алып, оншақты бие байлап қымыз өндіре бастайды. – «Жақсы жерге қақ бітеді, ер жігітке бақ бітеді»  деген қанатты сөз бар қазақта, – дейді Дәуренбек аға, – Шөптіқақ біздің бағымыз болды. Бүгінгі күні екі жүздей бие байлап отыр­мыз. Келешекте сауынды биенің санын төрт жүзге жеткізу ойымызда бар. Сөйтіп, қалаға тәулігіне бір тоннадан артық қымыз әкелмекпіз. Жұмыс жасап жатқанымызға биыл 21 жыл болды. Халық бізді танып алған. Сондықтан да қымыз жақ­сы өтеді деп айтуға болады. Қалаға таң ата жеткізілген қы­­мызымыз сағат онға дейін бі­тіп кетеді. Күніне жарты тонна «Бар­қы» қымызын саудалап отырмыз. Айта кету керек, қымыз қа­зақ­тардың, тіпті күллі көшпен­ді­лердің  сүйікті асы. Оның ем­­дік, шипалық қасиеттері мол. Ең алғаш рет қымыз емханасын 1858 жылы Самарада Николай Постинов деген дәрігер ұйымдастырады. Қымызбен емделуге оған Лев Толстой мен Антон Чехов келіп, қатарынан бес айдай жатып ем-дом алады.  Көшпенді қазақ та ауырып-сырқаса қымызға жү­гінген. Әсіресе, өкпе-қолқаға суық тигенде қымыздың емдік шипасы мол. Қымыз иммунитетті нығай­тумен қатар, ағзаны жасартады. – Адамдар белгілі бір уақытта келіп жаңа сауылған бие сүтін ішіп тұрады. Қала сыртындағы арнайы ат қорамызда бие сауы­п, қалаға 15 минутта жеткізіп отырмақпыз. Ол жерде арнайы дәрігер де қызмет жасайды. Ана сүті болмаса, балаларға саумал ішкен өте пайдалы. Саумал ішіп өскен бала қорғасындай ауыр болады. Күніне төрт рет тамақ­танардан жарты сағат бұрын сау­мал ішкен өте пайдалы, – дейді шаруашылық иесі Дәуренбек Айманов. Шөлдегенде қазақтар өзге де түркілер сияқты айран, шұбат, қымыз, ашыған көжені пайдаланады. Қазақ даласында қымыздың 40 түрі дайындалған екен. Ең танымалдары уыз қы­мыз, жазғы, күзгі қымыз, түнемел қымыз, сары қымыз, дөнен қы­мыз, бесті қымыз, асау қымыз, қысырдың қымызы, қорабал қы­мыз, бал қымыз, сірге жиар қымыз. Әрқайсысының дайындалуы да, денсаулыққа қажетті маңыз­дылығы да өте керемет. Біздің айтпағымыз, қазір Батыс Еуропада қымыз ішу жақсылап қолға алыныпты. Әсіресе, бұрын шараптан бас алмаған Берлин мен мюнхендіктер соңғы кезде қымыз ішуде. Қазақстанда халқымыздың осы қасиетті таға­мын дайындаушыларға мемлекет тарапынан жасалып отыр­ған қолдау, көрсетілетін көмек бар. Нақтырақ айтсақ, қымыз өндірушілерге төленетін субсидия. Субсидия көлемі өндірілген әрбір литр қымызға 60 теңгеден деп белгіленіп отыр. Бұл өндір­у­­­­­­шілер үшін тиімді. Ал талап бойынша кем дегенде 35 бие байлаған адам оны емін-еркін өткізе алады деуге болады. «Шөптіқақ» шаруа қожалығы да өткен жылдан бері мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың игілігін көруде. Бү­гінде субсидия көмегімен электр жарығын, қымыз құтысы мен оның сыртына жапсырылған затбелгісін ақтап отыр. – Қазір шаруашылықта 400 бие бар. Оларға арнайы орындар керек. Жабық орындардың құрылысын келер жылы бас­тауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, үлкен өндірістік жел­деткіштер қоймақпыз. Биелер салқын жерде тұрса, сүтті жақсы береді. Әйтпесе ыстық күн, шыбын-шіркей маза бермей, қанша күштері кетеді. Таза әрі салқын қора ішінде болса, өте жақсы, – дейді «Шөптіқақ» шаруа қожалығының басшысы Дәуренбек Айманов. – Соңғы үш-төрт жылдың ішінде қымызды халық өте жақсы тұтына бастады. Біз де халықтың жағдайына, мұң-мұқтажына қарап, өндіретін қымызымызды әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған азаматтар мен соғыс ардагерлеріне, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқандарға, жүрек және онкологиялық аурулармен ауы­ратын адамдарға жеңілдікпен беріп отырмыз.  Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. Семей.