18 Шілде, 2010

ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕР КЕЗЕҢІ

548 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Петрос Эфтимиу өзінің сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі түбегейлі өзгерістер белең алып отырған осы күрделі кезеңде нақты ұстанымын білдіргенін атап көрсетті. Бүгінгідей алмағайып заманда Ұйымның әлеуетін іс жүзіне асыру үшін жалаң сөзден арылып, нақты іс-қимылға көшу қажет. Оның пікірінше, бүгінгі күн шындығына нақты талдау жасап, үлкен өзгерістер енгізетін кез келді. САММИТ ӨТКІЗУ – ҮЛКЕН САБАҚ Парламенттік Ассамблея өзінің декларация­сында министрлер кездесуі шеңберіндегі пікірталастардың басымдықтарын айқындап, ЕҚЫҰ-ны шын мәнінде тиімді Ұйым жасау үшін  оны қамтамасыз ету жолындағы үнқатысуларды белсенді ету мақсатында нақты ұсынымдар енгізді. Шешен, сонымен қатар, қырғыз дағдарысы осы ел үкіметі тарапынан адам құқын аяққа басу арқылы іс-әрекет жасау қауіпсіздік саласында үлкен проблемалар туындатып, саясат пен экономикада үлкен қиғаштықтарға алып келгенін көрсетіп отырғанын атап өтті. Парламенттік Ассамблеяның жетекшісі ЕҚЫҰ-ның соңғы жылдары көптеген қазіргі заманның сынақтары мен қауіп-қатерлеріне дер кезінде тиімді жауап бере алуға қабілетсіздік танытып келе жатқанына өкініш білдірді. Бұрындары Ұйымның иілмелілігі оның басты жетістігі болса, қандай да бір өзгерістерге бейімделгіштігі артықшылығы саналатын. Өкінішке қарай, ерік-жігердің босаңдығы, бюрократия, шешім қабылдаудағы жайбасарлық ЕҚЫҰ-ның одан әрі дамуына тұсау болып отыр. Петрос Эфтимиу аса жоғары деңгейде шешім қабылдаудың тәртібі мен жұмысты жетілдіруді жақсартып, өз қызметінің деңгейін көтеру үшін оның мөлдірлігі мен есептілігін жоғарылату қажет деп санайды. Қазіргі кезде басты назар дағдарыстар мен қателерге нақты жауап беруге аударылуда. Парламенттік Ассамблеяда беделділік, қоғамдық пікір туғызу мәселелері аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан сайлауларға байқау жүргізу аса көкейкесті үдеріс болып табылады, деп атап көрсетті шешен. ЕҚЫҰ қызметінің жоғары беделі мен маңызы дәл осы жәйттен көрінеді. Егер табысқа жеткіміз келсе, жұртшылықпен, сайлаушылармен байланысты үзбеудің маңызы зор. Осы себепті, деп қорытындылады сөзін Петрос Эфтимиу ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы үстіміздегі жылы саммит өткізудің дәйекті де жігерлі жақтасы болып табылады. БІЗДІҢ ТАҢДАУЫМЫЗ БЕН МҮМКІНДІГІМІЗ ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо өз сөзінде өткен жылдардан сабақ ала отырып, форумға өзінің кейбір тұжырымдарын ұсынды. Олардың бірі – саяси тұжырым. Мүдделердің шешімділігі мен ортақтығы Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың тиімділігі мен жиілігін талап етеді. Осындай жоғары белсенділікті өзінің ЕҚЫҰ-ға төраға мәртебесі және “Корфу үдерісі” арқылы іс-әрекет жасай отырып Қазақстан көрсетіп келеді. Алматыдағы бүгінгі кездесу мен үстіміздегі жылы саммит өткізу туралы ұсынысты тиімді жұмыс істеудің бір мүмкіндігі ретінде қарастыру қажет, деп жалғады сөзін де Бришамбо. Оның пікірінше, өзінің қызметінде барлық мүше мемлекеттер басшылыққа алатын қағидаттар мен нормаларды және міндеттемелерді қатаң сақтаған жөн. Созылмалы дағдарыстарды, қарулануға бақылауды қоса алғанда, қандай да бір проблемаларды шешу жолдарын әдістемелік деңгейде қарастырған ұтымды. Және ең бастысы – бұл біздер үшін ортақ болып табылатын қауіп-қатерлерді еңсеруде ұжымдық іс-қимыл танытудың негізін қалау. Осы арада аталған әңгімені мысал үшін Ауғанстанға немесе трансұлттық қатерлерге қатысты айтуға болады. Бас хатшының пікірінше, егер үстіміздегі жылы қатысушы мемлекеттер саммит өткізу туралы шешім қабылдайтын болса, онда ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша шолу жасайтын жалпыға ортақ конференция шақыру қажеттілігі туындайды. Сонымен қатар, Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша нақты іс-қимыл жоспарын айқындау мақсатында жұмыс бастау қажет болады. “Корфу үдерісі” – осы үшін жақсы негіз десек, істі нақты аяғына жеткізетін қадамдарға барудың уақыты келгені анық. Сонымен бір мезгілде, Қырғызстанға полиция қызметін енгізу жөніндегі консультативтік топтың уағдаластығын аяқтау, Грузия мен Молдовадағы ахуалды реттеуді жеделдету, Таулы Қарабақ проблемасында оң үдерістерге қол жеткізіп, ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанға қатыстылығын күшейтуді жылдамдату қажет. ЕҚЫҰ Бас хатшысы сөзінің соңында Ұйымның Қырғызстанда пайда болған жағдайларға байланысты өзінің күшін жедел қалпына келтіре алатынын көрсеткенін көлденең тартты. Жақын айларда саммиттің күн тәртібін жан-жақты әзірлеп, Еуропалық Одақ қызметінің барлық бағыттары бойынша ұсыныстар енгізу керек. Ол сондай-ақ талап болса, ЕҚЫҰ-ны қазіргіден де қуатты құрылымға айналдыруға, сөйтіп, бөлінбейтін бүкіл Еуроатлантикалық және Еуразиялық аймақтар бойынша қауіпсіздік саласында біртұтас қоғамдастық құруға мүмкіндік бар екеніне сенімділігін білдірді.  Бұл – біздің таңдауымыз, біздің мүмкіндігіміз. БАС ХАТШЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ БҰҰ Бас хатшысының орын­ба­сары, БҰҰ-ның Еуропалық эконо­микалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубиш БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның атынан оның министрлердің бейресми кездесуіне жолдауын оқып берді. – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының атынан Пан Ги Мун мырзаның жолдауын қанағат сезімімен оқып берейін, – деді шешен. –Мен Назарбаев мырза мен біздің мәжілісімізді жүргізіп отырған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ға өздерінің төрағалықтары барысында қауіпсіздікті дамыту іс-қимылдарына үлкен үлес қосатынына еш күмәнданбаймын. Сондай-ақ баршаны алаңдатып отырған Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға халықаралық іс-қимыл үдерістерін үйлестірудің маңызы зор екенін атап өткім келеді. Біздің ұйымдарымыз өзара іс-қимылдарына үлкен күш-жігер жұмсай отырып, ұзақ уақыттардан бері бірге жұмыс істеп келеді. Өзара іс-қимылдың мұндай деңгейі аса маңызды болып табылады. Өйткені, ол өзінің қызметіне Еуроодақ және басқа ұйымдарды қосады. Бұл, сонымен қатар, демократиялық үдерістерге қолдау көрсетіп, қалыпты өмірді қалпына келтіруді көздейтін гуманитарлық көмектерді жұмылдыруда маңызды фактор. БҰҰ осы саладағы жұмысын жалғастырып, Қырғызстан үкіметіне көмек көрсету мақсатында жағдайға мониторинг жүргізетін болады. Ұжымдық күш-жігер, сонымен бірге, қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік, сенім ахуалын қалыптастыру үдерістеріне бағытталып отыр. Қырғызстандағы дағдарыс тығыз ынтымақтастық пен БҰҰ және өңірлік ұйымдар арасындағы іс-қимылды үйлестірудің құндылығын кезекті мәрте көрсетіп берді. Мен ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесіне біздің екі ұйым арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету үшін  бағытталған бес негізгі басымдықты айқындап бердім. Олар: қарусыздану мен таратпау, бейбітшілікті қамтамасыз ету, әділ сайлаулар өткізу, қоршаған орта және адам құқы. Барлық осы бес басымдық бір-бірімен тығыз байланысты және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін өмірлік маңызды мәселелер болып табылады. Бұл экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелер кешені, міне, нақ осы жәйттер түрлі қатерлі жағдайларға алып барады, сондықтан Балкандағы ахуал бейбітшілік, әділеттілік, жауапкершілік пен адам құқы өзара тығыз байланысты екенін көрсетіп отыр. ЕҚЫҰ-дағы үдерістерді зор қызығушылықпен қадағалап келемін. Сондай-ақ біз жанжалдардың алдын алып, бейбітшілікті нығайту мақсатында өзіміздің қызметімізді күшейте түсудеміз. Өйткені, сонда ғана өңірлік ұйымдарға тиімді әріптес бола алатынымызды түсінеміз. Осы орайда, біздің хатшылықтарымыз арасындағы ақпараттар алмасу жөніндегі қызметтің мәні де айтарлықтай. Оның үстіне мұндай алмасуларды жиілетіп, жергілікті жерлерде ақпараттар алмасуды белсенді ете түсу үшін оларды жиілетіп, деңгейін көтерген ұтымды. Бұған қауіпсіздік пен барлық адамдар үшін жақсы өмір маңызды негіз қалайды. Міне, нақ осы тұрғыда мен сіздерге толық қолдау көрсететініме уәде бере аламын. ӨҢІР ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде Литва Сыртқы істер министрі Аудро­ниус Ажубалис БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді.  Келесі 2011 жылы ЕҚЫҰ-дағы төраға­лықты иеленетін Литва Республикасының Сыртқы істер министрі өз сөзінде Қазақстанда қалыптасқан ынтымақтастық пен бауырмалдық және Қазақ­станның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде атқарып жатқан ауқымды іс-шаралары жөнінде айтып берді. “Бұл ең алдымен Қырғыз­стандағы күрделі оқиғаға тікелей қатысты. Өйткені, мұндағы жағдайды реттеу мәселесінде өздерін жақсы жағынан көрсетіп, іскерлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді”, деп атап көрсетті министр. Аудрониус Ажубалистің пікірінше, көршілес елдегі оқиғаның тез арада қалпына түсіп, жағдайдың жөнделгендігін қалың көпшіліктің қалайтындығы сөзсіз. Өкінішке қарай, әр уақыттың өз үкімі болатынын және мұны дәл бүгін бейресми кездесуде шешу мүмкін емес екендігін әркім түсінсе керек. “Шынымды айтсам, мен Қазақстанға Алматыда өтетін бейресми саммиттің қатысушысы ғана емес, сонымен бірге, Литвамен тығыз қарым-қатынастағы, достық пейілдегі елге келіп отырмын деп ойлаймын. Біздер келесі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеміз. Литва мемлекеті де бүгінге дейін жүзеге асырылып жатқан мәселелерді одан әрі дәйектілікпен жалғастырмақ”. Атап айтарлығы, деді министр, бұл бағытта біздердің Қазақстаннан үйренеріміз көп. Әсіресе дағдарысқа соқтырған жәйттердің алдын алуға және оны қалпына келтіруге байланысты. Дегенмен, көрші мемлекеттегі күрделіліктің  қайғысы, қасіреті мол екенін де жасырудың қажеті жоқ. Келесі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезеңінде Литва “Корфу үдерісін” нығайтуды одан әрі жалғастырмақ. Әрине, бұл орайда ұзаққа созылған шиеленістерді шешу мүмкіндіктерін кеңінен қарастыра отырып, Еуропа континентінде қауіпсіздікті сақтауға бар күш-жігерді жұмсаған жөн. Сөз реті келгенде атап айтарлық жәйт, шиеленісті аймақтарға, әсіресе, Таулы Қарабақта, Грузияда, Молдовада орын алып отырған проблемаларға халықаралық ұйымдардың назарын аударудың қажеттілігі зор. Жақында менің ресейлік әріптесіммен – Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуімнің сәті түсті. Әңгіме өзегі біздің мемлекеттің ЕҚЫҰ-ға келесі жылғы төрағалығы, ондағы басымдықтар төңірегінде өрбіді. Екеуара ортақ әңгімеде біздер ортақ бір түйінді пікірге келдік. Бұл орайда ең басты күрес ­­–­ есірткі тасымалына қарсы жүргізілетіні айтпаса да түсінікті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит өткізу туралы бастамасы көпшілік қолдауына ие болуда. Сондай-ақ Қазақстанның өзге де ұсыныстары Еуроодақ бағдарламаларымен (қару-жараққа бақылау жасау, Ауғанстандағы жағдайды реттеу және тағы да басқа) сәйкес келуде,­ – деді Аудрониус Ажубалис өз ойын ортаға салып. “Ең бастысы – Қазақстан және менің әріптесім, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев Қырғызстандағы дағдарыс кезеңінде іскерлік танытып, оған БҰҰ, Еуроодақ және тағы да басқа халықаралық ұйымдарды да жұмылдыра біліп, ондағы азамат соғысының одан әрі дамуына тойтарыс бере алды”, деді өз сөзін одан әрі жалғастырған министр. Оның тұжырымдауынша, Литва Қырғызстанның жаңа консти­туция қабылдау жөніндегі референдум өткізуін толығымен құптайды. Министр мұндай референдумның елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін қажеттігін де атап көрсетті. Министрдің пайымынша, Қазақстанның шиеленіс­тер­дің шешімін тауып, күн тәртібінде тұрған міндеттерді орындауды бірлесіп, жан-жақты түрде талқылау мақсатында Астанада саммит өткізу туралы бастамасы – бұл өте орынды әрі өте маңызды мәселе екендігі сөзсіз. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға өткен жарты жылдық уақыттағы төрағалығы және орнықты ұсыныстары оның өнімді еңбегінің айқын айғағы екендігі айдай ақиқат десе де болады. ЕҚЫҰ-ның  Жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Херберт Зальбер өз кезегінде көпшілікке арнаған сөзінің басын бірден Қырғыз­стан­дағы күрделі оқиғадан бастады. Шешеннің айтуынша, оның өзіндік себептері де жеткілікті. ЕҚЫҰ-ның консультативтік тобымен бірге біздер Бішкек қаласында үш күн болдық. Кездесу кезінде Отунбаева ханым елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қырғызстанға әскерилерді, яғни полицейлерді орналастыру туралы бізге ұсыныс жасады. Басқосуда полицейлерді қай жерге, қашан және қалай орналастыру туралы әңгіме де қозғалды. Біздер күн тәртібінде тұрған бұл мәселе тез шешімін табады деп үміттенеміз, – деді Херберт Зальбер. Сонымен, Херберт Зальбердің пікірінше, Бішкекке биылғы жылы алғашқы топта ЕҚЫҰ тарапынан 52 полицей қызметкері жіберілмек. Ал, келесі жылы олардың санын сол аймақтағы қажеттілікке орай 100-ге жеткізу жоспарлануда. Әрине, бұл орайда халықтың өз қауіпсіздігіне, полицейлерге деген сенімін қалыптастырудың да маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Ал, енді Қырғызстанға қай елдің полицейлері жіберілетіндігі әзірше белгісіз, өйткені, олардың арасында оны анықтау үшін алдағы уақытта конкурс өткізіледі. “Сөйтіп, үздіктер анықталады, артықшылық негізінен орыс тілін жетік білетіндерге берілмек”, деп қорытындылады өз сөзін ЕҚЫҰ-ның Жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры. Херберт Зельбердің сөзіне қарағанда, полицейлердің Қырғызстанда өткізетін төрт ай уақытына орай жұмсалатын қаржы шығынының да мөлшері есептеліп қойылғанға ұқсайды. Оның көлемі шамамен айтқанда бірнеше миллион еуроны құрамақ. АҚПАРАТ ТАРАТУШЫ АРАНДАТУШЫ ДА БОЛА АЛАДЫ... Кеше түстен кейін, бейресми кездесу барысында ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі  өкілі Дунья Миятович баспасөз бри­фингін өткізіп, аталмыш Ұйымның осы мәселеде атқарып жатқан шараларын атап, алда жасалынуға тиісті жоспарларымен бөлісті. Қазақстандық және шетелдік әріп­тестеріміздің тарапынан мүдделес­тік пен қызығушылық тудырған брифингте Миятович ханым жур­налистердің жан-жақты сауалдары­на саралы жауап беріп өтті. Мыңсан мүдде алда көлбең­де­ген мынау мазасыз әлемде кез келген қоғамда БАҚ бостандығына қатысты түйткілдер табылады. Сол сөз бостандығының өзін әріп­тес­теріміз қалай түсінеді, жауапкер­шілігіне терең бойлай ма?  БАҚ бостандығы дейтін сан қырлы сөз семсерімен ешкімді жараламай, қоғамды алаламай, мәселенің түпкі мәніне үңіліп барып сөз саптау арқылы қоғамға ақпарат тарату мәселесі қай кезде де, қай заманда да күн тәртібінен түсіп көрген емес. Басқасын былай қойғанда, тарихта абайламай, парығына бойламай айтылған сөздің салдарынан туындаған қантөгістер мен кикілжіңдер қаншама? Сондықтан болар, журна­лис­тердің қитұрқы сауалдарына сабыр­мен, саралап отырып жауап берген Дунья Миятович Қазақстанда да аталмыш мәселеге қатысты түйт­кілдер бар болғандықтан, Қазақ­стан Республикасының Мемле­кет­тік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевпен кез­десіп, кейбір мәселелердің оң шешімін табуға әрекеттер жасалы­нып жатқандығын атады. Сондай-ақ Дунья ханым ЕҚЫҰ электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында еркін ақпараттар легін сақтап қалуға ұмтылатын­дығына сендірді. Дунья Миятович ЕҚЫҰ  жауап­кершілігіндегі мемлекеттер ғана емес, аталмыш Ұйым әлемнің басқа елдерінде де интернетте БАҚ бостандығын шектейтін заңдар қабылдауға әрекет етіп жатқанын көріп отырғандығын айтты. ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі журналист құқы­ғы­ның қорғалуына  қатысты кез кел­ген мәселеге бей-жай қарамай­тындығын, түйткілді жағдайлар туындағанда оның оңды шешімі табылуы үшін нақты әрекет, әділ ықпал ететіндігін алға тартты. Қалай десек те, осы брифингтен түйгеніміз, қазақстандық БАҚ өкілдері “БАҚ бостандығы” деген арзан сөзге алданбайтындығын, мынау аласапыран әлемде тұрақ­ты­лық пен ауызбіршіліктің құны қым­бат екендігін білдірді. Жур­на­лист ақпарат таратушы ғана емес, аран­датушы да бола алатынын біле­тін әріптестеріміз ЕҚЫҰ өкілімен бұ­қаралық ақпарат құралдары ауыз­дықсыз кеткен кейбір елдерде орын алып отырған оқиғалар мысалымен қысқа сұхбат құрып, өз жауапкер­шілігін сезінетіндіктерін білдірді. ҚАТЫСУШЫ ЕЛДЕРДІҢ ОРТАҚ ҰСТАНЫМЫ Ұйымға қатысушы мемле­кет­тер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі нәтижелі аяқ­талған соң, ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құ­ралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, кездесудің қорытындысы жайлы айтып берді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың атап өтуінше, сыртқы істер министр­ле­рі­нің кездесуі ойдағыдай өтті. Бұл былтыр Грекияның Ұйымға төрағалығы кезінде Корфу ара­лында өткен бейресми кездесудің заңды жалғасы болып табылады. Бұл бейресми аталғанымен, онда Вла­ди­востоктан Ванкуверге дейінгі қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге бай­ланыс­ты өзекті де өткір мәселелер кеңі­нен талқыланды. Қатысушы елдер­дің министрлері Хельсинки акті­сін­де көрсетілген қағидаларға сәйкес ұсыныс-пікірлерін ашық білдірді. Қазақстанның Ұйымға төраға­лы­ғының басымдықтарын биылғы жылдың 10 қаңтарында Венада өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бейнеүндеуінде жария еткен еді, деді Қанат Сау­дабаев. Содан бергі алты ай ішінде Қа­зақстанның Ұйымға төрағалығы аса табысты болды. Бүгін біздер Ұйым­ның басты қағидаты – кон­сенсустық жағдайда ЕҚЫҰ-ның жо­ғары деңгейдегі саммитін осы жыл­дың соңына қарай Аста­на­да өткізу қажет деп таптық. Бұл Ұйымға мүше мемлекеттердің бар­лы­ғына ортақ және Қазақстан төр­аға­лығының жетістігі болып табылады. Ұйымның Іс басындағы төр­аға­сы, сондай-ақ бүгін Қазақстан Президентінің бастамасы бойын­ша өтетін саммиттің қай күні бо­ла­тыны жөнінде де келісім жасал­ғанын мәлім етті. Сонымен қатар, бейресми кездесуде талқыланған мәселелерге де тоқталды. Ұйым­ның Іс басындағы төрағасының атап өткеніндей, кездесу бары­сын­да қауіпсіздік, қаржы-экономи­ка­лық дағдарысты еңсеру, көрініс беруі мүмкін кикілжіңдерге жол бермеу, Қырғызстанды тұрақтан­ды­ру, тағы басқа да өзекті мәселе­лер талқыланған. Ал, он бір жыл­дан соң өткелі отырған саммит Ұйымның беделін  нығайтатын болады. Баспасөз мәслихатында Ұйым­ның Іс басындағы төрағасына журналистер тарапынан сұрақтар да көп қойылды. Алғашқы сауал жоғары деңгейдегі саммиттің қай кезде өтетініне байланысты болды. Қанат Бекмырзаұлының қайтарған жауабына қарағанда, бүгінгі кездесуде саммитті өткізу жөнінде кон­сенсустық келісім жасалған. Енді саммиттің өтетін күнін бел­гілеу қалды. Содан кейін сам­мит­тің саяси құжаттарын дайындау басталады. Қойылған сұрақтардың бірқа­тары Қырғызстандағы жағдайға қатысты өрбіді. Ұйымның Іс басындағы төрағасының хабардар етуінше, Қырғызстан Қазақстан­мен көрші, бауырлас халықтар. Осы жылдың сәуірінде Қырғыз­станда орын алған белгілі оқиға­ларға байланысты Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев, АҚШ Президенті Барак Обама және Ресей Президенті Дмитрий Медведев өзара ынтымақтасудың нәтижесінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Ондағы басты мақсат – Қырғызстанда азамат соғысының орын алуына жол бермеу. Содан бергі уақыт ішінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде ондағы тұрақ­тылықтың орнығуына көп күш-жігер жұмсап келеді. Арнайы өкілін де жіберді. Ұйым БҰҰ-мен бірлесе отырып, жанжалды бейбіт жолмен реттеуді қолға алды. Қанат Саудабаев, сондай-ақ жақын арада ЕҚЫҰ Қырғызстанға полицейлер тобын жіберу жөнінде жұмыстар жүргізіп жатқанын да атап өтті. Енді Бішкектегі ЕҚЫҰ-ның орталығы нығайтылып, оның жұмысы жандандырылады. Бұ­лар­дан бөлек, Қырғызстанға гума­нитарлық көмектер көрсетіліп, парламент сайлауының өтуіне қо­лайлы жағдай туғызылатын бола­ды. Бүгінде Қазақстан Жалалабад және Ош қалаларында өртелген, қира­тыл­ған нысандарды қалпына кел­ті­ру үшін бағдарлама дайын­дауда. Қазақстан жағынан жұмыс тобын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Шөкеев, ал Қырғыз­стан тарапынан Қыр­ғыз­стан­ның бірінші  вице-премьері Му­ра­лиев басқарады. Бұл елдің саяси-әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін бірінші кезекте экономикалық қолдау, көмек көрсету қажет, деді сөзінің соңында Қанат Саудабаев. “Егемен Қазақстанның”  тілшілер тобы.Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.