ПАВЛОДАР. 30 маусым. Енді облыс орталығындағы №3 жылу электр орталығының қуаттылығы артады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жаңа турбина қазіргі бар электр қуатын 45 МВт-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл 2011 жылдан бері стансада ауыстырылған үшінші жаңа турбина. Ол жылу электр орталығында 1972 жылдан бері жұмыс істеп, әбден тозған.
«Жаңа турбина бұзылған жабдықтың орнына орнатылды. Сөйтіп, жаңаланған энергетикалық жабдықтың жиынтық қуаты 525 МВт-тан 255 МВт-ты құрайды. Бұл өңір экономикасының дамуына, жаңа бизнес – жобалардың табысты дамуына, сондай-ақ өңір тұрғындарын энергиямен жабдықтауды жақсартуға ықпал ететін болады», деп атап өтті энерго орталықтың Бас директоры Олег Перфилов.
Алдағы уақытта энергетиктер тағы турбинаны іске қосуды жоспарлап отырған көрінеді. Бу бурбиналары мен қазандық агрегаттарын қайта жаңартудың барлық жобалары технологиялық үдерісті заманауи автоматтандырылған басқару жүйелері талаптарына сай. Бұл энергетикалық жабдықтың пайдалы әсер коэффициентін арттыруға, көмір мен мазуттың шығынын барынша азайтуға, және сәйкесінше, экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді.
2011-2017 жылдар аралығында 5 турбоагрегат және 2 қазандық агрегатын ауыстырып, қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Шекті тарифтердің мемлекеттік бағдарламасының қорытындысы бойынша жаңа активтер құруға, сондай-ақ оларды кеңейтуге, жаңалауға, қолдауға, қайта жаңартуға және техникалық қайта жарақтандыруға арналған инвестициялардың көлемі шамамен 47,3 млрд теңгені құрайды.
Фарида Бықай.
Дерек, сурет: egemen.kz