19 Шілде, 2010

Қазақстан-Германия: ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫН КЕҢЕЙТІП, ЖАЛҒАСА БЕРЕТІН БОЛАДЫ

684 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель ресми сапармен біздің елімізге келіп қайтты. Түс ауа Астана әуежайына келіп қонған Федералдық Канцлер бас­та­ған делегацияны Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов қарсы алды. Сапар басын елорданың әкімшілік бөлімімен танысудан бастаған жоғары мәртебелі мейман алдымен Отан-Ана монументіне гүл шоқ­та­рын қойып, соңынан Мемлекеттер басшылары аллеясына ағаш отыр­ғызу рәсімін жасады. Содан кейін Федералдық Канцлер еліміздің Үкімет басшысымен бірге Риксос отеліне келіп, үстел басында бас қосқан келіссөз жүргізді. Екі жақты түсіністікті әңгіме кезінде тараптар сауда-экономикалық саладағы қа­зақ-неміс өзара іс-қимылының қа­зір­гі ахуалы мен келешегі, сондай-ақ Қазақстанның жедел индустрия­лық-инновациялық даму бағдарла­ма­сын жүзеге асыру үшін инвести­циялық ынтымақтастықты кеңейту жайлы пікір алмасты. Бұл Ангела Меркельдің Қазақ­стан жеріне бірінші келуі болғаны­мен, екі ел басшыларының бір-бірімен алғаш рет жүздесулері емес. Жалпы, екі дәулеттің өзара тиімді саяси үнқатысуы олардың арасында дипломатиялық байланыс орнатыл­ған уақыттан бері жалғасуда. Ха­лық­аралық жауапты мәселелер ту­ра­сында көзқарастары мен пікір­ле­рінде алшақтық жоқ. Екі мемле­кеттің сыртқы саяси бастамалары мен ұмтылыстары бір-бірінен қолдау тауып жүр. Соның нақты айғағы, кезінде Берлин Қазақ­стан­ның Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының төраға­лы­ғына ұсынылған кандидатурасын бірден қолдады. Осы күндері Гер­мания біздің еліміздің Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне қолдау көр­сетіп, кредиттік рейтингісінің өсуі­не ықпал жасауды мойнына алып отыр. Бұдан бөлек, Германия бас­шылары 2007 жылғы маусым айын­да Брюссельде өткен Еуропа Одағы елдерінің саммитінен бері бұл ха­лықаралық беделді ұйымның Орта­лық Азияға қатысты стратегиясын жасауды өзекті мәселелердің бірі етіп көтеріп келеді. Ал 2008 жыл­дың қыркүйек айында Германия­ның Федералдық Президенті Хорст Келердің Қазақстанға ресми сапар­мен келіп қайтуы бұл екі мем­ле­кеттің арасындағы қарым-қаты­насты жаңа деңгейге көтерді. Ақыр соңында, 2009 жылдың 3 ақпаны күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақ­станның Германиядағы жылын салтанатты жағдайда ашу үшін ГФР-ге арнайы ұшып баруы сол қа­лыптасып қалған қарым-қаты­нас­тың стратегиялық сипат алуына серпін берді. Елбасының осы сапар барысындағы да көптеген саяси және экономикалық мәселелер жөніндегі ұсыныстары Федералдық Канцлер Ангела Меркель ханым та­рапынан қолдау тапты. Енді өз кезегінде Қазақстан да Герма­ния­ның Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік Ке­ңе­сінің тұрақты емес мүшесі орны үшін 2011-2012 жыл­дарға ұсынып жатқан кандида­ту­расын қолдайды. Бұл әңгіме кешегі кездесулер бары­сында Елбасы аузымен арнайы айтылды да. Екі ел арасындағы жарасымын тапқан сыйластыққа былтыр неміс жерінде өткен Қазақ елі жылының жалғасы ретінде үстіміздегі жылы Қазақстанда Германияның жылы өтіп жатқаны да анық айғақ бола алады. Осы тақырыптық жылдың аясында елімізге қадам басқан Федералдық Канцлер республика Премьерімен Риксос отелінде өткен кездесуден кейін осы ғимарат залында ұйымдастырылған қазақ-герман бизнес-форумына қарай ат басын бұрды. Екі ел бизнесмен­дерінің басын қосқан бұл алқалы жиынды Нұрсұлтан Назарбаев пен Ангела Меркель ашып берді. Осы жерде Қазақстан мен Германия стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесі құрылып, екі жақтың тиісті өкілдері осыны айғақтайтын меморандумға қол қой­ды. Енді бұл кеңес екі елдегі ұйымдар мен бірлестіктер арасын­дағы іскерлік байланыстардың тиімділігін арттыру қызметімен ай­налысатын үйлестіру және консуль­тациялық орган болады. Осындай жақсы нышанмен ашылған бизнес-форум кезінде жиынтық құны 2 млрд. еуродан асатын 34 коммер­циялық мақсаттағы құжаттар дү­ниеге келді. Бұл құжаттардың ішін­де қымбат та, арзан да жобалар бар. Жалпы, бағдарлама толық жүзеге асқан кезде оған 50 млрд. доллар шамасында қаражат жұмсалатын көрінеді. Бизнес-форум кезінде Нұрсұл­тан Назарбаев германиялық кәсіп­керлерді еліміздің индустриялық даму бағдарламасын іске асыруға белсенді түрде араласуға шақырды. “Біз әрқашан Германия Федера­тивтік Республикасын еліміздің “Еуропаға жол” бағдарламасын орындаудағы басты әріптес ретінде қарастырып келдік, – деді Елбасы өзінің сөзінде. – Өзіміз ойға алған бұл бағыттар Қазақстанның 2015 жылға дейінгі индустриялық даму бағдарламасының аясында да жалғасын табады деп үміттенеміз”. Мемлекет басшысы сонымен қатар біздің еліміздің Кеден одағына кіруіне байланысты Қазақстанда Германия үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашылып отырғанын тілге тиек етті. Осы сөздердің сабақтастығы ретінде Елбасы бұдан кейін екі елдің Инновациялық-инвестициялық әріптестік туралы 2011 жылға белгіленіп қойылған бағдарламасын 2014 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Өз кезегінде Ангела Меркель Қа­зақстан Орталық Азиядағы эконо­микалық орталық және Германия үшін өңірдегі ең басты экономи­калық әріптес болып қала беретінін мәлімдеді. Осы жерде Канцлер Германия іскер топтары мен мем­лекеттік ведомостволары өкілдері екі елдің арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытуға келгенін жеткізіп: “Біздің сапар Қазақстанда Германия жылы өтіп жатқан кезде болып жатыр. Осы орайда Қазақ­станда көптеген адамдар Германия жайында бұдан да тереңірек танысатын болады. Бұл екі жақ үшін де тиімді. Осының арқасында екі елдің алыс-берісі әрқашан­да­ғыдай жақсы болып қала береді”, дегенді тарқатып айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Германия арасында бірлесіп шешілуі тиіс ортақ мәселелер бар­шылық. Бұл мәселелерді, әсіресе, биыл Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етіп отырған тұста шешкеннің тиімділігі жоғары. “Қазақстанның бұл беделді халықаралық Ұйымға жетекшілік етуі оның бостан­дық­пен байланысты құндылықтарды, қауіпсіздікті, адам құқықтары мен демократияны қолдайтынын айдай әлемге паш ету үшін оған керемет мүмкіндіктер береді. Бұл ХХІ ға­сырдағы адамзат баласына жүктел­ген аса маңызды құндылықтар болып табылады. Сондықтан біз ЕҚЫҰ арқылы осы құндылықтар­дың жоғары деңгейде іске асыры­луын қалаймыз және осы игіліктер Орталық Азия аймағында да та­лапқа сай жүзеге асады деген ойда­мыз”, деді келесі сөзінің орамында Канцлер. Бұдан кейін екі елдің басшылары энергетикалық сек­тордағы және жаңа техноло­гия­ларды трансферттеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажетті­лігі жөнінде өзара пікір алмасты. Енді осы сөздің тұздығын кел­тірер болсақ, қазіргі таңда Қазақ­стан Германияға энергия тасымал­дау жағынан 4-інші орында тұр­ға­нын айтар едік. Ал шағын және орта бизнесті дамытуда неміс жұрты­ның орасан зор тәжірибесі бар. Сондықтан қазақстандықтар олардың көмекке келгеніне мүд­делі. Сөз барысында осындай ықыласты байқаған Канцлер өз елі осы орайда Қазақстанның 2015 жылға дейін жоспарлап отырған міндеттерін жүзеге асыруға жәрдем беруге ынталы екенін білдіріп үлгерді. Осы ретте айта кететін тағы бір жәйт, Қазақстан алға қойып отырған елді жаңғырту мәселесі бойынша да Германияда үлкен тәжірибе бар. Бұл, әсіресе, энергия үнемдеу, мәшине құрастыру, теле­ком­муникация, ауыл шаруашы­лығы, құрылыс сияқты іргелі са­лаларда айқын көрінеді. Ал неміс кәсіпорындарының қамқор қол­дарын созуына ең алдымен мұн­дағы сенімді екіжақты шарттар мен тараптардың бір-біріне деген құрметі негіз болып отырса керек. Екі ел басшыларының ресми кездесулері бұдан кейін Ақордада жалғасты. Алдымен Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев пен Германия Фе­де­ративтік Республикасының Канц­лері Ангела Меркель шағын топтың қатысуымен кездесіп, өзара келіс­сөз жүргізді. Содан кейін келіс­сөздер кеңейтілген құрамда жал­ғасты. Бұл басқосуларда екі елдің басшылары сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық сала­лар­дағы Қазақстан-Германия ын­тымақтастығын кеңейтудің келе­шегін талқылады. Оның барысында тараптар екі мемлекет арасында жоғары деңгейдегі қарқынды саяси үн­қатысу орныққанын атап өтті. Бұған Елбасы мен Канцлердің соңғы үш жыл ішінде бесінші мәрте өзара кездесіп, туындап отырған кезекті мәселелерді жүйелі талқылап тұруы да оң ықпал еткені байқалады. Қалыптасып қалған бұл жақсы қарым-қатынастың арқасында екі елдің арасындағы өзара сауда көлемі де жылдан жылға ұлғайып келеді. Айталық, жаһандық қаржы­лық-экономикалық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, Қа­зақ­стан-Германия сауда айналымының көлемі өткен жылдың қорытын­дысы бойынша 2,9 млрд. доллардан асыпты. Ал биылғы, 2010 жылдың алғашқы жартысында оның мөл­шері 1,5 млрд. долларға жетіп отыр. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 800-ден астам бірлес­кен кәсіпорынның тіркелуі де көп жәйттен хабар берер еді. Ал тәуел­сіздік жылдарында ГФР-дің Қазақ­стан экономикасына салған инвес­тициясының ауқымы 3 млрд. дол­ларға жуық қаражатты құрайды. Өз кезегінде Қазақстан ГФР-дің экономикасына 4 млрд. доллардан астам инвестиция құйған екен. Жоғарыдағы келіссөздердің барысында сонымен қатар Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламасына герман­дық бизнестің қатысуын ұлғайту мүмкіндіктері қарасты­рыл­ды. Соның ішінде металлургия, мә­шине жасау, ауыл шаруашылығы, көлік, теле­ком­муникация, ғарыш­тық кеңістікті бей­біт мақсатта зерттеу мен пайда­лану, экономика саласындағы басшы қызметкерлер мен менеджерлердің біліктілігін арттыруда өзара тиімді ынтымақ­тастықты дамыту туралы келісім­дерге қол жеткізілді. Білім сала­сын­дағы ынтымақтастықты дамытудың маңызы да жоғары. Осыған айрық­ша мән берген Қазақстан өткен жылы ГФР-да “Болашақ” еуропа­лық орталығының өкілдігін ашты. Алматыда Қазақ-Неміс универ­си­тетін одан әрі дамыту жоспары жүзеге асуда. Осы кез­де­су­дің бары­сында Елбасы сондай-ақ неміс мей­мандарды Астанадағы “На­зар­баев университеті” халықара­лық жоғары оқу орнымен ынтымақ­тастық орнатуға да шақырды. Кездесу кезіндегі келесі әңгі­мелердің тақырыбы халықаралық саясат мәселелерімен ұштасты. Оның барысында тараптар Қыр­ғызстандағы ахуалды тұрақтандыру, Ауғанстанды қалпына келтіру жай­ларын, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылық төңірегіндегі өзекті мәселелерді тал­қылады. Бұл халықаралық мә­селелер тарапында Астана мен Берлиннің ұстанымы ұқсас екені атап өтілді. Германия өз кезегінде Қазақстанды “өңірдегі тұрақтылық пен дамудың діңгегі” ретінде қарастырады әрі дінаралық және конфессияаралық үнқатысуды орнықтыруда ЕҚЫҰ төрағалығы аясындағы қазақстандық бастама­ларға қолдау көрсетеді. Кездесуді аяқтай келе, тараптар келіссөздер екі елдің саяси, сауда-эконо­ми­калық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге, сондай-ақ Қазақстан-Германия қарым-қатынастарын стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруге ұмтылысын көрсетіп бергенін жеткізді. Германия Федералдық Кан­ц­­лері­нің елімізге сапарының ая­сында сонымен қатар бірқатар құ­жаттарға қол қойылу рәсімі болды. Олардың қатарында бірқатар үкі­мет­аралық және ведомоствоаралық құжаттар бар. Келіссөздер аяқ­талғаннан кейін Нұрсұлтан Назар­баев пен Ангела Меркель бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Германия Федералдық Канцлері бастаған делегация түнге қарай Берлинге ұшып кетті. Серік ПІРНАЗАР, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.