21 Тамыз, 2015

Еуразия ұлттық университеті: кеше және бүгін

3347 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ЕНУ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен екі жоғары оқу орны – Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогикалық институтының бірігуі негізінде құрылған. Сол жылдары мұнда 5 мыңдай ғана студент оқып, 300-ге жуық оқытушылар жұмыс істесе, бүгінде Еуразия ұлттық университеті қала ішіндегі қалаға айналды. Қазір мықты инфрақұрылымдарымен дамыған, оқу-лабораториялық ғимараттарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен, әлеуметтік әрі мәдени бағыттағы нысандармен толыққан оқу ордасы бұл. Бүгінгі таңда мұнда 16 300 студент білім алады, 3500-ден астам қызметкерлер жұмыс атқарса, олардың 1500-і профессор-оқытушылар құрамының өкілдері болып табылады. Қазіргі күні жоғары білім сапасын рейтингтер жүйесі анықтайды. Ұлттық рейтингте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірнеше жылдан бері көш бастап келеді. Алғашқы ұлттық жоғары оқу орны­ның табыстылығы оның халық­аралық деңгейдегі өрлеуімен, білім берудің автономды ұйымдастыруына трансформациясымен көрінеді. Онда білім беріліп қана қоймай, сонымен қатар, қазіргі ғылымның жетістігінде негізделген жаңа идеялар туындайды. Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – үздіксіз дамып келе жатқан білім ордасы, оған QS World University Rankings халықаралық рейтингінде таңдаулы 300 университет қатарына енуі дәлел бола алады. Жиырма жыл бойы жоғары бі­лім беру саласындағы қажымас еңбек өз жемісін беріп келеді. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – QS «TOP 50 under 50» атты құрылғанына 50 жыл толмаған алдыңғы әлем университеттерінің қатарына кірген ТМД бойынша жалғыз жоғары оқу орны. Бұл тізімнің ішінде Гонконг, Сингапур, Оңтүстік Корея, Малайзия, АҚШ, Испания, Нидерланд, Финляндия, Швеция, Бельгия, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Германия, Норвегия, Дания, Италия, Израиль, Франция және Сауд Арабиясының жоғары білім беру ордалары бар. Тәуелсіз мемлекеттер ынтымақ­тас­тығының экономикалық кеңесі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін өнім және қызмет сапасы саласында жеңімпаз деп таныды. Президенттің 2012 жылғы «Ал­тын сапа» сыйлығының «Қызмет көрсе­тетін үздік кәсіпорны» номинациясы бірінші ұлттық жоғары оқу орнына бұйырды. Жас университеттің марапаттар тізімі мен сапа мойындауларын одан әрі жалғастыра беруге болады. Соңғылардың ішінде Еуропалық ғылыми-өндіріс палатасының «Еуро­палық стандарт» жоғары бағасын иеленді. Қазіргі кезде оқу орны өз түлек­терінің жоғары талапқа сай болуын көздеп, жұмыс берушілерімен тығыз байланыс ұстаған, профессор-оқытушылар құрамын қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық бағыттағы инновациялық даму, халықаралық қатынастар жыл сайын даму үстінде. Соған сәйкес, оқу орнының мақ­сатты даму факторы кешегі мектеп түлек­терінің Еуразия ұлттық университетін таңдауға басымдылығын көрсетеді. Бұған жақында ғана көрсетілген нәтижелер дәлел бола алады: «Алтын белгі» иегерлерінің көп бөлігі дәл осы оқу орнында білім алуда. Қазіргі таңда осындай балдардың контингенті 4200 студентті құрайды. ЕҰУ-ға тиесілі мемлекеттік білім беру гранты санының көбі техникалық және технологиялық мамандықтарға тиесілі, жалпы грант санының 68%-ын құрайды. Республикалық көлемде алғанда, бұл көрсеткіш мемлекеттің техникалық әрі технологиялық маман­дықтарға бөлген грант сандарының 14%-ын құрайды, яғни ең жоғары көрсет­кіш болып саналады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкциясын өндіру», «Ғарыштық техника және технология» басым мамандықтары бойынша болашақ мамандарды даярлауда атсалысып келеді. Бүгінгі таңда ЕҰУ ақпаратты криптографикалық қорғау құралдарын іске асыратын және дайындайтын лицензиясы бар Қазақстандағы жалғыз оқу орны. Жоғары оқу орнының басшылығы биыл студенттік жастардың сапалы құ­ра­мына ерекше көңіл бөлді. Құқық­­тану, халықаралық құқық, халық­аралық қатынастар, экономика, қаржы, есеп және аудит, менеджмент мамандықтары бойынша өту ұпайы 70-тен 80 балға дейін өсті. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруіне байланысты отан­дық ғылымға көп көңіл бөлінуде. Елбасының ғылымды қаржы­ланды­руды ұлғайту ұсынысы үлкен резонанс тудырды: ІЖО-нің 3%-ға дейін ұлғаюы таза ғылыми революция жасауға мүмкіндік береді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің алға қой­ған мақ­саты – ғылыми-зерттеу универ­си­­теті атану. Бұл бағытта жыл сайын ғы­лым саласында жастардың интел­лек­­туал­дық әлеуеті артып келеді. Ал­ғаш рет магистратураға мемлекеттік тап­­сы­рыс бойынша 1006 орын бөлінді (өт­кен жылы – 985), докторантураға мем­лекеттік тапсырыс бойынша 91 адам оқитын болады (өткен жылы – 70). ЕҰУ-да ғылыми-зерттеу жұмыс­тарына жас ғалымдардың қатысуы 25%-ды құрап отыр, дуалды техникалық және кәсіби білім берудің ұлттық жүйедегі орталығы құрылып жатыр. Инженерлік бағыттағы лаборато­рия негізінде Елбасы айтып өткен клас­терлердің бірі құрылды: жоға­ры технологиялық жабдықтар – жас ма­ман­дар – ғылыми жобалар – тәжіри­белік-құрастырымдық талдамалар – ғылыми-зерттеулер нәтижелерін коммерциялау – бизнес. Әлемнің ең үздік 500 жоғары оқу орындарының қатарындағы шетелдік ғалымдардың жалпы саны соңғы үш жылда 1100-ден асып кетті. Әлемнің 190-нан астам жоғары оқу орындарымен халықаралық келісімшарттар жасалған. Қазақ-үнді ақпараттық-коммуни­кациялық технологиялар орталығы – бұл ҚР Президентінің тапсырмасын орындаумен байланысты үш жылдық жұмыс қорытындысы болып табылады. Алдыңғы қатарлы есептеу техникасын қолдану және физика, молекулалық биология, сейсмология, метеорология мен басқа ғылымдар саласында ауқымды ғылыми есептеулер жүргізу арқылы студенттерді оқытуға арналған негізгі және қолданбалы бағдарламалық жасақтамасы бар суперкомпьютер PARAM ағымдағы жылдың жазында іске қосылды. ЕҰУ ғалымдары отандық ғылым үшін басым бағыттар бойынша 210 ғылыми жобаға қатысады: энергетика, шикізат пен өнімдерді терең қайта өңдеу, ақпараттық және теле­коммуникациялық технологиялар, елдің зияткерлік әлеуеті. Зерттеулер сомасы 2,2 млрд. теңгені құрайды. Шығыс Қазақстан облысы, Бес­қарағай ауданында өнімділігі жылына 7000 м3 болатын ағаш қалдықтарын кәдеге жарату бойынша шағын зау­ыт іске қосылмақ. Одан бөлек, аталмыш жоба ЭКСПО-2017 үшін де маңызды. Шағын-зауыттың технологиясы мен құрылысы Еуразия ұлттық университетінің Инновациялық пар­кі­нің жаңалығы болып табылады. Осылайша, ғылым мен өндірістің бірігуі жан-жақты ілгерілеумен қатар, елді сапалы жаңа деңгейге шығарады. ЕҰУ стратегиясында бүгінгі жетіс­тектерді қамтамасыз ететін көрсет­кіштер қарастырылған: білім беруді интернационалдандыру, академиялық ұтқырлық, импакт фактор журналдарында мақалалар жариялау, ғылыми әзірлемелерді коммерциялау, білім беру бағдарламаларын институттық және мамандандырылған аккредиттеу және оларды әзірлеуге жұмыс берушілерді тарту, түлектерді жұмысқа орналастыру, Erasmus Mundus және TEMPUS халықаралық жобаларына қатысу, екі дипломды білім беру бағдарламаларын ашу, ұлттық және халықаралық рейтингтерге қатысу және т.б. Университет қызметкерлері мен ғалымдарының ғылыми қызметі тиім­ділігін бағалау өлшемдерінің бірі олардың публикациялық белсен­ділігі, Thomson Reuters және Scopus мәліметтер базасына кіретін жоғары рейтингті журналдардағы жария­ланымдар. Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіштер ЕҰУ ғалым­дарының еңбектері бойынша анық­талған. Мысалы, қазақстандық ғалым-­ физик, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің профессоры Рәтбай Мырзақұловтың ғылыми еңбектері жоғары сілтемелік көрсеткіштерге ие болды. Thomson Reuters ақпараттық ресурстарында 2005-2014 жылдар бойынша жалпы қазақстандық еңбектер бойынша Рәтбай Мырзақұлов басылымдар саны бойынша көш бастады. Ғалымның 109 еңбегінен 95-і басқа ғалымдардың еңбегінде сілтемеге ие. ЕҰУ стратегиясы ұзақ мерзімді болашақты көрсетеді: бәсекеге қабі­летті мамандарды даярлау, еуразиялық кеңістікте университеттің зерттеу орталығы ретінде қалыптасуы, кадр әлеуетінің, инфрақұрылым мен басқару жүйесінің дамуы. Еліміздің бірінші ұлттық жоғары оқу орны ғалымдарының жобалары қысқа мерзім ішінде ең маңызды және талап етілетін идеяларды анық­тап, олардың түпнұсқасын жетіл­діріп, қазіргі заман нарығына шыға­руға мүмкіндік береді. Биіктерді бағын­дырған білім ордасында Болон үдерісі ережелерінің талаптарына сай сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін білікті оқытушы-профессорлар құрамының жинақталуына ерекше көңіл бөлінген. Елбасы негізін қалаған, келесі жылы құрылғанына 20 жыл толатын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері де осы оқу орнында білім алатындарын мақтаныш тұтады. Көкейдегі асыл армандарының ЕҰУ-мен бірге жүзеге асатынына олар кәміл сенеді! ЕҰУ-де студенттер тәрбиеcі дұрыс жолға қойылған. Жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін артты­ру­ға арналған іс-шаралар жиі ұйым­дастырылып, тағылымы мол кештер, ел қадірлеген тұлғалармен жүздесулер үздіксіз өткізіліп тұрады. Бұл ретте «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігі тиімді жұмыс істеп келеді: әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерімен өткен кездесулер студенттер үшін нағыз рухани байлық дер едік. Жастар саясаты орталығы мен оның факультеттегі бөлімдерінің, студенттердің «Сенім» атты кәсіподақ ұйымының, алғаш рет ЕҰУ-де ашылған «Алтын белгі» иегерлері қауымдастығының белсен­ділігін де атап өткен орынды. Одан бөлек «Шаңырақ» студенттер театры, «Дала сазы» ұлт аспаптар оркестрі, «Евразия» ансамблі, дәстүрлі «Ер жігіт», «Қыз Жібек», «ENUVISION» байқауларының жастар үшін берері мол. Мұның бәрі студенттердің біліммен қатар азаматтық тәрбие алып жатқандығының айғағы. Университет жетістіктері – бүкіл ұжым мен alma-mater студенттік қауымдас­тығының еңбектерінің нәтижесі. Инновациялық экономика үшін мамандарды даярлау және халықаралық білім беру кеңістігіне бірігуде жетекші рөл атқаратын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті биік белестерді бағындырып келе жатқан бірден-бір білім ордасы. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».