Сирия әлі де қайшылықтың орталығы. Мұнда жағдай өзгермей, Таяу Шығыстағы шиеленістің шешілуі мүмкін еместей. Ал Сириядағы жағдайды түпкілікті реттеуге әзірге ешкімнің шамасы келмей отыр.
Егер Сирияда көпшілік мойындаған бір-ақ билік болса, «Ислам мемлекеті» радикалды экстремистерімен күрес қиындық тудырмас еді. Тіпті, олардың пайда болуы да екіталай еді. Оларды тудырған да ел ішіндегі алауыздық. Президент Башар Асад пен оппозиция арасындағы күрес исламистік экстремистерді бірден ауыздықтауға мүмкіндік бермеді.
Қазір жұрт кімді қолдап, кімге қарсы күш біріктіруді толық ажырата алмай әлек. Халықаралық коалиция исламистік радикалдарға қаттырақ шүйліксе, халыққа қарсы тұрған Башар Асадты қолдағандай болады. Ал, керісінше, сириялық билікке қарсы қысым жасаса, исламистерді қолдағандай болады. Бұлардың екеуі де оңып тұрған жоқ. Диллемалық жағдай қалыптасқан.
Ең алдымен Сириядағы жағдайды реттеудің жолы табылмай отыр. Біреулер Башар Асадты жақтайды, біреулер оппозицияны жақтайды. Асад жағында – негізінен Иран мен Ресей. Оппозицияны жақтаушылар көбірек. Соңғы кезде Сирия билігі ел ішіндегі беделінен де, күшінен де айырылыңқырап тұр, біржола күйреу қарсаңында. Ал оларды қолдаушылар қалай да сақтап қалуға арпалысып жатыр.
Бұл ретте Мәскеудің айрықша белсенділігін атап өткен жөн шығар. Олардың келісім жолын ұсынуы негізінен құптарлық. Бірақ, оның да уақыты өтіңкіреп кеткендей. Алғашқы кезінде өтпелі үкімет құрып, келісімге келуге мүмкіндік болса, Башар Асадтың ұстанған жолы бұл мүмкіндіктің де есігін жапқан. Сөйтсе де Мәскеу оған әрекет жасап жатыр. Сирия оппозициясын Мәскеуге шақыру – соның бір көрінісі.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сириялық оппозицияның бұрынғы да, қазіргі де басшылығымен кездесті. Екі күнгі әңгімеде көп сөз айтылғандай. Тіл табыса алмағандары анық. Оны журналистермен кездескенде сол оппозиция басшылары жасырмай айтты. Сирия оппозициясы мен революциясының ұлттық коалициясының (СОРҰК) басшысы Халел әл-Хаджи терроризммен күресте күш біріктіргеннің жөн екенін, бірақ алдымен елдегі тұрақтылыққа жету жақсы деп дипломатиялық мәлімдеме жасаса, сол СОРҰК-тың саяси бюросының мүшесі Бояр Джамс ашық айтты: «Біз Лавровқа Башар Асадтың режиміне өтпелі үкіметте орын жоқ екенін түсіндірдік», – деді. Шамалы үміт артқан Ұлттық оппозициялық үйлестіру комитетінің бұрынғы үйлестірушісі Хейсам Мананың: «Есі дұрыс бір адам Сирияның болашағында Башар Асад құрған тәртіпке орын табылады деп айта алмайды», – деген сөзі Ресей дипломаттарының жанына батқаны анық.
Лавровтың Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Адел әл-Жубейрмен келіссөзі тіпті түңілдіргендей. Араб министрі журналистерге былай деді: «Асад – Сирия проблемасының бір бөлігі, бірақ оны шешудің бөлігі емес. Өйткені, 300 мың сириялықтың қазасына және Сириядан 12 миллион адамның қашуына сол айыпты. Башар Асад туралы мәселе шешілген. Сирияның болашағында оған орын жоқ. Мұны қалай жүзеге асыруға болады: бейбіт жолымен бе, әлде соғыспен бе? Әңгіме осыған тіреліп тұр».
Дүйсенбіде Сергей Лавров Иран сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен келіссөз жүргізді. Мұнда да Сирия мәселесі сөз болып, екі жақ та Башар Асадты қолдау үшін күш салатынын мәлімдеді. Бірақ, қорғап қалулары қиын-ау деген ой келеді.
Алыптың тізгінін мықтылар ұстайды
Америка Құрама Штаттарындағы президент сайлауына әлі 14 ай бар. Бірақ, әлемнің алып елінің тізгінін ұстау үшін күрес қазір-ақ қызып тұр. Басты үміткерлердің жоталары көрініп те қалды десе де болады.
Бұл елдегі сайлаудың ерекшелігі көп. Алдымен үміткерлер өз партиясында күресіп, сол партияның мандатын алады. Онан соң қарсылас партияның өкілімен күреске түседі. Бұл елде тайталасатын екі-ақ партия бар: демократиялық және республикашылар партиялары. Қазір билікте – демократтар. Соңғы біраз жылдағы есесін қайтару үшін республикашылар күреске белсенді қатысып отыр.
Екі партиядан да негізгі үміткерлер айқындалып қалды. Әзірге республикашылардан 18 үміткер тіркелсе, демократтардан күреске 5 адам түспек. Әңгіме үміткерлердің саны аз-көптігінде емес, ақтық айқасқа қосылатын біреу-ақ. Соның бірегей болғаны керек.
Бұл елдегі тағы бір ерекшелік – үміткерлердің беделі, шалымы әркез халық арасында сауалнама жүргізу арқылы айқындалып отырады. Ең соңғы сауалнама бойынша республикашылар арасында құрылыс магнаты, миллиардер Дональд Трамп, ал демократтар ішінен бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон топ бастап тұр.
Әлем жұртшылығына Хиллари Клинтон белгілі қайраткер, ал Дональд Трамптың топ бастауы таңданарлық жай. Мұның да аты белгілі, бірақ қайраткерлігімен емес, қалтасының қалыңдығымен. Кейде арсың-гүрсің әрекетімен шыққан, шоумен деген де аты бар. Жақында Мичиганда жұртшылықпен кездескенде өзін «Ханымдар мен джентельмендер, алдарыңызда – Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Джей Трамп» деп таныстырды. Жұртты күлдірген шығар. Бірақ, тым арзан күлкі.
Республикашылар әзірге осы адамға қол соғады. Сауалнамаға қатысқандардың 24 пайызы осы Трампты жақтаған. Екінші орында – АҚШ-тың екі президентінің: біреуінің баласы, біреуінің інісі – Джеб Бушты 13 пайызы құп көрген. Тағы бір таңданыс тудырған үміткер – бұрын саясатқа араласпаған нейрохирург Бен Карсон – үшінші орында. Бұларға Флоридадан сайланған сенатор Марко Рубио мен Висконсин штатының губернаторы Скотт Уокерді қоссақ, сірә, ақтық жарысқа осылардың бірі шықса керек.
Демократтардың жағдайы сәл өзгешерек. Хиллари Клинтон осы сайлауда тек демократтардың ғана емес, бүкіл америкалықтардың қалауы болады деген пікір қалыптасқан еді. Соңғы кезде оған мемлекеттік қызметінде жеке электронды поштасын пайдаланды деген сөз еріп отыр. Ол қазір тексеріліп жатыр. Одан аман құтылса, билік күресінің соңғы шабысына қосылары анық. Құтыла алмаса, демократтар жаңа қайраткерлер іздейді. Онда бәйгеде кім озары күмәнді болады. Дегенмен, америкалықтардың алғаш рет билік тізгінін әйел азаматқа ұстатуы әбден мүмкін. Рас, қазір демократтар арасынан Вермонт штатынан сайланған сенатор Берни Сандерс көзге түсіп жүр. Сөйтсе де демократтар, Хиллари Клинтон күрестен шықса, бәйгеге вице-президент Джо Байден сияқты танымал адамды қосатын шығар.
АҚШ-тың әлемдік саясатта орны үлкен. Онда билік тізгінін кім ұстайтынына жұрттың көз тігуі де заңды.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.