Биыл Ақжайық алқабындағы астық өсірушілердің қабақтары салыңқы, иықтары түсіңкі. Мұның басты себебі, Еділ мен Жайықтың аралығындағы ұшы-қиырсыз кең жазықты түгел жайлаған жойқын құрғақшылық. Мұнда жаңа технологияларды енгізу мен егістік мәдениетін көтеру жөнінде атқарылған шаралар айтарлықтай. Осы мақсатта соңғы жылдары облыстық бюджеттен бір миллиард екі жүз миллион теңге қаражат бөлінген.
Алайда, негізінен тәлімі жер жағдайына негізделген өңірдің табиғи-климаттық ерекшелігі бірінші мамыр мен он бесінші шілденің аралығында жалыны жер шарпыған аптап ыстықтың мызғымай тұрып алуы есіл еңбек пен жұмсалған қаражатты еш кетіргендей түрі бар.
Батыс Қазақстан облыстық гидрометеорология орталығының хабарлауына қарағанда, осы уақыттың ішінде ауаның орташа температурасы 35-40 градус ыстықты көрсеткен. Сонымен бірге топырақтың қызуы 65 градусқа дейін жеткен. Сөйтіп, ылғалдың мүлдем жетіспеуі бүгінгі күні аймақта себілген барлық дәнді дақылдар егістігінің алпыс пайызға жуығы күйіп кетуіне әкеліп соқтырды.
Он бесінші шілдеге дейін облыста астық өсірушілердің құрғақшылық зардабынан тартқан шығыны бір миллиард жеті жүз мың теңгені құрайды. Дәл осындай күрделі жағдай өткен жылы да орын алды. Осы өткен жылдың шығыны қазір аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге “ҚазАгро” ұлттық холдингінен алған несиелері мен лизингтік төлемдерін уақытында қайтаруына мүмкіндік бермей отыр. Оның мөлшері бір миллиард 936 миллион теңге төңірегінде.
Оның үстіне республика көлемінде қызмет жасайтын міндетті сақтандыру компаниялары белгіленген заңдылықтар мен ережелерді белден басып, астық өсірушілермен келісім жасаудан бойларын аулақ салған. Ең бір қынжыларлық мәселе, биыл аталмыш компаниялардың Батыс Қазақстандағы бөлімшелері мен филиалдары жабылып қалған. Жығылғанға жұдырық деген осы да.
Орал өңіріндегі төтенше жағдаймен парапар биылғы төтен құрғақшылық осы өңірмен бір ендікте қоныстанған Ресейдің Еділ өзені бойындағы Саратов, Самара губернияларын, Жайықтың жоғарғы ағысындағы Орынбор облысын, Татарстан мен Башқұртстанды түгел жайлағанын да айта кеткенді жөн көреміз.
Қазақстанмен көршілес Ресейдің аталған аймақтарына федералдық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жатқаны да батысқазақстандықтарға белгілі болып отыр. Сондықтан да олар республика Үкіметі бұл мәселеге түсіністікпен қарап, тиісті қолдау көрсетеді деп санайды.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.