АСТАНА. 17 мамыр. Бүгін таңертең АҚШ-та жергілікті боксшы кіші Вилли Монромен шайқаста орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша әлем чемпиондығы атағын қорғаған жерлесіміз Геннадий Головкин 6-раундта жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Жекпе-жек Американың Калифорния штатындағы Инглвуд қаласының «Форум» аренасында өтті. Геннадий Головкин әдеттегідей ұрыстың басынан алға ұмтылып, өзін жойқын шабуылдарын қолға алды. Ол айқастың басында-ақ кіші Монроны теңселтіп жіберетіндей шалт та қатты соққылар беріп тастады. Ал екінші раундта біздің жерлесіміз қарсыласын тіпті екі рет нокдаунға жіберіп үлгерді. Бірақ америкалық боксшы гонг соғылғанға дейін орнынан тұрып кетті.
Үшінші раундта Геннадийдің ептеп қарқыны басылып қалғандай болып көрінді. Мұны осы кезге дейін біраз есесі кетіп қалған Вилли жақсы пайдаланып қалды. Оның осы сәттегі бірнеше шабуылы сәтті шықты. Бұдан кейінгі төртінші және бесінші раундтар да осы сипатпен өтті. Осы тұстарда қазақстандық жанкүйерлердің көңілдері ептеп қобалжығандай да болды. Гена шайқастың осы кезеңдерінде қарсыласына бірнеше рет қауырт соққылар бере алды. Алайда, оның қарымта соққылар жасауына да жол беріп қойды.
Осы алма-кезек шабуылмен алтыншы раунд та келіп жетті. Оған біздің бағлан бірден қарқынды кірісті. Кенет оның тағы бір оқыс соққысы Монроға дәл тиіп, мұрттай ұшырып түсірді. Осыдан кейін алаңдағы арбитр саусақтарын бүгіп санай бастады. Америкалық атлет төоешінің «он» деген санды айтуымен бірге орнынан да тұрды. Бірақ рефери бұдан кейін айқасты жалғастыру мүмкін емес деп тапты. Техникалық нокаут! Осылайша Геннадий Головкин кәсіпқойлар рингіндегі кезекті жеңісіне жетті.
Осымен өзінің 33 жастағы Қарағанды қабыланы 2015 жылғы – екінші, жалпы саны 33-ші ұтысына аяқ артты. Ол бұлардың 30-ын нокаутпен аяқтаса, солардың соңғы 20-сына осылайша мерзімінен бұрын қол жеткізіп отыр. Ал 28 жастағы кіші Вилли Монро өзінің кәсіпқойлар рингіндегі 21 шайқасының екіншісінде жеңілістің ащы дәмін татып қалды.
Айта кету керек, Монро ұрыстан 30 және 7 күн бұрын өткізілген салмақ өлшеу кезінде ұрысқа WBC ережелері бойынша қатыспайтынын алдын ала айтқан еді. Сондықтан WBC чемпиондығы атағы бұл жолы бәске қосылған жоқ. Ал шайқас алдындағы ресми салмақ өлшеу процедурасында Головкин - 72,12 кг (159 фунт), ал Монро 72,57 кг (160 фут) тартты. Ұрыс кезінде қазақстандықтың салмағы - 77,1 кило (170 фунт), америкалық 78 кило (172 фут) болды.
Руслан Игілік.
Дерек: egemen.kz
Сурет: Vesti.kz.