“Заман-ай” дейміз, “адам-ай” деуге аузымыз бармайды. Көңілімнің дәл осылай құлазуына қақаған қыс айында үстеріне қырық жамау күртеше, аяқтарына шұрық тесік бәтеңке киген қос бүлдіршін алақандарын жайып, қайыр сұрап жүр екен. Қарап тұрмын, біреулер оларға тиын-тебен тастаса, бәзбіреулер қаға-маға өте шығады. Аяңдай келіп, күс-күс алақандарын ұстадым. Мұздай суық.
– Атың кім?
– Мұрат.
– Жасың нешеде?
– Жетіде.
– Ал сенің атың кім?
– Жұлдыз.
– Сенің жасың нешеде?
– Тоғыздамын.
– Ата-аналарың қайда?
Үнсіздік. Аяқтарымен қалың қарды шұқылаған екеуінің көз жастары парлап қоя берді.
– Жыламаңдар. Қай үйде тұрасыңдар, апарып салайын.
– Үйде емеспіз, үй астындағы үңгіршекте жатамыз.
...Осы бір көлеңкелі көрініс күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Қалайша “заман-ай” демеске, қалайша “адамдар-ай” демеске.
Жетім балалардың тағдырын, жағдайын білмек оймен олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын заңнамалардың орындалуын бақылайтын облыстық прокуратураға ат басын бұрғанмын. Олардың бізге берген деректері төбе шашымызды тік тұрғызды. Облыс аумағындағы қамқоршы және қорғаншы органдарда жетім және ата-аналары қамқорлық жасаудан бас тартқан тастанды 1159 бала бар екен. Бұлар заңды түрде тіркеліп, мемлекет қамқорлығына алынғандар. Ал, қайыр сұрап, көше кезіп жүрген тастандылар қаншама? Бұл сауалға ешкім де жауап бере алмайтыны қалайша көңіліңді құлазытпасын.
Прокуратура берген деректерге жүгінер болсақ, мемлекет қамқорлығына алынғандардың жәй-күйлері де жаныңды күйзелтеді. Жоғарыдағы 1159 баланың 171-і интернат үйлерінде, 97-сі жетім және тастанды балалардың №1 мектеп-интернатында, ал 34-і ақыл-есі кем балалар үйінде тәрбиеленуде екен. Сондай-ақ, 228 патронаттық тәрбиелеушілерге 318 бала тәрбиеленуге берілген. Еліміздің “Қазақстан Республикасындағы балардың құқықтары туралы”, “Неке және отбасы туралы” Заңдарында ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балалардың мүдделерін қорғау жоғарыдағы аттары аталған қорғаншы және қамқоршы органдарға жүктелгені бесенеден белгілі. Демек, жетім және тастанды балаларды анықтау, оларды есепке алу, қамқоршы мекемелерге орналастырып, асырау, тәрбиелеу, білім беру жүзеге асырылмақ. Өкініштісі сол, қорғаншы және қамқоршы органдар тарапынан заңмен белгіленген осы міндеттер аяқ асты етіліп, назардан тыс қалып отырған сыңайлы. Себеп неде? ҚР Үкіметінің “Қазақстан балалары” бағдарламасында көрсетілген есепке сәйкес 5 мың балаға бір қорғаншы және қамқоршы органның қызметкері болуы тиіс екен. Нақты деректерге жүгінсек, Қызылорда облысында 643,6 мың халық тұратын болса, осының 245,4 мыңы, яғни 38,1 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар. Демек, жоғарыдағы норматив бойынша Сыр аймағында 49 штат бірлігі қызмет атқаруға тиіс. Алайда, облыс аумағындағы 8 қорғаншы және қамқоршы органдарда жалғыз ғана қызметкерлерден жұмыс істеуде. Содан да, тағы да қайталап айтуға мәжбүрміз, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделері толық қорғалмай, назардан тыс қалуда. Бір-екі мысал келтірелік. 2005 жылы 20-сәуірде туылған Д.Оразғалиева деген бүлдіршін 2008 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалса да, ешкімнің де оған басы ауырып, балтыры сыздамаған. Абырой болғанда, үш айдан кейін оның тұрмыстық жағдайы зерттеліп, қорғаншылық тағайындалады. Сол сияқты 1993 жылы туылған Қазалы ауданы, Абай ауылының тұрғыны, 10-сынып оқушысы С.Сабыров та жетімдік тауқыметін тартумен жүреді. Осы ауылдың тұрғыны Б.Көптілеуова С.Сабыровқа өзін қорғаншы етіп тағайындауға аудандық қамқоршылық және қорғаншылық органына өтініш жасап, бауырына басады. Тағы бір айта кететін жағдай, қорғаншылар мен қамқоршылар кәмелетке жасы толмаған бүлдіршіндерді қалай бағып-қағып жатқанын бақылау мүлде сын көтермейді. Сондай-ақ, патронаттық тәрбиедегі балаларды асырап-бағуға төленетін ақшалай қаржы да уақтылы берілмейді екен.
Осы материалды жазу барысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тастанды балалардың тұрғын үйі, мүліктік мүдделерін қорғау да өз дәрежесінде жүргізілмей келе жатқанына көз жеткіздік. Бір ғана мысал. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 2001 жылғы Ө.Сейтмағанбетовке туған апасы Г.Сейтмағанбетова Шаған ауылдық округі әкімі шешімімен патронат-тәрбиеші ретінде тағайындалады. Патронат-тәрбиеші Г.Сейтмағанбетова нотариус Ф.Оспановамен өзара келісімге келіп, қайтыс болған ата-аналары Н.Оспанованың жинақтаушы зейнетақы қорынан 128 066,9 теңге зейнетақы жарналарын өзі алып, кәмелетке толмаған Ө.Сейтмағанбетовтың несібесін бас пайдасына жаратып қояды. Сондай-ақ, олардың Абай көшесіндегі ата-аналарынан қалған тұрғын үйлері де есепке алынбай, қамқорлықсыз қалғандардың мүлкін қорғау шаралары да жүргізілмеген.
Прокуратура тарапынан тексеру барысында қайтыс болған ата-аналарының атындағы жылжымайтын мүліктердің мұрагерлік құқықпен иеленуге тиісті балалардың атына тіркеу де сын көтермейді. Содан да жетім балаларды белден басып, баспанасыз қалдырып жүргендер де жетерлік. Мысалы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылының тұрғыны А.Құлтасов деген азамат өзі қорғаншы болып тағайындалған балалардың үйін 100 мың теңгеге сатып жібереді. Сол сияқты Келінтөбе ауылының тұрғыны Б.Бекмырзаева деген ханым да жетім балалардың ата-анасынан қалған үйін заңсыз иемденіп алады. Бүгінгі бүлдіршіндер ертең ержетер, бойжетер, сонда тұрғын үй тауқыметін тартып, дау-дамайдың тумасына кім кепілдік бере алады? Ойланайық, ағайын.
Айтқандай, ҚР “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңы мен ҚР Үкіметінің “Жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан білім беру ұйымдарын бітірушілерді еңбекке орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы” қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдар жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндетті. Өкінішке қарай, Қызылорда қаласында пәтер алу тізіміне 180 бала ғана ілінсе, аудандарда бірде-бір бала мұндай есепке алынбаған. Мұны да айтпасқа болмайды.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қызылорда қаласындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелейтін №1 мектеп-интернатындағы балалардың да жағдайы мәз емес. Мұнда 96 бала, саралап айтар болсақ, олардың 10-ы тұл жетім, 86-сы қамқорлықсыз қалғандар, оның 13-і тастанды балалар.
Жоғарыдағы жағымсыз жағдайлардан болар, мектеп-интернаттан қашып кетіп, қайыр сұрап жүргендер де жетерлік. Нақтылай айтсақ, осы интернаттан В.Панин өткен жылдың сәуір айында, ал А.Лахонин қыркүйек айында қашып кеткен. Бүгінде осы балалардың қайда жүргені белгісіз. Базарда қайыр сұрап жүргендердің осылар болмасына кім кепілдік бере алады? Іздеу қайда? Сот шешімімен шетелге де кетіп жатқан қандас бауырларымыз бар. Бұған не дейсіз?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жетім балалардың жағдайы, тастанды балалардың тағдыры кім-кімді де ойлантса керек.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.