Осы күні жастар арасында азаматтық неке деген пәле пайда болды. Пәле дейтінім, екі жас бірге тұрады. Ал өзара келіспей қалған жағдайда екеуі екі жаққа кете барады.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Осындай одаққа неке деген қасиетті сөзді жалғауға бола ма? Неке деген араб тілінен аударғанда “никах”, үйлену деген мағынаны білдіреді. Бұл екі жасқа жауапкершілік жүктейтін ауыр серт. Иә, неке алдымен Алланың, сосын туған-туыс, жекжат-жұрағат, жора-жолдас, яғни қоғамның алдында жария түрде отбасын құрудың шарты. Ал қазіргі уақытта біз азаматтық некедеміз дегендердің тіпті неке деген сөзді қолдануларына ешбір құқылары жоқ. Себебі, олардың бірге өмір сүруі көп жағдайда ешбір нәтиже бермейді. Анықтап айтсақ, азаматтық неке дегеніміз, бұл ер адам мен әйел адамның ешбір құжатсыз, неке куәлігінсіз бірге тұруы. Осындай тәртіппен бірге өмір сүруді қалаған отбасында бала болып қалған жағдайда да ешкім ештеңеге жауап бермейді.
Психологтардың айтуынша, азаматтық некені жөн көрген ер адам былай ойлайды екен: “Ол маған ұнайды. Бірақ, мен ештеңе уәде ете алмаймын. Алдын-ала ескерттім, мен басы бос, еркін адаммын. Ренжіскен күннің өзінде кете саламын. Әйел деген жетіп артылады емес пе?”. Ал әйел болса: “Оны қолға түсірдім ғой, қайда кетер дейсің” деген үміт жетегінде жүреді екен. Сөйтіп, ол көнбістікке салынып, күндіз-түні “қай жағынан алып қарағанда да менен артық таппайсың” деп өзін-өзі дәлелдеумен күні өтетін көрінеді. Азаматтық неке шетелден келген ағым. Мысалы, Еуропада немесе Америкада азаматтық некені әйелдер қауымы менің “бойфрендім” бар десе, жігіттер менің “гиелфрендім” бар дейтінін естіп жүрміз. Аудармасы әйел досым, еркек досым деген сөз. Қаймана қазақтың құлағына түрпідей тиіп отырған азаматтық неке, міне осыдан келіп шыққан. Олар бір әйел, бір еркектен немесе екі еркек, сол сияқты екі әйел де бір-бірімен жыныстары бірдей екендігіне қарамай тұра береді. Олардың бірге тұрғанымен, бір-біріне деген жауапкершілігі жоқ. Жасыратын не бар, бүгінде біздің елімізде де азаматтық некенің жастар мен студенттер арасында түрі өте көп. Ең сұмдығы сол, жастар ондай жайттарға көзжұмбайлықпен қарайда. Былайша айтқанда, ондайға көздері үйреніп кеткен. Ал ата-ана ше? Рас, олар көп жағдайда баласының немесе қызының біреумен заңды тіркелімсіз бірге тұрып жатқандығын білмей де қалады. “Қызым үйде, қылығы түзде” деген сол. Көз жасы құрғамай, мұңданып жүретін Әлима есімді келіншектің бірде өз сырын маған айтқаны бар. Ол үлкен қалаға келгеннен кейін бір жігітпен бірге тұра бастайды.
Сөйтіп, бірер жыл бірге өмір сүреді. Алайда, “күйеуі” араққа жақын адам болғандықтан, ұрыс-керіс жиілеп, Әлима ұлын көтеріп, төркініне қайтып кетеді. Әлиманың әлдеқашан балалы-шағалы болған үш ағасы бар екен. Біраз уақыттан кейін Әлиманы іздеп келген “күйеуіне” ағалары оның екі жасқа келген баласын қолына ұстатып жібереді. Бұл бала қарындасымызға бөгет болады. Ол әлі тұрмысқа шығып, бақытты болып кетуі мүмкін. Өзі ұл бала екен, өз еліңде өссін деген пікір айтады. Бас кезінде ағаларының айтқаны дұрыс шығар деп көнгенмен, Әлима кейінірек оңбай қателескенін түсінеді. Өйткені, әкесі баланы өзі бақпай, немере ағасының отбасына бере салған көрінеді. Бөтен ортаға тап болған бала ызақор боп өсіпті. Туған шешесі іздеп барса, жанына жолатпай қойыпты. Балаңды неге заң жолымен қайтадан алмадың деген сұраққа ол: қолымда неке туралы да, баланың тууы туралы да куәлік болмады. Өгей шешесі алты баланың үстіне, өз күйеуінің атына заңды түрде жаздырып алған. Мен не істеймін енді? Кішкентай сәби көрсем, көз алдыма балам елестейді, деп еңірейді әлгі келіншек.
Иә, қазіргі кезде Әлима сияқты заңды тіркелімсіз бірге тұрып, опық жеп жүрген қыздар аз емес... Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұндай жайтты көптеген жастар әбестік санамайтын сияқты.
Ең бастысы, тату-тәтті тұрып, жарасып кету ғой. Жараспаса ың-шыңсыз әрқайсысы өз жөніне кете бергені жөн емес пе дейді олар. Міне, ең қорқыныштысы да осы сөз.
Қалай десек те азаматтық неке дегеніміз – қоғамға жат, дін тарапынан қабылданбайтын құбылыс. Себебі, өмірімізді бірге сүреміз, соңғы демімізге дейін бірге боламыз деген адаммен неге заңды түрде үйленбеске?! Жағдайыңа қарай той жасап, өзің сүйіп таңдаған ғашық жарыңмен қосылып, бақытты ғұмыр кешкенге, қиындық пен қуанышты сәттерді бірге бөлісіп, қол ұстасып бірге жүргенге не жетсін?!
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Азаматтық некені қалайтын ер адамдар шын мәнінде әйелдерге тәуелді болып қаламын деп қорқады. Сөйтіп, олар өз бойындағы осындай психологиялық ахуалға орай көптеген проблемаларға тап болады. Әйеліне “біз бірге тұрамыз, бірақ сен менің көзіме шөп салмауың керек” деп талап қояды. Бірақ, өзі мен азаматтық некеде тұрып жатырмын деп есептеп, бұндай ауыр салмақтан бойын ада ұстайды. Заңмен мөрленген құжаты жоқ ерікті адам ретінде, нені қаласа, соны істей алады. Әйелдер қандай қулыққа барса да, азаматтық некеде тұрған еркек ерте ме, кеш пе адалдығынан тайып, басқаға көз тігетін болады. Неге дейсіз ғой?
Біріншіден ол, азаматтық некеде бірге тұрып жатқан құрбысынан сескенеді. Сескенуі оның әйел махаббаты мен қамқорлығына тәуелді болып қаламын деген сенімсіздіктен туындайды. Мен оған басыбайлы болып қалдым деген екіұшты ой оған үнемі маза бермей жүреді. Сөйтіп, іштей психологиялық қалжырауға тап болып, бас еркіндігін дәлелдеу үшін басқа біреуге көз тігетін болады. Тіпті осы қылығы үшін бірге тұрып жатқан құрбысының алдында жауап бермейді. Себебі, мойнына ешқандай міндеттеме алған жоқ. Қалаған кезде кете алады. Мұндай кезде әйелдер серігі қайтадан есін жиғанша тосуға мәжбүр. Мен азаматтық некенің келісім-шартын орындап, көлденең көк аттыға қарамай жүрмін ғой. Ол бір-екі рет қателесті. Қайтадан есін жинар деп ойлайды. Мұндай жағдайда мен психолог ретінде әйел адамға дереу қарым-қатынасты үзген жөн дер едім. Азаматтық некедегілердің арасында жиі кездесетін тағы бір проблема, екеуі бір-бірімен мүлде санасқысы келмейді. Реніш, айғай-шулар жиі қайталанады. Бір шаңырақтың астында тұрса да оп-оңай ажырасып кете салатын азаматтық некеде тұрғандардың жан жарасы оп-оңай жазылып кете салмайды. Әйел адамдар психологиялық күйзеліске ұшырап жатады.
Осындай неке салдарынан жалғызбасты аналардың саны да жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Бірге тұрып,ақыры алданып, аяғы ауыр болып қалған қыздар баланың әкесінен әлеуметтік жәрдемақы ала алмауы да жиі ұшырасуда. Сондықтан да мен бұл қадамға бармастан бұрын сізге осындай өмір керек пе, жоқ па, соны жақсылап ойланып алыңыздар демекпін.
Гүлдана ЕМЕЛБАЕВА, психолог.