Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин «2015 жылдан кейінгі БҰҰ-ның даму күн тәртібі: орнықты дамуды қамтамасыз етудегі жоғары қаржы бақылау органдарының рөлі» тақырыбында 2-4 наурыз аралығында Вена қаласында (Австрия) өткен БҰҰ/ИНТОСАИ 23-ші симпозиумына қатысты.
Аталған іс-шара БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары Ву Хонгбоның, әлемнің 75 елінің, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Қазақстан, Оңтүстік Африка Республикасы, БАӘ, Оңтүстік Корея жоғары қаржы бақылау органдары басшыларының, сондай-ақ БҰҰ және бірқатар басқа да беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Симпозиум отырысын Австрияның Федералды Президенті Хайнц Фишер ашты.
Қатысушылар мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында бюджет қаражатының тиімді және ашық пайдаланылуын қамтамасыз етудегі жоғары қаржы бақылау органдарының (ЖҚБО) рөлін талқылады.
2015 жылдан кейінгі БҰҰ-ның даму күн тәртібін және БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарын дайындау шеңберінде ЖҚБО-лардың мемлекеттік басқарудағы ашықтықты және тиімділікті қамтамасыз ету мәселелеріне неғұрлым белсенді қатысу маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ, қызмет тиімділігін арттыру жолдары, аудиторлық қорытындылар мен ұсынымдарды дайындау әдістемелерін жетілдіру мәселелері қаралды.
ЖҚБО-лардың әлеуетін арттыру, мемлекет қаржысының тиісті деңгейде басқарылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану кезінде сыбайлас жемқорлыққа және алаяқтыққа қарсы тұру мақсатында мемлекеттік аудиттің маңызды теориялық мәселелерін бірлесіп әзірлеу бойынша ИНТОСАИ-ға қатысушы елдер ЖҚБО-ларының өзара іс-қимылын дамыту қажеттігі атап өтілді.
Жұмыс қорытындысы бойынша орнықты дамуды қамтамасыз етуде жоғары қаржы бақылау органдарының рөлін күшейту бойынша нақты келісілген ұсыныстар жасалды.
Симпозиум шеңберінде Қ.Жаңбыршин Әзербайжан, Беларусь, Үндістан, Индонезия және Нидерланды жоғары қаржы бақылау органдарының басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар екіжақты негізде, сол сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде де ынтымақтастықты реттеуге және дамытуға қызығушылық білдірді.
«Егемен-ақпарат».