Ұлы От
ан соғысы ардагерлерінің кеуде қатарында жүретін Михаил Иванович Подоляков ақсақалға таңданысын білдіретін аз емес. Уақыттың ағысына кім қарсы жүзген? Соғыс салған жараның, бейнеттің сыртында кәріліктің құрсауы да жеңіл емес. Қолындағы таяғына сүйеніп, қалт-құлт етіп жүрген ардагерлердің қасында Михаил Подоляков олардан көп жас секілді көрінеді. Тіп-тік денесі, ширақ жүрісіне қарап, оны ешкім де соғыстың қырғынын көрген деп ойламайды. Ал оның артынан «қара қағаз» келіп, «өліп, тірілген» жауынгер екенін білгенде, ардагердің сүйегінің асылдығына басын шайқап, оның әңгімесін тыңдауға екінің бірі асығады.
Михаил Подоляков көп жылдардан бері Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, тіпті, одан бұрын да патриоттық тәрбиені насихаттауға белсене қатысады. Қала ішіндегі мектеп оқушыларымен кездесуге шақырған жерден қалмайды.

– Балалар да, ұстаздар да маған: «Майданнан «қара қағаз» келгенде отбасыңыз, ата-анаңыз, туған-туыс қалай қабылдапты?» деген сұрақты жиі қояды. Қалай қабылдаушы еді? Анам Мария Даниловна ұшып көкке, ұшып жерге түсіпті. Баласының өлімі алдымен анасына батпай ма? Мен оны айтқан сайын тамағыма өксік кептеледі. Міне, биыл жасым тоқсанға келеді. Бірақ анамның сол кездегі халін ойласам, жүрегім шымырлайды, – деп әңгімесін бастаған Михаил Ивановичтің көзі жасаурап сала берді. Анам соғыс басталған күні майданға әкемді, үлкен ағамды шығарып салған. Әкем Мәскеу түбінде қаза тапты. Ағам әлі келмеген майданнан. Мен жасым он жетіге толмай жатып, Қарағандыдағы фабрика-зауыт училищесінен достарыммен бірге майданға кетіп отырдым. Анамның сіңлісінің күйеуі майданнан мүгедек болып оралып, ауылдық кеңестің төрағалығына тағайындалған екен. «Қара қағазды» алдымен сол кісі алған. Садчиковка ауылынан 12 шақырым жерде көкөніс бригадасының басына анамды іздеп барады. Мария Даниловна өте қайсар, жұмысқа шалт, белсенді әйел еді. Жездем оның қасына келіп: «Мария Даниловна, сен Мишадан жақын ортада хат алдың ба?», деп сұрайды. Анам: «Біраз болды хат жоқ», дейді. «Сен жұмысыңды қашан бітіресің?», деп сұрайды да, анамның сөзінің артын күтпестен жездем кетіп қалады. Анама жаманат хабарды айта алмай, батылы жетпей кетеді. Аналардың сезімталдығындай түйсік басқа ешкімде жоқ, шіркін. Жездем кетісімен анамның ойына «мынау Мишаны неге сұрады?» деген ой сап ете қалады. Сол кезде анамның аяғын орақ қырқып кеткендей, бойынан жан кетіп, құлап түседі. Есін жинайды да, колхоздың орталығына өкпесін қолына алып жүгіреді. Садчиковкаға келсе, жұрт «тағы да «қара қағаз келді» деп дуылдасып жүр екен. Әкемнің қазасын ұмыта алмай, ағамнан хат келмей, жаны шүберекке түйіліп жүрген анамның кеудесін жас жуып кетеді, – деп әңгімелейді Михаил Иванович.
Жасөспірім бала Қарағандыда фабрика-зауыт училищесінде жүргенде, қалалық әскери комиссариатқа бірнеше рет барып, майданға сұранады. Жасы он жетіге толмағандықтан, оларға майданға баруға рұқсат етілмейді. Жастық-ай, десеңші! Үш бала майданға солдат тасып жатқан вагонға жасырынып мініп, тартады. Олар осы пойызға мінген өз мұғалімін арқаланады, соны паналайды. Ол жолда түсіріп тастатпай, жастарын шамалап, есейтіп көрсетіп, майданға бара жатқан солдаттар қатарына қосып жібереді. Бірнеше күннен кейін бұлар мінген эшелон Старый Русь ауданындағы Валдай стансасына тоқтайды. Ол «Максим» станокты пулеметінің пулеметшісі болып тіркеледі. Оқу-жаттығудан өткен соң, 1942 жылдың аяғында Воронеж майданының алдыңғы шебіне жіберіледі. 1943 жылы мамыр – маусым айларында Михаил Иванович ауыр жараланады. Бірақ соғыс жарақатқа қарамайды. Мұнда Курск, Белгород, Орлов бағыттарындағы шайқастың пісіп-жетіліп келе жатқан тұсы еді. 5 шілдеде зеңбіректің қаһарлы үні шығып, кеңестік әскери ұшақтар көріне бастайды. Михаил Иванович 10 шілдеде танк бригадасына сұранады. 11 шілдеде Т-34 танкісінің экипажы жасақталып, алдыңғы шепке аттанады. 12 шілдеде фашистердің «Тигр», «Пантера» деген ондаған танктері мен шабуылдаушы, яғни өздігінен жүретін «Фердинанд» зеңбірегі, олардың артында жаяу әскері және ұшақтары шабуылдайды. Осы кезде кеңестік жауынгерлер де неміс танктерін қиратып, жаяу әскерінің талқанын шығарады. Жылжып келе жатқан неміс танктері мен жаяу әскеріне «Катюшадан» бірнеше дүркін оқ атылады. Кеңестік жойғыш ұшақтар шығып, неміс ұшақтарымен аспанда айқасады. Неміс танктері өртеніп жатады. Жердің беті астан-кестең болады. Осы жан алысып, жан беріскен шайқас күн ұзаққа созылып, кешке қарай шамалап тыншиды.
– Шілденің 12-сінде басталған қырғын шайқас шілденің 23-іне дейін созылды. Айнала көк түтін, өртенген техника, жанған от. Біздің танктерден де шығын болды. Жаудың күші азайды, біздің әскеріміз жайлап, алға жылжыды. Сол жылғы күннің ыстығын айтпаңыз. Даладағы астыққа соғыс өрті тиіп, жанып жатты. Айналаның барлығы қара құйқалақ болды. Өлген аттардың іші теңкиіп жатқаны әлі есімде. Адам шығыны да аз болған жоқ, қаза тапқандарды тек түн мезгілінде ғана жерлейтінбіз, – деп еске алады майдангер ауыр күндерді.
Немістердің күші азайғандықтан, шайқас та бәсеңсиді. Тамыздың басында Белгород қаласын жаудан азат етеді. Бірақ тамыз айының ортасында неміс күштеріне қайтадан соққы беру кезінде Михаил Ивановичтің танкісі неміс танктері мен жаяу әскерінің қоршауында қалып қояды. Қосымша күштің арқасында жарып шығады. Осы жолы ол тағы да ауыр жараланады. Емделіп шыққаннан кейін, 1944 жылы майданға қайтадан қосылады. Украинаны азат етуге, жау әскерін қоршап, тас-талқан ететін Корсунь-Шевченко операциясына қатысады. Днепрді жағалай – 120, ішкері қарай 130 шақырымды жайлап алған жау әскерін Корсунь-Шевченко шоқысы аумағында біздің әскер қоршап алып, ойсырата жеңеді. Михаил Иванович 1944 жылдың 20 қаңтары мен 17 ақпаны аралығында осы ұрыстың бел ортасында жүреді.
– Қазір есіме алсам, жаным түршігеді. Күнде жаңбыр жауады, қар қылаулайды. Жер аяқ алып жүргісіз батпақ. Техниканың, жаяу әскердің жүрісі қиындады. Біз, танкистер машиналарды, зеңбіректерді, арбаларды батпақтан сүйреп шығарып отырдық. Кейде танктің өзі батып қалатын, – деп еске алады майдангер.
Украина жерінде жау әскерін қуу оңайға түскен жоқ. 1944 жылдың қаңтар, ақпан айларында тынымсыз ұрыс болды. Ақпан айының басында, яғни 8 ақпанда жаудың шағын топтарына біздің әскер тарапынан ұрысты тоқтатуға, берілуге ультиматум қойылады. Бірақ фашистер бұған көнбейді. «Жау берілмесе, құртар болар» деген Суворовтың қағидасымен Михаил Иванович құрамында болған батальон Лысянко хуторы маңында жауды қуып шығу керек болады.
– Жаудың топтары оңайлықпен берілген жоқ. Бір ұрыста мен мінген танк қираған соң, мен жаяу әскер қатарында соғысып кеттім. Әлі есімде, 16 ақпаннан 17 ақпанға қараған түнде боран басталды, аяз. Таңертең боран үдей түсті. Ешнәрсені көріп болмайды. Таңғы 4-те жау әскері қоршаудан шыға бастады. Жауға пулеметтен, автоматтан оқ жаудырдық, «Катюша» атқылап жатыр. Қалған немістер жыра-жырамен, саймен қашты. Боран ұлып тұр, таң қараңғысында жауды сай-саймен қуып, қолға түскенін бұрап жатырмыз. Тіпті, қараңғыда қайсысы жау, қайсысы өзіміз екенін білмей де қалдық, – деп еске алады Михаил Иванович қаһарлы күндерді.
Сол күні түске қарай ұрыс бітеді, күннің көзі де ашылады. Минаға тап келген Михаил Подоляков тағы да ауыр жараланып, госпитальге жіберіледі. Аласапыранда қаза тапқан солдаттармен жаңылыс болып, Қостанайға «Ерлікпен қаза тапты, Лысянкада жерленді» деп «қара қағаз» жіберіледі. Ал анасы қайғыдан қан жұтып отырғанда, ұлы аман-есен госпитальде емделіп шығып, Полтава танк училищесіне оқуға жіберіледі. Ұлы Жеңісті Подоляков осы танк училищесінде жүріп, қарсы алады.
Соғыс аяқталған соң Михаил Иванович туған жерге – Қостанайға келеді. Осында майдангерге облыстық статистика басқармасынан жұмыс ұсынылады. Ол сонда 50 жылға жуық қызмет істейді, басқарма бастығына дейін өсіп, оны 30 жыл абыроймен атқарады.
– Анам Мария Даниловна ағам екеумізге: «Өздеріңнен бастаңдар», дейтін. Мен осы ұстанымды өмір бойы есімнен шығармадым. Зайыбым екеуміз 3 ұл өсірдік. Мен балаларымның тәрбиесіне ұқыпты қарадым. Олардың ешқайсысы заң бұзған жоқ, адал еңбегімен күн көрді. Қазір екеуі зейнеткер. Олардан 4 немере, 4 шөбере, бір шөпшек сүйіп отырмын, – дейді Михаил Иванович. Ол республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Қостанай қаласының құрметті азаматы. Михаил Ивановичтің 90-ға келсе де түрін бермеуінің, еңсесін түсірмеуінің себебі, ол – спортты серік еткен кісі. Осы күнге дейін жүгіреді, таңертең бір сағат жаттығулар жасайды.
– Ұлы Отан соғысында 55 миллиондай адамның өмірі қиылды. Соның тең жартысы Кеңес Одағының құрамындағы республикаларға тиесілі болды. Қазақстаннан опат болған жауынгердің саны да аз емес еді. Менің өз әкем қаза болды, ағам майданнан алған жарадан көз жұмды. 70 жыл өтсе де қан судай аққан сол жылдарды қалай ұмытуға болады? Бүгінде әр мектепте, әр оқу орнында Ерлік даңқы музейі болуы тиіс. Жастар алдымен патриоттық тәрбие алатын болсын. Қара суды қайғысыз ішетін бейбіт күннің қадіріне ештеңе жетпейді, – деп аяқтады әңгімесін майдангер.
Михаил Иванович көп жылдан бері Қостанай қалалық ардагерлер кеңесін басқарып келе жатқанын айттық. Ардагерлердің қоғам, атқарушы билік алдына алып шығатын мәселелері жеткілікті. Соның барлығын қайрақтай сары шал қайраттана атқарады.
Жеңіс мерекесі қарсаңында кездесуге бармаған күні кемде кем. Ол тағы да мектептегі кездесуге аяғын ширақ басып кетіп бара жатты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.