Мемлекеттік тілді дамыту қоры Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде iPhone және iPad тұтынушылары үшін қолжетімді «Айтыс» атты тұңғыш қазақстандық мессенджердің тұсаукесерін өткізді.
Аталған жаңа отандық жобаны таныстырған Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев iTys (Айтыс) мобильдік қосымшасы қолданушыларға мемлекеттік тілде толыққанды хат-хабар алмасуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сондай-ақ, әлемнің әр қиырындағы барша қазақстандықтарды біріктіруді көздейтіндігін жеткізді. Бұл iTys өнімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді қарқынды дамытудың басты бағдары ретінде айқындаған инновациялық жобаларының қатарына жатады, деп атап өткен А.Шауеев алғаш рет «Айтыс» қазақстандық мессенджерінің тұсаукесері өткен жылдың қарашасында өткізілгендігін еске салды. Биылғы жылғы тұсаукесерде аталған жобаның жетілдіріліп, біршама ұтымды тұстары бар екендігін атап өтті. iTys Қазақстанда, әсіресе, жастар арасында ерекше танымал байланыс түріне айналды. Еліміздегі iTys-ты қолданушылар күн сайын үш миллионнан астам хабарлама жіберіп, мультимедиялық файлдар алмасып отырады, деді ол.
Сондай-ақ, қор директоры аталмыш мессенджер барша қазақстандықтардың, сондай-ақ, шетелдіктердің де қолдауына ие болып, оған қатысты оң пікірлер айтылып жатқандығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, жоба жетекшісі Дәуіт Шайхисламов бірнеше айдың ішінде бұл мессенджерді ұялы телефондарына жүктеп алған тұтынушылар саны 150 000-нан асты, олардың қатарында тек Қазақстан тұрғындары ғана емес, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Түркия, Франция және Жапония елдерінің азаматтары бар, деп атап көрсетті. Оның айтуынша, бағдарламаның бірқатар ұтымды да тиімді тұстары баршылық: мұнда жеке хабарламалардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін автоматты өшіру функциясы бар, ұлттық нақыштағы стикерлер мен смайликтер де орынды таңдалған, интерфейсті де қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолдануға болады. Және де ең тиімді тұсы – тегін пайдалану мүмкіндігі.
Ақпарат үшін қоса кетсек, iTys – баршамыз білетін Whatsapp-тың қазақша баламасы. Ол тұңғыш қазақстандық мамандар әзірлеп шығарған, жедел хабар алмасу мүмкіндігін беретін арнайы мобильдік қосымша.
«Айтыс» командасы алғашқы қазақстандық мессенджерді жетілдіру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізуде. Жоба әзірлеушілері таяу аралықта iTys сервисінің базасында тегін дыбыстық қоңыраулар, қазақ тілінің автотүзетушісі, графикалық редактор сервистерін ұсынып, ұлттық нақыштағы жаңа стикерлер мен анимациялар түрін қоспақшы. iPhone және iPad құрылғыларына орнатылатын мессенджердің қазақша клавиатурасы да қолайлы, орыс және ағылшын әріптеріне көздері үйренген тұтынушылар енді қазақ әліпбиін де еркін пайдалана алады.
Бұл міндеттерді жоғары деңгейде орындап, көпшілік көңілінен шығу үшін жетілдіру жұмыстарына қазақстандық дарынды суретшілер, дизайнерлер және техникалық мамандар жұмылдырылмақ.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».