Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Ислам діні қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Қазақ халқының арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен көптеген жетістіктеріне өз үлестерін қосты. Қазақ халқы өз тарихында діни ағымдарға бөлінбеген және өзге дін өкілдеріне қатысты толеранттылықты ұстанған. Соның нәтижесінде, бүгінде Қазақстан көптеген ұлттар мен ұлыстардың және діндердің ынтымағы орнаған мекенге айналып отыр.
Алайда, осынау ынтымақ-бірлікке қызғана қарайтын көздер де баршылық. Кейбір жастарымыз радикалды көзқарастағы, патриоттық сезімнен жұрдай болған әртүрлі ағымдардың қол шоқпарына айналуда. Осынау тарихты қайта жаңғырту, өскелең ұрпақты өткеніне көз шалдырып, сабақ алдыртып, ертеңін ойлайтын, елдігін сақтайтын патриоттық қасиеттерге баулу мақсатында Таразда «Қазақстан тарихындағы ислам дінінің рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
«Қазақ хандығының құрылуы, оның құрылымы, мәдениеті, діні, ділі, ресми тілі, экономикалық жағдайы, саяси қалыптасуы, көрші және шет мемлекеттермен байланысы туралы әлі де болса деректер жеткіліксіз. Міне, осы іс-шара бабаларымыздың мәдениетін, дәстүрлі болып саналған діни ұстанымымен танысуға бағытталып отыр. Осы себептерді негізге ала отырып, бұл конференцияда елімізге танымал тарихшы ғалымдар өз еңбектерін ұсынды», дейді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов.
Шынында, жат діндерге бой алдырмай ата-бабамыздан мирас болып келген дәстүрлі дінімізді құрметтеп, бабалар аманатын келешек ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Осы орайда, ең алдымен, елдің болашағына нұқсан келтіретін, күнделікті өмірімізге, денсаулығымыз бен өмірге деген көзқарасымызға зиян келтіретін діни ұйымдардың жұмысына қарсы тұру арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу қажет.
Жиында Жамбыл облыстық дін істері басқармасының басшысы Ж.Омаров, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Абдуалы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары М.Алпысбес, А.Избаиров, еліміздің Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының ғылыми сарапшысы, дінтанушы, Phd докторы М. Исахан және басқа да ғалымдар өз зерттеулерін ортаға салып, жастарға ойсаларлық дүниелер айта білді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
ТАРАЗ.