Бәлки, қаржы-несие саясаты тұрғысынан қарағанда, бұл әлі елеусіздеу көрініс шығар. Бірақ бір нәрсе айқын: теңге әдепкі еркін айырбас бағамына жіберілген күнінен кейін одан әрі құлдырап, кетіп қалған жоқ, ол қайтадан біртіндеп жоғары көтеріліп келеді. Осы тұста ұлттық валюта бағамының еркін белгілену тәртібіне өтуіне байланысты туындаған бастапқы дақпырт пен дүрлігіс те саябырси бастады. Елдің валюта және тұтыным рыногында екінші күні қылаң берген көріністің өзі мәжбүрліліктен жасалған бұл шараға жұрттың біршама көндігіп, жаңа экономикалық ақиқатқа бейімделуге көшкенін білдірді.
Шыны керек, әйтпесе әуелгіде теңге бағамының күрт төмендеу қарқыны тым қатты еді. Ол келесі күні-ақ Қазақстан валюта биржасында (KASE) таңертең жүрген саудада 198,05 теңгеден 255,26 теңгеге бір-ақ секірді. Ал кешке қарай 1 доллардың орташа бағамы тіпті 259,25-ке жетіп тоқтағанда, оның шектелер шегі бұдан да әріде жатқаны туралы талай тұжырымдар айтылған. Алайда, бәрі керісінше болып шықты. Теңгенің долларға қатысты бағамы енді кері қарай айналып, өзінің еркін жүзу үдерісін бастар кезіндегі шағына ақырындап жақындай түсті. Сол үрдіспен ол тағы екі күннен кейін ресми есепте 218 теңгеге дейін төмендеді. Соның нақты айғағы, кеше республика айырбас бекеттерінде доллардың сатып алу құны 218 теңгеден қайырылса, сату құны 220-ға тұрақтады. Бұл екі ортада Шымкентте бұл бағамның тіпті 210 теңге маңайында тұрғаны туралы да хабар келді.
Әлбетте, біз де бұған аса қатты малдана беруге болмайтынын, кеше құлдыраған теңгенің ертең қайтадан сол үйреншікті соқпағына түсіп кетуі ықтимал екенін, оған енді сыртқы факторлардың көбірек әсер ететінін жақсы түсінеміз.
Сонымен бірге, тап осылай теңгені еркін айырбасқа жібермеске болмағанын да сезіне аламыз. Олай етпеген күнде, теңгенің бағамын күштеп ұстап тұра берудің соңы ұлттық қорымызды едәуір теңселтіп кетуі мүмкін екені де рас. Осы ретте әлемдегі көптеген сарапшылар Қазақстанның теңгені еркін айырбас бағамына жіберуін жеделдеткен екі түрлі фактордың болғанын алға тартады. Солардың біріншісі дүниежүзіндегі мұнай бағасының барған сайын төмен түсуі болса, екіншісіне бір экономикалық одақтағы Ресейдің қаржы рыногында орын алып отырған ахуалы саналып отыр.
Ал шындығына келгенде, бұл шешім бірден қабылдана салған жоқ. Оның пісіп-жетіліп келе жатқанына да талай жыл болған. Сонда да Үкімет теңгенің бағамын ұстап тұруға көп уақыт бойы күш салып келді. Дегенмен, өткен жылғы қазан айында Ресей мемлекеті рубльді тап осылайша еркін айырбас бағамына жіберген кезде теңгені солай ету жөнінде сарапшылар тарапынан ұсыныс болғаны да рас. Содан кейінгі әңгіме биылғы мамырда қайта көтерілді. Бірақ, сол кезде де мұны кейінге қалдыра тұру жайында ұйғарым жасалды. Себебі, ол тұста ахуал дәл қазіргідей емес еді. Сондықтан, арада үш ай өткеннен кейін, шілдеде Ұлттық банк кенеттен доллардың бағамын 188 теңгеден 198 теңгеге көтергенде де, былайғы көп жұрт аса қатты алаңдаған жоқ. Өйткені, банк басшысы айтқан әлемдегі мұнай бағасының төмендеп бара жатқанын көпшілік онсыз да көріп-біліп отырған. Әйткенмен, теңгені алдағы жылдары еркін айырбасқа жіберу жөніндегі ойлар сол жолы да айтылған болатын.
Тәуелсіз Қазақстан өзінің тарихында валюта бағамын түсіріп, оның деңгейін өзі белгілеген жағдайды екі рет бастан кешті. Оның біріншісі 2009 жылдың 4 ақпаны күні жүзеге асса, екіншісі 2014 жылғы 11 ақпанда орындалды. Мұның екеуінде де, біздің Үкімет пен Ұлттық банк теңгенің АҚШ долларына қатысты төмендеген бағамын өздері белгілеп берді. Қазіргі жағдай болса одан біраз басқаша. Біз келесі жылдан бастап көшуді межелеп отырған еркін айырбас бағамына қазірден өтіп кеттік. Ендігі жерде теңгенің бағамын нарық белгілеп тұрады. Ал нарық дегеніміз бір ғана фактордан немесе сауда жүйесінен тұрмайды. Оған әсер ететін сыртқы ықпалдар өте көп. Соның ішінде біздің еліміз үшін мұнай мен әртүрлі металдар әлем рыногындағы бағаларының орындары бөлек. Осы тұста біз үміт артып отырған осынау қазба байлықтарының жер-жаһан жүзіндегі сатып алу бағалары төмендеу тенденциясын алып барады. Бұл жағдайда нарықтың жаңа мазмұнына қарай бейімделмеу мемлекетті қиындыққа алып барар еді.
Мұны Елбасы осы оқиғаға байланысты өткізген кеңесінде өте жақсы айтып өтті. Негізінен әлемдік нарықта жағдайдың күрделене түсуіне байланысты еліміз экономикасын сақтап қалу жайы талқыланған жиында Нұрсұлтан Назарбаев келешекте Қазақстан экономикасы өсіміне кері әсер ететін факторларды толық талдап берді. Біріншіден, мұнай мен металл бағасының төмен болуы алдағы 5 жылда өзгермеуі мүмкін. Екіншіден, дамушы елдердің инвестиция мен капиталға қолжетімділігі едәуір шектеледі. Үшіншіден, еліміздің негізгі серіктестері, ең алдымен Ресей мен Қытай тарапынан сұраныстың азаюы салдарынан бізге өнім өткізу нарығының шеңбері ширатыла түседі. Бұл жағдайда мемлекеттен теңгерімді бюджеттік және монетарлық саясатты қамтамасыз ету, сондай-ақ экономикалық өсімді қолдау мақсатында жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру тұрғысынан тиімді сақтану шараларын жүргізу талап етіледі. Сондықтан, бізге мұнай баррелінің 30-40 доллар мөлшері деңгейіндегі бағаға бейімделу қажеттігі туындайды.
Мемлекет басшысы ендігі жерде дамудың тап осындай жолынан өткен және экономикасының құрылымы өзімізге жақын мемлекеттердің тәжірибелерін зерттеу қажеттігін де айтты. Оның мысалы ретінде Австралия мен Канада ауызға алынды. Мұның ыңғайында қаражаттың жетімсіздігін ескере отырып, жаңа жобалар мен түрлі бастамаларға 2018 жылға дейін шектеу қойылады. «Бұл – бүгінгі нақты жағдайға байланысты туындаған мәжбүрлі шара», – деді Президент осы орайда. Елбасы өз сөзінде, сондай-ақ, республикалық бюджет тапшылығын 2018 жылға 1 пайызға төмендетуді тапсыра отырып, тапшылықты қаржыландыру тек ішкі резерв есебінен іске асырылуы тиістігін атап өтті.
Осы орайда көптеген елдер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан ұлттық валютасының еркін бағам айналымына жіберілуін құптайтындарын білдірді. Соның бірі – Халықаралық валюта қорының миссия жетекшісі Хоссеййн Самии елдің қаржы-несие саясатына жаңа құралдарды енгізуі оның саяси қаңқасын да нығайта түсетінін, себебі макроэкономикалық дисбалансын оңдауға ықпал ететінін тілге тиек етті. Оның пікірінше, Қазақстан билігіне «еркін рыноктағы операцияларға сүйенген» қаржы саясатының қажетті тоқтаусыз құралдарын жасау арқылы «сенімді нығайта түсу үшін аталмыш қадамды жылдамдату жолымен» қолдаудың маңызы зор. Әлем сарапшылары, сондай-ақ, теңгенің еркін «жүзу» бағамы Қазақстанды сыртқы тербелістерден қорғап, ондағы егемен балансты сақтап қалуға қызмет ететінін де мәлімдеп отыр. «Теңгенің еркін «жүзуі» Қазақстан үшін сыртқы тербелістердің «жұмсақ жастығы» болып шығады, ол мұнай бағасының түсуі мен валюта рыногындағы құбылыстар кезінде осы арқылы өзінің егемен балансын сақтай алады», – деп атап көрсетті Fitch халықаралық рейтинг агенттігі осы ретте.
Әлемде қазіргі таңда қалыптасып отырған экономикалық жағдай сонымен бірге дүние жүзін шарлаған дағдарыстан ешкімнің де тыс қала алмайтынын анық көрсетіп отыр. Сол әлемнің бір бөлшегі болып табылатын Қазақстанға да мұның тікелей қатысы бар. Мұны, әсіресе, соңғы жылдары күрт төмендеп кеткен экономикалық ахуал тағы да дәлелдеп берді. Бұл жолғы дағдарыс және барлық бағытта әсер етуде. Ол шикізатқа болсын, дайын өнімге болсын, валюта мен қаржы рыноктарына болсын бірдей сипатта өзінің қысымын жасап жатыр. Мұның дені дамушы және дамыған мемлекеттерді шарпып тұр. Ал күллі әлемде шикізат тауарлары бағаларының күрт төмендеп кетуі оған қатыстары бар елдердің бәрінің қазыналарына соққы болып тиюде. Осы саптағы Қазақстанның енді бюджетке түсіріп келген қаржысы көлемінің күрт түсіп кететіні де белгілі. Ал біздің еліміз мұндай қиындықтарды өзі тәуелсіздікке қол жеткізген кездерден бері бастан кешіп келеді. Бұған бірінші мысал ретінде Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі уақытты алайық. Сол кезде жылына 2000 пайыздық инфляция орын алғаны да әлі ұмытылған жоқ. Барлық зауыттар мен фабрикалардың тоқтап, 2 миллион адамның жұмыссыз қалғаны, зейнетақы мен жалақы төлей алмай қалғаны әлі есте. Расын айтқанда, қазір де осыған ұқсас уақыт келе жатқан сияқты. Сондықтан, біз оған да дайын болуымыз керек. Бұл шын мәнінде де елдің тағдыры, оның экономикасының ахуалы таразы басына түсетін кез болғалы тұр.
Осы ретте әлем экономикасының бірімен бірі тығыз байланысты екенін мына жайттардан да көруге болатынын айтуымыз керек. Теңге еркін айырбас бағамына көшкен бойда қырғыздың сомы мен беларусьтың рубліне де ептеп қиындық туды. Бұл тура теңге бағамының өзгеруінен туған жағдай еді. Ресей сарапшылары теңге бағамының ахуалы бізге әсер етпейді, деп қанша жерден айтып жатса да, бұған сескене қарайтындары әдепкіден аңғарылып қалды. Мұның арғы жағында жақын күндерде әлемдегі тағы 10 елдің ұлттық валюталарына қиындық туа бастайтыны айтылуда. Олардың қатарында Сауд Арабиясының риал, түрікменнің манат, тәжіктің сомони, армянның драм, Египеттің фунт, түріктің лира, Нигерияның найра, Гананың седи, Замбияның квача, Малайзияның ринггит секілді ұлттық валюталары бар. Мұның сыртында осыған жетеғабыл, бүгін болмаса, ертең қосыла кетулері мүмкін қаншама мемлекеттер тұр. Осының бәрі жаһан жүзіндегі жағдаяттардың ешкімге де оңай тимей жатқанын көрсетеді.
Әлемдегі қаржы нарығы осындай алмағайып уақытты бастан кешіп жатыр. Оның соңы қалай болатынын, ақиқаты керек, ешкім де білмейді. Бұл жерде пәлен деп болжам айтып, кесім шығару қиын. Бәрін уақыт көрсетеді. Себебі, күнде дерлік өзгеріп жатқан дүниенің дүбірі алда тағы қандай нәрселерді ұсынғалы тұрғанын кім білсін! Тым ұзаққа бармай-ақ өзіміздің мұнайдың төңірегіне көз салайықшы. Міне, осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын соның баррелінің бағасы арада аз ғана мерзім өткенде бірден құлдырап, сол кездегі 100 долларлық нарқының жартысы деңгейіне дейін түсіп кетеді деген ой кімнің қаперінде болыпты...
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда аталған кеңесте бәріміздің жадымызда жүруге тиісті өте бір ұлағатты да пайымды сөз айтты. «Қанша бағдарламалар жасасақ та өмір мен жағдай алдымыздан қиыншылықтарды алып келеді, – деді Елбасы. – Қазір де осындай қиыншылыққа таяп тұрмыз. Бұл дүниежүзілік дағдарыстан ешкім де тыс қалмайды. Қазақстан әлем мемлекеттерімен, экономикалармен байланысы бар ел. Сондықтан, бұл дағдарысқа алдын ала барлық жағынан дайындалып, еңсеруіміз керек. Осы мәселені түсіндіру үшін жиналып отырмыз».
Бәріміздің де тұратынымыз – осы тұжырым.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».