25 Тамыз, 2015

Алыстағы аудан адымы

353 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
100 накты кадамЖуырда барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен ұйымдастырылған семинар-кеңесте облыс тұрғындарының жартысынан астамы тұратын елді мекендердің шетін мәселелерін шешу жолдары кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов төрағалық еткен алқалы басқосуда кемшін тұстар да бүкпесіз айтылып, ауылдардың әлеуетін көтерудегі аудандардың рөліне ерекше көңіл бөлінді. Онда қияндағы Уәлиханов ауданындағы өрелі өзгерістер мен қарымды қадамдар үлгі етілді. Біз табыс сырын білмек ниетпен аталмыш ауданның әкімі Аман ТӨРЕГЕЛДИНДІ әңгімеге тартқан едік. – Иә, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың баяндамасында шағын және орта бизнес саласындағы оң тәжірибелеріміздің атап көр­сетілгені рас. Қазір барлық ауыл­дық округтерде қоғамдық мон­ша, дүкен, дәріхана, шаштараз секілді халыққа бірінші қажетті қызмет көрсету жүйелері жұмыс істеп тұр. Оның ешқандай құпия сыры жоқ. Елбасы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында жергілікті жерлерге барынша көңіл бөліп, ауылдың экономикасын нығайту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қат­арына қосу жолындағы қағи­даттарды белгілеп берді. Бүгінгі таңдағы басты міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмаларын бұлжытпай орындау. Оған мүмкіндік те, күш-жігер де жеткілікті. Жұртшылықтың үлкен қолдауына ие болған бағдарламалар биік белестерге жігерлендіреді. Қолтықтасып еңбек етуге үндейді. Әлемдегі қаржылық дағдарыстарға қара­мастан Қазақстан экономикасының тұрлаулылығы таңдап алған жо­лымыздың дұрыстығын аң­ғартса керек. Бес институттық реформаның басым бағыттары ұжымдарда кеңінен түсіндіріліп, «100 нақты қадам» жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, жаңа тарихи жағдайдағы ұлттың өркендеген мемлекеттердің сапына қосылу жөніндегі жоспар, күрделі кезеңнен сүрінбей өтуге жағдай туғызатын қадам екені қадап айтылды. Уәлиханов ауданының әкімі. А. Төрегелдин.«100 нақты қадамның» қай-қайсысы болсын маңызды, әбден екшелген. Ойға қонымды. 61-қа­дамда ет өндірісі мен өңдеуді дамыту бағытында алда ұлан-ғайыр істер күтіп тұр. Ендігі негізгі мін­дет шикізат базасын алға бастыру және өңделетін өнімді сыртқы нарыққа шығару болып табылады. 60-қадамда айтылғандай сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвес­торлар тарту шеңберінде ТМД елдеріне шығарылатын өнімдердің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз етудің маңызы айтпаса да түсінікті. – Бұрындары Уәлиханов ауданы даму әлеуеті төмен санатына жатқызылатын. Қазір жағдай қаншалықты өзгерді? – Табиғаты көркем, ұлттық салт-дәстүрлері берік сақталған өңірді әлдекімдер депрессияға ұшыраған аймаққа енгізіп, қаржы «қалдық принципімен» бөлініп келгені жасырын емес. Соның салдарынан республикалық ве­домстволардың тікелей әрі жедел араласуымен шешілетін түйінді проблемалар жабулы қазан күйінде қала берген. Ешкім де «артта қалушылықтың» объективті, субъек­тивті түп тамырларына үңілуді қажет деп таппаған. Негіз­гі тұрғындары қазақтар саналатын өңірдің бір ерекшелігі ре­тінде аумағының үлкендігін айтуға болады. Кезінде алты аудан енші алып шыққан. Бастапқыда Көкшетау облысының құрамында болып, «Қызыл ту» аталған. 1997 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қосылған. Территориялық бағыныштылығының жиі өзгеруі алға басқан адымның кері кетуіне салқынын тигізбей қойған жоқ. Облыс орталығынан шалғайда орналасуы, жолдардың сапасыздығы салдарынан ауданішілік қатынау түйінді мәселеге айналған. Пе­тропавлдан Қулыкөл ауылдық округіне жету үшін кемі 600-700 шақырым жүріп, Павлодар облысының аумағын бірнеше рет кесіп өтуге тура келеді. Ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілік. Соңғы жылдары мемлекеттің қаржылық қолдауы арқасында астық өн­дірісі әртараптандырылып, машина-трактор паркі нығайды. Жыл басынан бері 109 миллион теңгенің жаңа үлгідегі техникалары сатып алынды. Былтыр ауа райының қолайсыздығына қарамастан гектар өнімділігі 13,7 центнерден айналып, 225,3 мың тонна астық жиналды. Биыл 246,4 мың гектар жерге бітік астық өсірілді. Жанар-жағармай бағасын арзандату мақсатымен 380 миллион теңге жеңілдікті жәрдемақы алынды. Бұл шаралар көктемгі, күзгі дала жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырудың басты кепілі болмақ. Одақ ыдырап, нарықтық экономикаға көшкен кезеңде мал санының күрт азайып кеткені белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыруда Үкіметтен беріліп жатқан қаржылық демеулердің көмегі өлшеусіз. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламаларының тиімділігін ауылдықтар анық сезініп отыр. Мысалы, «Керей – 2014», «Досжан» фермерлік шаруашылықтарының, «Юнайт Инвест» ЖШС-нің 172 бас ірі қара және 108 бас жыл­қы алу жөніндегі өтінімдері ма­құлданды. «Алтын асық» бағ­дарламасына қатысушылар саны арта түскенін байқауға болады. Мал шаруашылығын қолдау үшін 8 миллион 826 мың теңге мемлекеттік жәрдемақы берілді. Елбасы тапсырмаларына сәйкес асыл тұқымды малдың үлесін арттыру үшін бордақылау алаңдарын, фермалар ұйымдастыру, малдың генетикалық және экспорттық әлеуетіне ерекше көңіл бөлінген. «Жолдасбай-Агро» фермерлік шаруашылығы осы бағытта жұмыс істейді. Мұхиттың арғы жағынан 393 асыл тұқымды ірі қара малын әкеліп, 890 басқа жеткізді. Енді малдарды аукцион арқылы сату, мал бордақылайтын алаң салу жоспарланған. – Алқалы жиында мәлім етілгендей шағын және орта бизнес саласындағы жетістіктерді таратыңқырап айтсаңыз? – Елбасы экономиканың ма­ңызды буынын жеке кәсіпкерлік құрайтынын талай мәрте атап көрсетті. Қаржылық мүмкін­діктердің арқасында бұл сала қар­қынды дамып келеді. «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Северная Нива» серік­тестігі сыйымдылығы 60 мың тонна болатын элеватор салуға кірісті. Жобаның құны – 2 миллиард теңге. «Жақсы Тұз Петропавл» ЖШС тұз өндіру жұмыстарына кірісті. Жылдық қуаттылығы 40 мың тоннаға жуық. Қызыл ту кен орнынан карьер ашып, қиыршық тас өңдеуге деген қызығушылық басым. Зауыт жылына 200 мың тонна өнім шығарып, 50 адамды жұмыспен қамтиды. Биыл 8 жаңа нысан іске қосылып, 7 фермерлік шаруашылық ашылды. Олардың иеліктеріне 12 676 гектар жер бөлініп, мал шаруашылығымен ай­налысуға мүмкіндіктер жасалды. – Аман Жақсыбайұлы, ауыл­­дықтарды тағы қандай мәсе­лелер толғандырады? – Көлік және тұрғын үй инфра­құрылымын дамыту – өзекті мәсе­лелердің бірі. Мемлекет басшысы Жолдауларында өңірлерді бай­ланыстыратын жолдардың ма­ңыздылығына ерекше екпін түсірілгені мәлім. Былтыр жер­гілікті жолдардың жөнделуіне 491 миллион теңге бағытталды. Биыл да қомақты қаражат қарастырылды. «Қулыкөл-Қаратал» бағытындағы автомобиль жолдарын қалпына келтіруге аймақ басшысы облыс­тық бюджеттен 52 миллион теңге бөлдіртті. Сонымен қатар, жолаушылар санының артуына байланысты «Кішкенекөл-Астана» бағытындағы пойызға қосымша вагон қосуға ықпал жасады. «Кішкенекөл-Қулыкөл», «Кішкенекөл-Аққұдық» және «Кішкенекөл-Көкшетау» бағыт­тарында автобус маршруттары ашылып, 16 елді мекенге қызмет көрсетеді. Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету – ма­ңызды басымдықтардың бірі. 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында елді мекендердің 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы 36 шақырым «Ақтүйесай-Өндіріс-Жұмысшы-Жамбыл» ара­­­­­­­­лығындағы және 27 шақырым «Мо­лодая Гвардия-Мортық» бағы­тын­дағы су құбырлары жаңар­тылды. «Чехов-Кішкенекөл» бағы­ты бойынша су құбыры тартылуда. Соңғы екі жылда осы салада 1 миллиард теңге игерілді. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шең­берінде 2 қабатты 12 пәтерлі үй берілді. «Мөлдір су» кәсіпорнының қаражаты есебінен осынша пәтер бой көтерді. – Елбасының апатты мектептер мен үш ауысымды оқы­ту мәселе­лерін тезірек шешу жөніндегі тапсырмасы қалай орындалуда? – Ауданымызда мұндай проблемалар жоқ. Оқушыларымыз білім берудің негізгі көрсеткіштерінің бірі – ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен қуантып келеді. Былтыр облыс бойынша бірінші орынды иеленгенбіз. Биылғы көрсеткіштер де жақсы. Орта­ша балл 81,8%-ды құрап, алдың­ғы орыннан көріндік. Жеті түле­гіміз «Алтын белгіге» ие болды. Мұғалімдердің кәсіби шебер­лігін жетілдіру, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылардың жақсы білім алуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. «Жұмыс­пен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы Өндіріс орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Жастарды спортқа баулу бағы­тында жұмыстар жүйелі сипатқа ие. 103 спорттық нысан жұмыс істейді. Аудан тұрғындарының 27,7 пайызы спортқа тартылып, саламатты өмір салтын ұстанған. Еркін күрестен КСРО-ның екі дүркін чемпионы Ахметжан Қазымбетовты еске алуға арналған республикалық турнир дәстүрге айналған. Облыстық қысқы ойындар өткізу үшін жаңа талаптарға сай жабдықталған хоккей корты бой көтерді. Енді денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды ойлас­тырып отырмыз. Ауданның жағрапиялық жа­ғынан оңтайлы орналасуы, ми­нералдық, шикізаттық ресурс­тардың молдығы, достықты, жақ­сы дәстүрлерді қастерлейтін тұрғындарының еңбексүйгіш қасиеттері – мұның бәрі болашаққа нық сеніммен қарауға жол ашары анық. Өңірді теміржол және автомобиль жолдарының тоғысқан күретамыры десе де болады. Сол­түс­тік шығысында Ресей Феде­рациясының Омбы облысымен, шығысында Павлодар, оңтүстік-шығысында Ақмола облысымен шектеседі. Сөз арасында Би­дайық – Омбы бағытындағы темір­жол жүйесінің жаңғыртылып жатқанын айта кеткен жөн Ынтымағы мен бірлігі жарасқан аудан тұрғындары ел ырысын еселеуге өз үлестерін қоса беретіндері еш күмән тудырмайды. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы.