01 Сәуір, 2015

Комиссия жұмысын бастады

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сайлау науқанынан қоғамдық бірлестіктердің де тысқары қал­май­тындығы «Қазақстан Респуб­лика­сындағы Президент сайлауын бақылау жөніндегі республикалық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған кешегі брифингінде айтылды. Белгілі болғандай, елорда қалалық филиалының құрамына қоғамдық бірлестіктер көшбасшылары, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері және өзге де белсенді топ өкілдері кіріп отыр екен. Комиссия төрағасының орынбасары, комиссияның Астана қалалық филиалының төрайымы Тамара Лавриненко кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу барысында еріктілермен жұмыс жанданатындығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, еріктілер Астана қаласындағы 250-ге тарта сайлау учаскесінде жұмыс істейтін көрінеді. Қазір олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік әдебиеттермен таныстыру өтіп жатыр екен. Бұл ретте, комиссия өз жұмысын 2005 жылдан бастап жүргізгендігін, президенттік және парламенттік сайлаулар барысына байқау жасағандығын және де олардың негізінде еріктілер үшін әдістемелік құралдар әзірленгенін айта кету керек. Комиссия төрайымының сөзіне қарағанда, байқау барысында орын алған қателіктерді қалай түзеу қажеттігі басты назарға алынады. Онда да мұндай қателіктер мен кемшіліктер сайлау өткізілетін күнге дейін өз шешімін табуы тиіс. Штаб қызметі туралы да сөз етілді. Әзірге ол өз жұмысын таңғы сағат 9:00-ден бастап кешкі 18:00-ге дейін жалғастырмақ. «ҚХА Қоры» ҚҚ директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Алмагүл Сәлімбаеваның сөзіне қарағанда, 37-31-90 телефонына немесе www.baikau.kz сайтына хабарласып, өз сауалдарын қойғандарға нақты жауаптар беріледі. Сонымен қатар, қалай еріктілер қатарына кіруге болатыны, қандай жаңалықтар орын алып жатқанымен де танысуға мүмкіндік туғызылады. Және де бұл байланыс құралдары тәулік бойы жұмыс істейді деп күтілуде. Сайлау науқаны барысындағы байқаушылардың маңызды рөлі туралы  комиссия төрағасының орынбасары, комиссияның Астана қаласы филиалының төрайымы Тамара Лавриненко былайша сипаттап берді: «Сайлау процесіндегі байқаушының рөлі – ең маңызды мәселенің бірі. Байқаушы бұзушылықтарды белгілеу тұрғысынан ғана емес, олардың алдын алу бойынша да қыруар жұмыс істейді». Сондай-ақ, брифингте сөз алған қоғам қайраткері Арыстан Жұмағали еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бірқатар өзгерістер болғандығына ерекше назар аудартты. Ел азаматтарының ерік-жігерінің арқасында Қазақстан өркендеу жолына түссе, ендігі кезекте еліміздің демократиялық дамуына өзіндік үлестерін қосуы тиіс. Сайлаудың нәтижелі өтуі барлық қазақстандықтар үшін абыройлы міндет әрі әрбір қазақстандықтың ортақ іске қосқан игі үлесі болып табылмақ. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».