06 Наурыз, 2015

Салықты заңсыз төлетіп келіпті

324 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
asdӘрбір кәсіпкер өз жұмысының орындалуына қарай мемлекет қоржынына салық төлеп тұрады. Оның үстіне Қазақстанның салық туралы негіздемелері кәсіп­керлердің қалтасын шетелдегідей ұрмайды, былайша айтқанда ұзын арқан, кең тұсау. Жеңілдіктері көп. Бірақ, салық төлемақысы заңсыз ұсталғаны қалай болады?! ОҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысына «STAV­KABET.KZ» букмекерлік кеңсесінің бас директоры Н.Сей­сенбаевтан Түркістан қала­сы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Бөбеевтің заңсыз іс-әрекеттері туралы арызы түскен. Қызығы сол, букмекерлік кеңсе Түркістан қаласында жұмыс істемейді, жарнама орнату туралы тиісті мекемелер­мен келісімшарт жасамаған. Былай айтқанда, Түркістан қаласы бойынша кірістер басқармасы букмекерлік кеңседен негізсіз және заңсыз салық ұстап келген болып шығады. Әрине, таңданасыз. Түркі­стан­ға қатысы жоқ кеңседен қалай салық өндіріп келген. Гәп мынада екен. Түркістан әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеев былай түсіндіреді. Түркістан қаласы әкімінің 2012 жылғы №920 қаулысына сәйкес сыртқы жарнама саласындағы уәкілетті орган болып бекітілген. Бөлім тарапынан букмекерлік кеңсенің жарнамалық плакаттары қаланың Ш.Айманов пен Ататүрік көшелері қиылысында. С.Қожанов пен Әл-Фараби көшелерінің қиылысында және Орталық базар маңында ілінгені анықталған. А.Бөбеев Жарнама туралы Заң мен Салық кодексінде белгіленген талаптарға сәйкес, қалалық кірістер басқармасына мәлімет ретінде жолдайды. Алайда, Түркістан қаласына аяғын аттап баспаған букмекерлік кеңсе аталған мекенжайда орналасқан  кеңселерге  өздерінің еш қатысы  жоқтығын және салық төлемақысы заңсыз ұсталғандығы туралы ОҚО кәсіпкерлік палатасына шағынады. Далада жатқан батпан құйрық жоқ. Кәсіпкерлік палата ізінше бөлімнен мәлімет сұратады, ақ-қарасын анықтайды. Сөйтсе, аталған жарнама құрылғылары сыртқы жарнама нысанына жатпайды екен. Ілінген  жарнама компания атауы және плакаттар терезелерді безендіру үшін пайдаланылған. Осының бәрін  есепке алған Кәсіпкерлік палата букмекерлік кеңсені салық төлеушілер тізі­мі­нен алып тастауды ұсынады. Әри­не, Бөбеевте дұрыс шешімге ай­тар дау жоқ. Бірақ, бәрі кеш еді. Бөлім тарапынан кеткен ағат­тықтың кесірінен букмекерлік кең­сеге 2014 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында 324 мың 101 теңге салық төлемдері салынған. Төлемақы ай сайын еселеніп отырған. Бүйте берсе, бір кең­седен-ақ бюджеттің талай жыртығын бүтіндеп алуға болады екен. Бірақ, бас директор арыз­данғанымен А.Бөбеевтің үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз болмайды. Оның іс-әрекетінде ҚР ҚК-нің 307-бабының белгілері байқалмайды. Сондықтан, А.Бө­беевке тәртіптік шара көру үшін оның ісі тәртіптік кеңеске жіберілген. Өзіміз де тәртіптік кеңестің бір мүшесіміз.Алмасбек Бөбеевтің уәждері тыңдалды. Салықтық төлемдерді төлетуге қауқары жеткенімен, өзін ақтайтындай дәлелдер келтіре алмады. Букмекерлік кеңсенің Түр­кістанда жұмыс істемей­тіндігін айттық. Ал сол кеңсенің жарна­ма­ларын терезелеріне ілген бас­қа мекемелер бар емес пе. Неге олар­дан мән-жайды анық­­­­тау­ға бол­мады. Бөлім басшы­­сы­ «олар ­жеке­­мен­­шік бол­ған­­­­дық­тан, ішке кіргіз­­­б­ей­ді»­ дейді. «Кәсіп­керлердің жұ­мы­­­сын бақылауға морато­рий­­ жария­­ланғандықтан, кіре алма­дым», деу бөлім басшы­сы­ның айтар уәжі емес еді. Салық салуды біледі, бірақ не үшін төлемақы төлетіп жатқанын білмейді. Тәртіптік кеңес «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 7-тармақшасының талаптарын сақтамағаны үшін Түркістан қаласы сәулет және қала құры­лысы бөлімінің басшысы Бөбеев Алмасбек Ғалымжанұлына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды» Түркістан қаласы әкіміне ұсынды. Бір қарағанда, А.Бөбеев кәсіпкерден өз пайдасы үшін ақша бопсалаған жоқ, мемлекеттік кіріс пайдасына жұмыс істегендей көрінеді. Бірақ, мемлекеттік қызметші ретінде ақ-қараны анықтауға уақыты молынан жететін еді. Онсыз да бюджетке салық төлеп отырған кәсіпкерлерге үстемдік таныта беру, заңсыз әрекетке бару мемлекетттік қызметкерге абырой әпермейді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.