26 Тамыз, 2015

«Қазпошта» Конституцияға арнап мерекелік марка шығарды

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған марканы пошталық айналымға шығарды. Айтулы шараға орай, ұйымдастырылған марканы бастыру салтанатына Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысты. – Ілуде бір орын алатын, өте сирек ұйымдастырылатын мұндай шаралардың өзіндік мән-маңызына орай, бұл тарихи оқиғалардың бірі. Сондықтан да, атаулы күнде арнайы марка басып шығару ісі біздің Конституциямыздың құндылығын одан сайын арттыра түседі. Ата Заңымыздың абырой-беделін білдіретін мерекелік марка филателиимен айналысушылар арасында (марка жинаушылар) зор сұраныс тудырып, тарих қойнауынан өзіне тиесілі тұғырлы орнын алады деген сенімдемін, – деді Конституциялық Кеңес төрағасы. Осылайша, жүрекжарды лебізін білдірген Игорь Иванович атаулы күнге арнайы марка шығаруға мүдделілік танытқан «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинге шексіз алғысын айтып, естелік сый ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясының әшекейленген суретті басылымын тарту етті. Өз кезегінде сөз алған «Қаз­пошта» АҚ төрағасы мар­каның «Естелік және мерей­той­лық даталар» сериясында шыға­рыл­ғандығын атап өтті. Төрт бояу­лы офсетті баспа перфорация­сы жоталы болып келеді.  Ал шығарылым түрі маркалы парақ. Өлшемі – 130х108 миллиметрлік пошталық марканың номиналы – «А» литерлі, құны – 112 теңге. Бұл заңды тұлғаларға арнал­ған Қазақстан Республикасы аума­ғында жер үсті көлігімен 20 грамға дейінгі салмақта қарапайым хатты жіберу тарифіне сәйкес келеді. Таралымы – 5000 дана,  деді Бағдат Батырбекұлы. Айта кетейік, мерекелік мар­каның суретін Қуат Ибрайшин салған болса, оны басып шығарған орны Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің «Банкнот фабрикасы» республикалық кәсіпорны болып табылады. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, журналист.