23 Шілде, 2010

Ақжайықта алынған асулар

546 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде іскерлік ахуалы айқын аңғарылды Ақтау қаласынан шыққан Премьер-Министр ұшағы Орал әуежайына қонғаннан кейін, Үкімет басшысы Ақжайықтың астықты ауданы Зеленовқа қарай бет түзеді. Кәрім Қажымқанұлы мұнда батысқазақстандық тауар өндірушілермен кездесіп, биыл өңірде екінші жыл қатарынан орын алып отырған құрғақшылық зардабын жеңілдетуге байланысты мәселелерді талқылады. “Карку­ла” шаруа қожалығының жетек­шісі Виталий Каркула кездесу кезінде құрғақшылықтың биыл тағы да қайталануына орай ал­дың­ғы жылы алынған несиелер мен лизингтік төлемдерді уақы­тын­да қайтару мүмкін еместігін мәлімдеді. Батысқазақстандық диқандар пікірін мұқият тыңдап алғаннан кейін Кәрім Мәсімов сол бойда аталған мәселеге байланысты ар­найы жұмыс тобын құру жөнінде шешім алды. Бұған қоса Батыс Қазақстан облысының алдағы бес жылда агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытудың бағдар­ла­ма­сы белгіленді. Оның тиісті құ­жат­тарын алдағы қараша айына дейін әзірлеу Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ақылбек Күрішбаев пен Ба­тыс Қазақстан облысының әкім­дігіне шегелеп тапсырылды. – Биылғы құрғақшылық тек Ақжайық өңірін ғана емес, рес­пуб­ликаның бірқатар өзге де ай­мақтарын қамтып отыр. Сон­дық­тан да осы жерде жұмыс тобын құру жөніндегі өкімге қол қойып отырмын. Осы құжатқа сәйкес тек сіздердің облыстарыңыз үшін ғана емес, сонымен бірге тұтастай республика бойынша күрделі жағ­дайға байланысты тиісті ұсы­ныс­тар әзірленетін болады. Тағы бір айтарым, қуаңшылық болғаны­мен елдің қай өңірінде де нан бағасы өспейді. Сондай-ақ Орал өңі­ріндегі босап қалған элева­тор­лар мен астық қабылдау пункт­теріне мемлекеттік қор есебінен 150 тонна дән және қажетті көлемде жем-азық жөнелтіледі, – деп мәлімдеді Үкімет басшысы Ақжайықтағы тауар өндіруші­лер­мен кездесу кезінде. Сонымен бірге ол Елбасы тап­сырмасына сәйкес Зеленов ауда­нында бой көтерген 8640 бас­қа арналған бүгінгі заманғы мал бор­да­қылау кешені инфрақұры­лы­мы­мен танысып, оған оң баға берді. Орал өңірінде отандық ин­вес­тицияның қаржылай қолдауына орай пайдалануға берілген ТМД көлемінде баламасы жоқ екінші бір нысан – мия тамырын өң­дей­тін зауыт болып табылады. Үкі­мет басшысынан келісім тап­қан бұл кешен әлемдік деңгейге сай өнім шығаруға қабілетті екеніне көз жеткізілді. – Елбасы дәрі-дәрмек өнім­дерінің елу пайыздан астамын Қазақстанда өндіру жөнінде Үкі­метке тиісті тапсырма берді. Міне, мия зауыты Мемлекет бас­шы­сы қойған осы міндетті орын­дауға өз үлесін қосатынына се­ні­мім мол, – деді ол жаңа өнді­рістік нысандағы кездесу кезінде. Дәл осы сәтте Премьер-Министрдің қызметтік байланыс жүйесі белгі берді. Оны көтерген кезде ар жағынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барша қазақстандықтарға жақсы таныс жағымды да қоңыр дауысы тек Кәрім Қажымқанұлының өзіне ғана емес, оның жанындағыларға да естіліп қалды. Мемлекет басшысының тиісті сауалына орай К.Мәсімов былай деді: – Нұрсұлтан Әбішұлы, дәл осы қазір мен Батыс Қазақстан облысындағы егістік алқаптары­ның бірінің шетінде тұрмын. Биыл мұнда орын алған қуаң­шы­лыққа да тікелей куә болып тұр­ған жайым бар. Осыған байла­нысты арнайы жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылдадым. Көп кешікпей К.Мәсімовтің Мемлекет басшысына берген хабарламасына орай Елбасының байламы тағы да Үкімет басшы­сы­ның жанында тұрғандарға естілді. – Батысқазақстандықтарға менің ыстық ықыласты сәлемімді жеткізіңіз. Егін күйіп кетті деп еңселері түспесін. Табиғатта жаман ауа райы болмайды. Ол әр жылдары, бірде қуаңшылық, бірде жаңбырлы болып өзгеріп отырады. Тікелей өзімнің тара­пымнан да оларға қажетті қолдау көрсетілетін болады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасының үлкен қамқорлық­қа толы бұл сөздерін бірінен соң бірі естіп, қозғалақтап қалған үл­кен қауым ендігі бір сәтте дүр сілкініп сайын даланы жаңғырта қол шапалақтап жіберді. Осы бір сәтте олар республиканың кез келген өңіріндегі, республиканың әр азаматының өміріндегі орын алған қиыншылықтар мен ке­дер­гілер, ең алдымен Елбасының жү­регіне салмақ түсіретінін сезінгені анық. Сондай-ақ Елбасының нақ­ты қолдауын сезіну қуаны­шын бастан кешкендеріне де күмән жоқ. Биыл Батыс Қазақстан облы­сын­да мемлекеттік “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы шең­берінде бес бірдей денсаулық сақ­тау нысаны пайдалануға берілмек. Премьер-Министр Ақжайық өңі­ріне сапары кезінде соның бірі – бір ауысымда 500 адамды қа­был­дай алатын қалалық емхананың ашылу рәсіміне қатысып, оның лентасын қиды. Аталған нысан Қазақ­стан­ның көне де қазіргі заманғы қаласы Оралда емханаларға кезектің азаюы­на, адамдарға көрсетілетін меди­ци­на­­лық қызмет сапасының жақ­са­руына септігін тигізеді деп күтілуде. Сондай-ақ мәртебелі мейман екі жүз төсектік облыстық көп бейінді балалар ауруханасы құрылысының жүру барысымен танысты. Кәрім Қажымқанұлы Орал өңірінде пайдалануға берілген және іске қосылатын денсаулық сақтау нысандарын аралап болғаннан кейін осы сала бойынша өткізілген “дөңгелек үстел” мәжілісіне қаты­сып сөз сөйледі. Оны республика Денсаулық сақтау министрі Жақ­сылық Досқалиев жүргізіп отырды. – Республиканың қай өңіріне жолым түссе де мен медицина қыз­мет­керлерімен кездесуге әр кез уа­қыт табуға тырысамын. Біз мұндай кездерде олармен бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі орнықтыру жөнінде ой-пікір ал­ма­сып жүрміз. Осыған байланысты қосатын қандай ұсыныстарыңыз бар? – деді К.Мәсімов. Премьер-Министр сауалына орай Орал қаласындағы №2 пер­зент­хананың бас дәрігері Жанна Ділманова мен Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы экономикалық талдаулар бө­лі­мінің бастығы Ирина Суха­но­ва­лар сөз алып, бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесін енгізудегі өз тәжірибелерін ортаға салды. Бұл орайда жақсы, білікті, тұрғын­дар­дың сенімдеріне ие бола білген дәрігерлердің еңбегі еш уақытта ес­керусіз қалмайтыны, өңірде осы ең­бекті бағалау мен қаржылан­ды­ру­дың және осындай дәрігерлерді материалдық тұрғыдан ынталан­дыру­дың тиімді де ұтымды жолда­ры қарастырылып отырғаны айтылды. “Дөңгелек үстелді” қорытын­ды­ла­ған К.Мәсімов жаңа басталған істің кедергілері мен бұралаңдары да кездесетінін, алайда таңдау дұ­рыс болған жағдайда ол тек оң нә­тиже беретінін айтты. Ұлттық ден­саулық сақтау жүйесіне де мәсе­ле­нің осындай мәнісінен қараған дұ­рыс болатынын мәлімдеді. Рас, жүйені іске асырудың алғашқы ке­зеңінде дәрі-дәрмектермен қамту, әр дәрігерге бөлінетін жүктеменің мөлшері жөнінде кейбір түсініс­пеу­шіліктер болғаны да рас. Алайда бү­гінгі күні оның бәрі де жолға қойылып келеді. Мұның өзі ден­саулық сақтау жүйесін дамытуда қолға алған бағытымыз дұрыс еке­нін айғақтайды, деп түйін жасады республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов. Батыс Қазақстанда жастар мен жас отбасыларға арналған үйлер салудың таптырмас тәжірибесі қа­лыптасқан. Осы мақсатта бұдан үш жыл бұрын облыс әкімдігіне қарасты “Ақжайық – жас отау” ЖШС құрылған. Жарғылық капи­та­лы бойынша оған мемлекет тұтастай жүз пайыз мөлшерінде қа­ты­са алады. Аталған серіктестік “Жастарға – тұрғын үй” атты ай­мақтық жобаны іске асырып келеді. Оған тиісті қаражат облыстық бюд­жеттен бөлінеді. Жас отбасыларға арналған тоқсан пәтерлік кезекті үйдің ашылу рәсімі кезінде Үкімет басшысы Б.Сүйіншәлиев, Ж.Тәпі­шева, З.Мурзиев және Д.Рамазанов сияқты жастар өкілдеріне пәтерлердің кілтін табыс етті. Жастарға арналған алғашқы үй­ді пайдалануға беру рәсіміне бұдан екі жыл бұрын республика Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев қа­ты­сып, батысқазақстандықтардың бұл тәжірибесі мен бастамасын рес­пуб­ликаның өзге өңірлеріне тарату қа­жеттілігін айтқан-ды. Осы бағытта кезекті үйдің тапсырылуы Елбасы тапсырмасының ойдағыдай іске асып келе жатқанының бір көрінісі болмақ. Орал қаласында тұрғындар “Ескі әуежай” деп атап кеткен аудан­да жиырма мың халық тұра­ды. Аталған ауданның дәл осы тұ­сындағы инфрақұрылымның артта қалып қойғаны жөнінде Үкімет басшысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұ­хамбетов баяндап берді. Сондай-ақ бұл жерге жаңа мектеп пен балалар бақшасының қажеттілігі де айқын көрінуде. – Осы мақсатта біз аталған ауданда 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша құрылы­сын бастауды қажет деп тауып отыр­мыз. Осынау қомақты қаржы­лан­дыру мәселелерін республика­лық бюджетке тіремей, шетелдік КПО б.в Альянсымен келістік. Тек осыны бекіту үшін Үкіметтің ар­найы қаулысы қажет, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. Облыс басшысының бұл ұсы­нысы республика Премьер-Ми­нистрі Кәрім Мәсімов тарапынан толық қолдау тапты. Бұдан соң Үкімет басшысы Орал қаласының орталығындағы бас әмбебап дүкенге кіріп, мұнда тұрғындарға бірінші кезекте қажетті азық-түлік бағаларының жай-күйі­мен танысты. Әрі мұндағы баға­лардың төмен, қарапайым тұрғын­дар үшін қолайлы екеніне көз жеткізіп, осындай тұрақты бағаны ор­нықтыра білген жергілікті ат­қарушы орган жетекшілеріне ризашылығын жеткізді. Ақжайық өңіріне жұмыс сапа­ры­ның екінші бөлігінде, түс ауа республика Премьер-Министрі К.Мәсімов отырған тікұшақ “Шаған” кеден бекетіне қарай ба­ғыт алды. Ол мұнда Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан шағандық кеденшілермен кездесті. Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов осы кездесу сәтінде Үкімет басшысына Кеден одағының құрылуына орай кедендік кедергілер жойылып, тауар айналымы жақсаруына оң әсерін тигізгенін айтты. Сонымен бірге жаңа экономикалық одақ осы мемлекеттердегі қарапайым тұр­ғын­дарға да көптеген жеңілдіктер әкелгенін мәлімдеді. Өз кезегінде Кәрім Қажым­қанұлы былай деді: – Кеден одағының күшіне кіргеніне бүгін тұп-тура жиырма екі күн толып отыр екен. Осынау ұлы істе Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың таптырмас саяси ерік-жігері мен қайталанбас қолтаңбасы бар. Нұр­сұлтан Әбішұлы бізге Кеден одағы мәселесінде ең алдымен ұлт­тық мүдде тұруы қажеттігін ұдайы ұғындырып келеді. Бұл қағиданың сіздерге де тікелей қатысы бар деп санаймын, – деді шағандық ке­деншілермен кездесу үстінде Кәрім Мәсімов. Премьер-Министр облыс ор­та­лығы Орал қаласына қайтып орал­ған­нан кейін облыс әкімдігі ғима­ратында трансшекаралық өзен – Жайықтың проблемаларына арнал­ған халықаралық кеңес басталды. Оны Үкімет басшысы Кәрім Мә­сімов ашып, жүргізіп отырды. Ке­ңесте “Трансшекаралық өзен – Жай­ықта су ресурстарын кешенді түрде пайдалану туралы” тақыры­бында ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ақылбек Күрішбаев және “Жайық өзенін сақтап қалу әрі бұрынғы қалпына келтіру жөніндегі шаралар туралы” Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов баяндама жасады. Жарыссөзге бірінші болып көте­рілген Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Бақтықожа Ізмұхам­бе­товтің пікірлері мен ұсыныстары ха­лықаралық кеңеске қатысушы­лар­дың назарын бірден аударғаны да байқалды. – Жайық өзенінің проблемасы Ресей мен Қазақстанның Оралда, Новосибирскіде және Орынборда өткізілген шекаралас облыстар басшыларының кездесуінде де әңгіме арқауына айналған еді. Оған Ресей мен Қазақстанның басшы­ла­ры да қатысқан-ды. Осы кездесу­лерде Хельсинки конвенциясына сәйкес көрші мемлекеттер өзен суын ұқыпты, тең түрде пайдалану қажеттілігі айтылған болатын. Өкі­нішке орай Ресей су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі уәде­лерін орындамай келеді, – деді ше­шен. – Соның салдарынан соңғы уақытта Жайық өзенінің экология­лық жүйесі күрделі күйге ұшырады. Сонымен бірге Бақтықожа Сала­хат­динұлы ресейліктер тарапынан жасалып отырған су ресурстарын шектен тыс коммерцияландыру тиіс­ті келісімдерге, қабылданған ха­лықаралық заңнамалар мен ере­же­лерге сәйкес келмейтінін айтты. Өйткені ол жалпыұлттық және жалпыадамзаттық игіліктер болып табылады деп түйін жасады ол. Ресей Федерациясының күні кеше ғана тағайындалған Орынбор облы­сының губернаторы, ТМД көлемін­дегі ең жаңа басшы Юрий Берг Жайықтың жағдайын түзеу үшін Қазақстан мен Ресейдің жоғарғы өкілетті органдарының ортақ шеші­мі қажет екеніне тоқталды. “Жайық өзені суының ауыр металдармен ластану мөлшері жылдан-жылға артып келеді. Осы теріс үрдісті түзету үшін көршілес мемлекеттер мен облыстардың ортақ жанашыр­лығы қажет”, – деп түйді өз ойын Юрий Александрович. Ресей Федерациясына қарасты Башқұртстан Республикасы Пре­мьер-Министрінің орынбасары Ри­шат Диваев трансшекаралық Жай­ық өзенін сақтап қалу ортақ міндет екендігі жөніндегі ойды құптады. Парламент Мәжілісінің депута­ты Елена Тарасенко Жайық өзе­нінде қалыптасып отырған күрделі экологиялық жағдай жөнінде Үкі­мет басшысына жолдаған депу­таттық сауалына байланысты осы халықаралық кеңестің өткізілуіне бастамашы болғаны үшін Кәрім Қажымқанұлына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге ол өз сө­зінде Жайықтың орта ағысы болып табылатын Орал қаласы маңында уылдырық зауытын салу өте тиімді нәтиже беретіндігі жөнінде өз ұсынысын Үкімет басшысына жеткізді. “Ең бастысы орта ағыста балықтардың табиғи түрде өсіп өнуіне қажетті жағдайлар бар”, – деп ой қорытты Е.И.Тарасенко. Сөзінің соңында Парламент депутаты Жайық өзенін қорғап қалу жөнінде кең қоғамдық пікір өрістеуіне жол аша білген қос елдегі табиғат жанашырларының 2010 жылғы халықаралық экпеди­циясына сәт сапар тілеуін өтінді. – Егер бұл экспедиция Жайық­ты қалпына келтіруге ықпалын тигізетін болса, сәт сапар айтылды деп есептеңіз, – деп жауап қай­тарды осы арада Үкімет басшысы Парламент депутатына әзіл-шынын араластыра жауап қайтарып. Халықаралық кеңесті қорытын­дылаған республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Жайық өзені о бастан достық пен туысқан­дықтың символына айналып кел­генін айта келе, оны қорғап қалу қос мемлекеттік ортақ мүдделерін білдіретінін жеткізді. Бұл жөнінде өз тарапынан әріптесі, Ресей Үкіметі басшысы атына хат әзір­леуді тиісті мемлекеттік органдарға тапсырды. Әрі республика Ауыл шаруашылығы және Қоршаған ортаны қорғау министрлері берген хабарламалардың назарға алына­ты­нын мәлімдеді. “Жайық өзенін қор­ғауға байланысты Қазақстан жа­ғынан тиісті жұмыстар атқары­латын болады. Бұл іс, біріншіден, Жайық өзенінің түбі мен жаға­лауын тазартудан бастау алуы керек”, – деді К.Мәсімов. Қазақстанның мемлекеттік ор­ган­дары құзырына кірмейтін транс­шекаралық Жайық өзенінің басқа да проблемалары бар. Бұл – Жайық­тың жоғарғы ағысындағы қалпына келтіру жұмыстары. Оны атқару ресейлік әріптестеріміздің еншісіне тиеді. “Оралда өткізілген бүгінгі халықаралық мәжіліс Жайық өзенін қорғап қалу жөнін­дегі іс-шараларға тиісті сілкініс пен серпіліс әкеледі деп санаймын”, – деді сөзін қорытқан Үкімет басшысы К.Мәсімов. Бұдан соң Премьер-Министр Қарашығанақ Альянсының өңірде әлеуметтік бағдарламаларды орын­дау жөніндегі мәжілісіне қатысты. Бұл жөнінде Альянс пен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасын­да орнаған ортақ түсіністік аталған бағдарламаны орындауға оң негіз қалағанын атап көрсетті. Осындай түсіністік ахуалы шетелдік ком­па­ния­ларда қазақстан­дық үлесті көтеру­ге, Қарашығанақ жобасында қа­растырылған кадрларды ұлттан­дыру бағдарламасын жедел­детуге жол аша алған, деп түйін жасады К.Мәсімов. Сөз соңында жоғарыда айтыл­ған­дай, республика Премьер-Ми­нистрі Кәрім Мәсімовтің Ақжайық өңіріндегі сапары іскерлік ахуалына толы болды дей аламыз. Өңірде шешімін таба алмай жүрген бірқатар күрделі де түйінді мәселелердің шешімі сол мезетте, сол сағатта табылуы – осы пікірімізге айқын дәлел. Темір ҚҰСАЙЫН.