Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Серік Бектұрғанов және Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Төлеш Кенжин құрамына енген қазақстандық парламенттік делегация Бухарестке барып қайтты.
Парламент депутаттары екі мемлекеттің парламентаралық ынтымақтастығын дамыту аясында біздің еліміздің Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Қазақстан елшілігі мен Румыния Парламенті және Халықаралық қатынастар және экономикалық ынтымақтастық институтымен бірлесіп ұйымдастырған «Парламенттің демократиядағы рөлі. Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісі – бірлік пен ұлтаралық татуластықтың құрылуы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Конференцияда Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, Энергетика мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Флорин Константинеску, Сенаттың шетелдегі румын диаспорасы мәселелері жөніндегі төрағасы Марчел-Думитру Бужор, «Румыния-Қазақстан» бірлескен парламенттік тобының басшысы, Депутаттар палатасының мүшесі Костел Алексе, сондай-ақ, саясаткерлер, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, ғалымдар мен іскер топтардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Парламентінің мүшелері румыниялық әріптестері мен қалың көпшілікті еліміздің құқық институттары құрылуы мен Ата Заңымыздың тарихы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, ұлтаралық және дінаралық үнқатысуды өрістетудегі халықаралық бастамалар, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жайында хабардар етті.
С.Ақылбай құқықтық және демократиялық мемлекет құрудағы еліміз Конституциясының басты рөлі мен ұлтаралық ынтымақтастық саласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше орнын айта келіп, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы Жол» Жолдауының негізгі бағыттары мен еліміздің келешек даму басымдықтарына тоқталды.
Өз кезегінде Румыния Парламентінің мүшелері Қазақстандағы демократиялық және құқықтық қоғам қалыптасуына жоғары баға берді. Д.Бужор ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін және Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі рөлін атап өтіп, Қазақстандағы румын қауымының өзіндік ерекшелігін сақтаудағы мемлекет қолдауына ризашылығын білдірді. Сөз алған Ф.Константинеску аз ұлттар мен түрлі конфессиялар өкілдері бейбіт қатар өмір сүретін Қазақстанда дана және үйлесімді саясат жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Румыния Қазақстан Президентінің барлық халықаралық бастамаларын қолдайтыны айтылды.
Сонымен қатар, қазақстандық парламентшілер Румыния Парламенті Сенатының басшылығымен, «Румыния-Қазақстан» парламенттік тобының депутаттарымен және комитет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Сондай-ақ, Румыния диаспорасы істері жөніндегі министрі Анджел Тилвэрмен және Румыния Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Даниел Ионицамен кездесулер болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.