07 Наурыз, 2015

Өмірді нәзіктік билейді

340 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко ұйымның құрылу, қалыптасу кезеңдері туралы жан-жақты баяндай келіп, елімізде гендерлік саясатты жүзеге асыруда біршама жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті. Қоғамда отбасы және неке институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу жөніндегі жұмыстар жандандырылуда. Соған орай Отбасы күні, «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы сияқты адамзаттың басты құндылықтарына орай дүниеге келген жобалар қазірдің өзінде халық арасында кең қолдауға ие болып отырғаны мәлім. 2015-2020 жылдарға арналған отбасы қарым-қатынастарын нығайту, отбасының моральдық-этикалық және рухани-ізгі құндылықтарын насихаттау жөніндегі қоғамдық жоспар да жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс отбасылық құндылықтарды нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру және жалпыға бірдей қоғамдық жұмыс жасау сияқты негізгі үш бағытта жүргізіледі. Бұл орайда Алматы қаласының, Алматы, Жамбыл облыстарының жұмыстары қызғылықты болып отыр. Оларда мемлекеттік емес ұйымдар мен «Ақсақалдар алқасы», «Аналар алқасы» сияқты азаматтық қоғам институттары кеңінен тартылған. Тек Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғана осындай 300-ден астам «Аналар кеңесі» құрылған, деген дәйектерді келтірген Елена Тарасенко «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Ұлттық комиссия әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жолында біршама жұмыстар атқарып отырғанын баса көрсетті. «Бүгінгі күні кәсіпкерлікпен шұғылданатын әйелдердің үлесі 50 пайыздан асып отыр. Шағын және орта бизнес субъектілеріндегі басшылардың 40 пайыздан астамы кәсіпкер-әйелдер. Ал Қарағанды және Қостанай облыстарында бұл көрсеткіш 48 пайыз болды», – деді ол. Біздің елімізде басшылық қызметтердегі әйелдер саны соңғы 10 жылда 2 есе өсіп, 20 пайыздан асты. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе облыстарында атқару билігіндегі аудан әкімінің орынбасары лауазымында, ал Ақмола облысында ауылдық әкім қызметінде әйелдер жақсы жұмыс істеп отыр. Ал депутаттар қатарындағы әйелдер саны 26 пайызға жетті. Еліміздегі қалалық мәслихаттардағы әйел депутаттар саны да біршама өсіп, 22 пайыз болып отыр. «Тағы бір айта кететін жайт, біз әлемдік парламенттің заңнамалық құрылымында да алға шығып отырмыз. Әлемдік банктің зерделеуі бойынша, олардағы әйелдердің үлесі 20 пайыз» деп мәлімдеді Е.Тарасенко. Елімізде қазірде әйелдерге, балалар мен еркектерге арналған 37 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жалпы дағдарыс орталығына былтырғы жылы 16 753 әйел мен 1907 ер адам көмекке жүгінген. Мәселен, сұралғандардың басым бөлігі немесе 34 пайызы отбасындағы зорлық-зомбылықтың басты себебі мүліктік дау-дамай деп, ал 26 пайызы жұбайлардың қызғанышынан, 25 пайызы ішімдіктен, 12 пайызы жұбайлардың отбасылық өміріне басқадай адамдардың аралас­уынан, ал 7 пайызы жұбайлардың өзара келіспеушілігінен деп көрсеткен. «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова: «Біз статистикалық мәліметтерді жіті бақылап отырамыз, – деді. – Елімізде ерлер мен әйелдер жалақысының арасында айырмашылық бар. Мәселен, 2005 жылы айырмашылық 61 пайызды, ал 2012 жылы 69 пайызды құрады. Яғни, көрсеткіш артып келеді... Бізде жылдан-жылға мемлекет тарапынан әйелдерге көрсетілетін көмектер артуда. Мысалы, жүктілігіне байланыс­ты еңбек демалысына шыққан әйелдерді қысқартпаймыз. Осы шаралардың барлығы әйелдердің тек кәсіби қызметін атқаруымен қатар, отбасына да қамқорлық жасауына зор мүмкіндік жасайды». Солай бола тұрғанмен, жоға­ры деңгейдегі басқарушылық қыз­мет­тегі әйелдер саны елімізде аз, бірақ та бұл әлемдік тенденция еке­нін жеткізсе, Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева дәл қазір елдің бүтіндігі мен ынтымағын сақтап қалуда отбасылық құн­ды­лықтың атқарар рөлі өте зор екенін айта келіп, қоғамдағы әйел бел­сенділігінің жылдан-жылға ар­тып келе жатқанын, мұны өңір­лердегі кейбір фактілерден айқын көруге болатынын алға тартты. Бірақ өкінішке қарай, бұған кере­ғар жағдайлардың да орын алып отырғанын нақты мысалдармен жеткізді. Әйелдерді өмірдің гүлі­не теңеп жатамыз, көктемгі жыл құсының әсем сазына балаймыз, отбасының сән-салтанатын кіргі­зуші, жан жылуы мен мейірімін төгу­ші ретінде қараймыз. Ал сол әзіз жүректердің лүпіліне қаяу түсір­меу қашанда қоғамның бас­ты мәселесі болып саналуы – заң­дылық. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».