07 Наурыз, 2015

Ілтипат

712 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_3549 «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, ортаңғы топтың тәрбиешісі Гүлбахар Кәденованың ерекше қасиеттерінің бірі – ізденіс. Жаңалықтарға жаны құмар ұстаз тек отандық педагогиканың жаңа жетістіктерімен ғана шектеліп қоймай, өзге елдердің де озық тәжірибесін зерделеп, өз жұмысына бейімдеп, шебер пайдаланады. Ол үнемі өз білімін жетілдіріп, көптеген халықаралық, жергілікті семинарларға қатысып келеді. «Мектепке дейінгі тәрбиенің халықаралық бағдарлары», «Монтессориді тану педагогикасы» семинар-тренингтері, «Жаңа стандарт бойынша мектеп алды балаларына білім беру мен тәрбие­леу үрдісін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері», «Өзін өзі тану» пәнінің құрылымдық, мазмұн­дық ерекшеліктері», «Балапан» бағдарламасын іске асырудың ғылыми-әдістемелік негіздері», басқа білім жетілдіру семинарлары мен курстарына қатысып, оқып, білгенін, көңілге түйгенін әріптестерімен бөлісіп, жас буынның бойына сіңіріп жүр. Ұстаз мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға да зор үлес қосып келеді десек, еш артықтығы жоқ. Балабақша бүлдіршіндерінің басым көпшілігі ана тіліне шор­қақтау екені ешкімге де құпия емес. Тәжірибелі маманның тәлі­мі арқасында ұл мен қыз ана тіліміздің қайнар бұлағынан сусындап, әдемі, әрі жатық сөйлеп, тіпті үлкендер күнде қолдана бермейтін тың сөздерді де айтып келетініне ата-аналар дән ризамыз. Отанды сүюді, үлкенді сыйлауды, мақал-мәтелдер, әндер, өлеңдер үйретіп, бойларына небір жақсы ізгі қасиеттерді егуде. Абай атындағы Алматы мем­лекеттік университетін бастауыш білім педагогикасы мен әдістемесі, бастауыш сыныптар мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған Гүлбахар Кәденова ширек ғасыр бойына өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеуден еш жалыққан емес. Ол өзін өзі жетілдіріп отыру, кәсіби және мәдени деңгейін арттыру тобындағы сәбилердің жекелеген қасиеттерін қадірлеу, оларға деген әділдік пен құрмет, өз жұмысына шығармашылықпен қарау сияқты қасиеттерімен ерек­шеленеді. Ата-аналармен бірлесе отырып, тәрбие бөлмесін ерекше эсте­тикалық тұрғыда жабдық­тауда да жақсы шешімін тапқан. Гүлбахар Сасықбайқызы «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге» – ортаңғы топқа бейімделген бағдарламаны, «Балаларды ина­баттылыққа тәрбиелеу» – ересектер тобына бағытталған жобаны және «Балаларға экологиялық тәрбие беру» тақырыбындағы ересектер үшін жоспарды әзірлеп, осы жұмысында өзі ғана шебер қолданып қоймай, әріптестерімен де бөлісіп келеді. Гүлбахар Кәденованың еңбегі, кәсіби жоғары біліктілігі мен білімі басшылық тарапынан ескеріліп, бірталай марапаттарға да ие болды. Міне, осындай қарапайым қа­тардағы ұстаздың атқарып отырған зор еңбегі көлеңкеде қалып қоймай, көпке танылып, жастарға өнеге болса екен деген ниетпен, ата-аналар балаларымыздың сүйікті тәрбиешісі Гүлбахар Кә­денова туралы көпшілікпен ой бөлісуді жөн көрдік. Қолға қалам алғандағы мақсатым да осындай өз ісіне шын берілген, табиғатынан ұстаз жандар көп болса, өскелең ұрпақ тәрбиесі жалпы халықты алаңдатпас еді деген ата-ана ілтипатын ортаға салу болатын. Сәуле ҚАЛИЛАМБЕКОВА, ата-ана. АЛМАТЫ.