21 Мамыр, 2015

Жаңаруға бастаған жаңа қадам

1573 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың 26 сәуірінде елімізде елеулі оқиға болды. Қазақстан халқы өз болашағы үшін аса маңызды да тарихи мәні зор таңдауын жасады. Таңдау деген – халықтың еркі, қалауы. Ал демократиялық қоғамда халықтың таңдауынан, халықтың еркінен жоғары қандай құндылық болуы мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев – заманның да, халықтың да, уақыттың да таңдауы түскен тұлға!

egemen (22) Сайлауалды бағдарламасында Елба­сымыз 5 институттық реформа жасау қажеттігін негізгі бағдар етіп алды. Бұ­лар өте маңызды реформалар, жаңа­ру­ға бастар жаңа қадамдар деп ойлаймын. Мен үнемі бір нәрсеге көз жеткізіп келемін. Ол – Елбасымыздың қоғам алдына қандай бағдарлама, қандай ірі мақсаттар қойса да соны уақтылы орындап келе жатқаны. Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде бес институттық реформа жасау қажеттігін айтып, ел Президенті жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құру тапсырылды. Ал енді кеше ғана сайлау өтті, Елбасымыз сайлана салысымен Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құрылып, жұмысқа кірісіп те кетті. Уақыт оздырылмай жоғарыда айтылған реформалар қолға алынып жатыр.

egemen (10) Абай атамыздың бір жақсы сөзі бар, «Істі қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан танисың» деген, яғни бұл бір іс қолға алынғанда қандай стратегиялық мақсат қойылғаны, оған деген күш-жігердің, ниеттің қаншалықты болғанынан-ақ танылады дегенге саяды. Сол айтылғанындай, аз күн ішінде-ақ жоспарға алынған осы реформаларды жүзеге асыру үшін көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Президент жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссияның құрылуы, Үкіметтің кеңейтілген отырысында аталған реформаларды жүзеге асыруға қарай жасалатын жүз қадам туралы нақты шешімдер осының айқын дәлелі бола алады. Сондықтан мен бұл реформалардың толықтай жүзеге асатынына сенемін. Тек әр азамат соған тамшыдай болса да үлесін қосса, бұл біздің еліміздің ортақ жеңісі болар еді. Енді осы бес институттық рефор­маның еліміз үшін маңыз­дылығына тоқталсам, алдымен айта кететін нәрсе – мемлекеттің іргесін нығайтып, жаңаруларға жетелейтін бұл реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс екендігі. Алғашқы реформа – баршаға ортақ заманауи мемлекет құру. Мұндағы негізгі бағдар заманауи, кәсіби, автономды мемлекеттік аппарат құруға негізделеді. Бұл жүзеге асырылған жағдайда мемлекеттік аппаратта белгілі бір адамның ықпалымен команда құру дегенге жол берілмейді. Мемлекеттік аппаратта белгілі бір адамның сүйеуімен команда құрудың жемқорлық, кадрлық әлеуеттің төмендеуі тәрізді факторларға әкелетіні белгілі. Осы реформаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің корпусын кәсіби және автономды дәрежеге жеткізу. Мемлекеттік қызметкерлер корпу­сының, әсіресе, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің автономды болуы дегеніміз, сайлау, министрлер мен әкімдердің және басқа да жетекшілердің ауысуы кезінде мұның олардың жұмысына әсер етпеуі болып саналады. Сонымен қатар, мемлекеттік қыз­метшілердің мансаптық өсуінде олардың кәсіптік дәрежелерден өтіп, кәсіби біліктілігін нақты тәжірибеде жинақтауына көңіл бөлу де осы реформаның мазмұнына кіреді. Бізде, жасыратыны жоқ, мем­лекеттік қызметкерлер арасында бұрын бизнесте болған адамдар бар. Мұндайда мүдделі болу деген мәселенің де бой көрсететіні жасырын емес. Болашақта біз ондай адамдарды мемлекеттік қызмет саласында азайтуымыз керек. Сонымен қатар, менің ойымша, мемлекеттік қызметте кәсіби орындау­­шылар ғана емес, мемлекетшіл азаматтар кө­бірек болғаны дұрыс. Мемлекетіміздің бола­шағын, өткені мен келешегін болжай алатын стратег мемлекетшіл адамдар мем­лекеттік қызметте көбейетін болса, мем­лекеттік аппараттың да әлеуеті арта түседі. Реформаларды жүзеге асыру үшін бізде қаражат та, кадр да бар. Қазақстанның Алтын-валюта қоры, 2015 жылдың ақпан айындағы көрсеткіш бойынша, 100,783 млрд. АҚШ долларын құрады. Қаржы мәселесін Ұлттық қор арқылы шешуге болады деп ойлаймын. Ал кадр мәселесіне келсек, биыл Назарбаев Университетті 400-дің үстінде бакалавр, 100-ден астам магистрант бітірмекші. Сонымен қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясы бойынша біздің жастарымыз әлемдегі дамыған мемлекеттердің танымал оқу орындарында білім алуда. Олардың көпшілігі қазір елге келіп, мемлекеттік аппаратта жұмыс істейді. Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған түлектердің саны 7929-ды құрап отыр. Оқып жүргендері 4000-ға жуық. Бұған Ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарымыздың өз қаражатына шетелдерде оқып жатқан азаматтарымызды қосыңыз. Сонымен қатар, республикамыздағы облыс орталықтарында Назарбаев зияткерлік мектептері де бар. Оларда оқып жатқан балалар келешектегі біздің зор үмітімізді ақтайтын нағыз мемлекетшіл азаматтар болып қалыптасады деген сенімдемін. Қысқасы, біздің кадрлық әлеуетімізді жоғарылатуға барлық жағынан мүмкіндік мол. Екінші – институттық реформаға келер болсақ, бұл қоғамдағы заңның үстемдігін арттыру болып табылады. Заңдар азаматтық қоғамдағы басты құндылықтарды қалып­тастырушы бірден-бір абсолютті маңызды сипатқа ие күш болуы тиіс. Осы екінші реформаның мазмұнына сот жүйесін жетілдіру, полицияның қоғамның сеніміне ие болатындай дәрежеде жұмыс жасауына қол жеткізу елдің әділ заңға деген сенімін арттыру енеді. Мұның ең басты артықшылығы әлеуметтік әділетсіздіктерге жол бермеу екендігін айтып өткім келеді. Демократиялық қоғамдағы ең басты құндылық адамның құқығы мен еркіндігі болса, оны жүзеге асырушы бірден-бір тетік – осы әділ заң мен құқық сақшылары. Сондықтан да бұл реформаның еліміздің әрбір азаматына берері мол. Мұның еліміздегі құқықтың мәдениетті, құқықтық сананы дамыған мемлекеттердегідей дәрежеге көтеріп, мемлекетімізді әрі қарай демократияландыра түсудегі маңызы зор дер едім. Құқықтық мемлекетте адам заңға сенуі тиіс. Сондықтан заңдардың үстемдігінің артуы – адам құқықтарының негізгі орынға шығуы деген сөз. Құқықтың мемлекет теориясына ерекше үлес қосқан француз ойшылы Жан Жак Руссо: «Еңкейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін заңдар деп аталатын қасиетті қамытқа мойынсұнып өмір сүретін қоғамда ғұмыр кешу адам өмірінің жарты бақыты», деп тектен-тек айтпаса керек. Бұл реформа демократиялық қоғамның жоғары талаптарына қарай көшетінімізді білдіреді. Қазір біз сапалы заңдар қабылдап жатырмыз. Мен ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясының мүшесімін. Біз осы ұйымға мүше ТМД елдерінің өзге де депутаттарымен жылда кездесіп тұрамыз. Сонда салыстыра қарағанда, әріптестеріміз біздің қабылдап жатқан заңдардың сапасы мен ерекшеліктеріне үнемі қызығушылықпен қарайтынына куә болып жүрмін. Менің заңның үстемдігін арттыру ре­формасына байланысты айтарым, мұнда заң­дардың орындалуы мәселесіне тыңғы­лық­ты көңіл аудару керек. Заңдардың орын­далуын ашық байқап отырған қоғамда заңдарға деген сенім мен құрмет пайда болады. Үшінші реформа – орнықты экономиканы бағдар еткен индустрияландыру мен экономикалық өсу. Елбасымыз айтып өткендей, «кәсіби мемлекеттік қызмет пен заңдардың үстемдігі экономикалық рефор­малар кешенін жүзеге асыруға мүмкін­дік туғызбақ». Мұнда өнім өңдеу секторын дамытып, оны экономикалық өсудің тетігіне айналдыру қолға алынбақ. Индустрия­ландыру еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға да жағдай туғызатын болады. Бұ­ған бізде барлық мүмкіндіктер бар. Нақты нәтижеге қол жеткізуді көздеген инфра­құрылымдық бағдарламалар, бола­шақ­қа бас­тайтын нұрлы жолымыз да бұған айтар­­­лықтай септігін тигізеді деген пікірдемін. Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы қажеттігін Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты өз Жол­да­уында да айқын атап көрсеткен болатын. Қазір елімізде 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Оның бірінші кезеңі 2010-2014 жылдары жүргізілді. Сол бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің алты саласы таңдап алынған-ды. Олар: металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдары және тамақ өнеркәсібі. Бағдарламаның екінші кезеңінде 2015-2017 жылдарға арналған оңтайландырылған республикалық бюджетте еліміздің индус­триялық-инновациялық дамуы туралы мемлекеттік бағдарламаға 230,2 миллиард теңге көзделген. Оның ішінде 2015 жылға 102 миллиард теңге қарастырылса, 2016 жылға – 52 миллиард, ал 2017 жылға 45 миллиард теңге бөлінетін болады. Егер бірінші кезеңді қарастырып көретін болсақ, Елбасы айтқандай, бағдарлама жүзеге асырылған бес жылдың ішінде бізде 400 бұрын-соңды Қазақстанда болмаған жаңа өнімдер шығарылуда. Бұған салынған қаражаттың 70 пайызы шетелдік инвестиция екендігін де реті келгенде айта кету керек. Бұл капитал Қазақстан экономикасын нығайтуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған. Елімізде 770 кәсіпорын ашылғанын да тіл­ге тиек ете кеткен жөн. Бұл ретте 75 мың адам бұрын-соңды болмаған мамандықтар бойын­ша жаңа жұмыс орындарына орналасты. Енді елімізде жүргізілмекші осы институттық реформалардың идеологиялық қырына тоқтала кетер болсақ, Елбасымыз үнемі айтып жүрген елдік мұратқа айналған ортақ идея – «Мәңгілік Ел» идеясы. Осы идея елімізді біріктіруші идеологиялық санаға айналуы керек деп ойлаймын. Қолға алынған реформалардың төртін­шісі болашағы біртұтас ұлт мәселесіне арналған. «Мәңгілік Ел» идеясы да осы мұраттармен үндес. Біздің еліміз – 140-қа тарта ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті, береке-бірлігі бұзылмай өмір сүріп жатқан бірден-бір мемлекет. Бұл біздің қоғамдық санамыздағы басты идеологияға айналып келе жатқан жаңаша сана деу керек. Осы төртінші реформаның ең негізгі мазмұны – «Мәңгілік Ел» идеясының аясында біріктіруші құндылықтарды негіз еткен қоғамдық жаңаша идеологиялық сана қалыптастыру жатыр. Елді біріктіруші құндылықтар – әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру, білім алу, еңбексүйгіштік, зайырлылық және төзімділік, адамшылық, имандылық дер едім. Осы тұста Елбасымыздың айтқан кеткен жақсы сөзі бар: «Елді біріктіруші ортақ құндылықтарды этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюға қол жеткізуіміз керек», деген. Азаматтық қоғам қашанда этностық мінез-құлық модель­деріне емес, ортақ адамзаттық құнды­лықтарға негізделе құрылуы тиіс. «Адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп», деген Абай атамыздың данышпан ой тұжырымы осы төртінші реформаның мазмұнын бізге дәл ашып береді деп ойлаймын. Төртінші реформа – болашағы біртұтас ұлт. Бұл жерде жаңадан ұлт қалыптастыру деген ой жоқ. Бұл жердегі басты идея еліміздегі ұлттарды біріктіретін ортақ, біртұтас болашақ жайында айтылып тұр. Яғни, біз тарихымызда сан ғасырлық дүр­белеңді кешірген халықпыз. Біздің жері­мізге уақыттың жазуымен басқа ұлттар келіп, араласып өмір сүріп кетті. Ол да өзіміз сияқты адамның баласы. Қазақ халқы­ның ұлылығы сонда, солардың барлы­ғын жатырқамай ағайыншылдығын, адамшылық, бауырмалдық қасиетін танытты. Олар бізбен тағдырлас болып кетті. Ешкім де өз тарихын сұрап алған жоқ. Олай болса енді бізді біртұтас болашақ қана күтеді. Сондықтан Елбасымыз ұсынып отырған қоғамдық біріктіруге бағытталған болашағы біртұтас ел болып қалу – аса маңызды шаруа. Қазақ мемлекетінің негізін құраушы – қазақ халқы. Оған ешкім күмән келтіріп, дау тудырып жатқан жоқ. Енді осы мемлекетті түзуші қазақ ұлтының айналасында елімізде тұрып жатқан басқа ұлттар бірігіп, ортақ болашақ туралы ойласа, мүдде де, біртұтастықты көздеген идеологиялық санамыз да күшейе түсер еді. Қазақта «Жолы бөлек жоспарын бірге жасамайды» деген тағылымды сөз бар. Ал жаңарудың төртінші реформасы саналатын болашағы біртұтас ұлт деген ұғым жолымыздың да, жоспарымыздың да бір екенін аңғартып тұрса мұны көре алмаған тұз жаласын дегеннен басқа не айтасың. Сондықтан елді біріктіруде мұның маңызы өте зор. Президент айтқандай, мұны жүзеге асыруда «қазақтарға мемлекетті құраушы ұлт ретінде ерекше жауапкершілік жүктеледі». Біз қазақ халқы мемлекетті құраушы ұлт ретінде «біртұтас болашақ» деген идеяның аясында басқа ұлт өкілдерін өз айналамызға топтастырып, бірлікке шақырсақ, олар да жолымыз бір екенін танып, жоспарын бірге құрмақ. Жалпы, «Мәңгілік Елді» жасайтын ол – біздің жастарымыз. Біздің қоғамдағы 50-60 жас арасындағылар бұрынғы ескі жүйені көрген, сол идеологиямен тәрбие алып қалған адамдар. Жаңарудың бастау негізі – жастарда. Бізде қанша жастарымыз «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алып, елге келіп жатыр. «Өнерді үйрен де жирен» деген бар. Олар шетелдердің артықшылықтары мен кемшін тұстарын көзімен көріп, санасына түйіп келген мамандар. Сонымен қатар, жастар жағы имандылыққа жақын. Олардың санасы, жаны таза. Олар ескі идеологияны көрмегендер. Сондықтан «Мәңгілік Ел» идеясын жастарға арналған жаңа идеология деп білуіміз керек. Бесінші реформа ашық, транспарентті мемлекет құру. Мұндағы басты идея мемлекеттік ұйым­дар мен қарапайым халықты жақындастыру. Мемлекеттік ұйымдар мен құрылымдардың жұмысы елге түсінікті болуы, айқын болуына қол жеткізу реформаның басты мазмұнына кіреді. Халыққа есеп беруші, халықтың алдында тікелей жауапты мемлекет қалыптастыру. Барлық мемлекеттік істер, қызметтер кім үшін, әрине, халық үшін. Мұны шынымен жүзеге асырсақ, елдегі әрбір азамат қоғамдағы істерге белсене араласып, сол мемлекетті жасаудағы өзінің рөлін сезінбек. Сондықтан Елбасымыз осы тұста азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет қаржысын бөлуге қатысуын, қоғамның өзін өзі реттеуін енгізуді, билік өкілеттіліктерін азаматтық қоғам институттарына бере отырып, мемлекеттік органдардың араласу аймағын қысқарту, мемлекеттік орган­дар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту туралы айтуының маңызы зор. Мұның бәрі бірте-бірте жергілікті өзін-өзі басқару институттарының күшеюіне әкеледі. Ал бұл – аса дамыған демократиялық мемлекеттерге тән көрініс. Қорыта айтқанда, бұл реформа мемлекеттік құрылымдар жұмысының халыққа түсінікті болуы, олардың ел алдында жиі есеп беріп, шешім қабылдаудың айқындылығына қол жеткізу және елдің шағымдана алу жүйесін де жетілдіру, яғни елдің үні мен талап-тілегінің де ескерусіз қалмауын жүзеге асыру. Міне, бұл бес институттық реформаның мән-мазмұны да осында. Ол негізінен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру, дамыған 30 елдің қатарына енуге нақты нәтижелі көрсеткіштер арқылы қол жеткізу мақсатынан тыс емес, соған сай жасалатын реформалар деп білемін. Және Елбасымыз айтып өткендей, «ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертпек».

Ерболат МҰҚАЕВ, Парламент Сенатының депутаты.