07 Наурыз, 2015

Сұлулық. Нәзіктік. Тағаттылық. Іскерлік

488 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Rose-Flower-Wallpaper-600x375

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құрметіне орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен «Көктем шуағы» кездесуіне қатысқан Қазақстанның әйелдер қоғамдастығының өкілдері

Ирина Петровна АРОНОВА, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 58 жаста. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің мүшесі. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2007 ж.), «Құрмет» орденімен (2012 ж.) марапатталған. Аудандық мәдениет үйінің методисінен, мәдениет жөніндегі комитет төрайымы, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, әкімшілік басшысының орынбасары, аудан әкіміне дейінгі еңбек жолынан өтті. Қостанай облысы аз қамтамасыз етілген азаматтарды қолдау жөніндегі өңірлік қорды басқарды (1988-2007). 2007 жылдың тамызында Қостанай облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. 2007 жылдың мамырынан «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып табылады. Салтанат АХМЕТОВА, «Астана Опера» опера және балет театрының жетекші солисі. 28 жаста. Мәскеуде өткен «Үлкен опера» жас орын­дау­шылардың телевизиялық байқауының жеңімпазы. 2014 жылдың 29 қарашасында Чайковский атындағы консерваторияның залындағы Салтанаттың өнер көрсетуін көрермендер ду қол шапалақпен қарсы алды. Германиядағы Neue Stimmen халықаралық байқауының Klassik-Herbst Forderpreis арнайы жүлдесінің иегері. Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжінің (2004) және Қазақ ұлттық музыка ака­де­миясының (2008) түлегі. Италиядағы Вокал өнері академиясында тәжірибеден өтті (2009). Әншінің еншісінде бірнеше рес­пуб­ликалық және халықаралық байқаулардағы жеңістер, олардың арасында Бибігүл Төлегенова, Глинка, Villaincanto (Италия) атындағы байқаулар бар. Ақнұр ЖҰМАБАЕВА, «Queen of the Planet-2014» Гран-приі атағының иегері. 35 жаста. Көп балалы ана Ақнұр жолдасымен бірге 6 баланы (3 қыз және 3 ұл) тәрбиелеп жүр, «Күміс алқа» иегері. Ерлі-зайыптыларға бала тәрбиелеуде үлкен ынтымақты үйде бірге тұрып жатқан ерінің ата-анасы көмектеседі. Екі жоғары білімі бар. Экономика ғылымдарының магистрі. Консалтингтік компанияны басқарады және 15 жылдан астам уақыттан бері бағалау қызмет саласында еңбек етеді. Queen of the Planet атағын алудағы жеңіс – бұл қазақстандық әйелдердің осынау халықаралық байқаудағы алғашқы жеңісі. Ол мұны тек өзінің ғана емес, сонымен бірге, «Менің елімнің еңбегі» деп есептейді. Queen of the Planet байқауының идеясы – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ана беделін арттыру. Халықаралық байқауға қатысу идеясы Ақнұрға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Сезон» журналы «Қазақстан аруы-2011» балалы әйелдер арасында ұйымдастырған ұлттық байқаудан кейін келген. Құралай Ахметқызы АҚҚОШҚАРОВА, профессор, Қазақстан инженерлік академиясының академигі. 65 жаста. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, А.Байков атындағы Мәскеу металлургия институтының аспирантурасын бітірген. Оқытушыдан деканға дейінгі еңбек жолы университетте өтті. Қазақстан Республикасының білім және ғылымға еңбек сіңірген қызметкері. 2013 жылы университеттің Ғылыми кеңесі оған «Университет кафедрасының құрметті меңгерушісі» атағын берді. Жүзден астам ғылыми еңбектердің, сондай-ақ, «Физика. Теория. Есептер. Сұрақтар. Оны шешудің жолдары» атты алғашқы мемлекеттік тілдегі оқулықтың авторы. Ғалым Н.Қойшыбаевпен бірлескен осынау еңбек ҚР БҒМ тапсырысы бойынша «Атамұра» баспасынан (2006 ж.) жарыққа шықты және шешу жолдары мен жауаптары келтірілген мыңнан астам тест сұрақтары мен есептерден тұрады. 1972 жылы «Молодая гвардия» (Мәскеу) баспасынан «Студенттердің бүкілодақтық слеті» атты кітабы шықты, онда слет делегаттары алдында сөз сөйлеп, КСРО басшысы Л.И.Брежневтен алғыс алған қазақ студенті Қ.Аққошқарова туралы материал жарияланды. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Мереке Серікқалиқызы АҚСИЕВА, көп балалы ана. 38 жаста. Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданындағы Қайшақұдық ауылында тұрады. Орта білімі бар. 2011 жылдан селолық клуб меңгерушісі болып жұмыс істейді. Жолдасы Ермекпен бірге 7 бала (4 ұл және 3 қыз) тәрбиелеп отыр, «Алтын алқа» иегері. Ері шаруа қожалығын басқарады. Мереке өз уақытының көбін бала тәрбиесіне бөледі. Бұл істе оған мектепте мұғалім болып істейтін қыздарының үлкені көмектеседі. Музыканы ұнатады, домбыра тартады. Сабина АЛТЫНБЕКОВА, волейболшы, Қазақстан Республикасы жасөспірімдер құрама командасының мүшесі. 18 жаста. Сабина 16 жасынан «Алматиночка-Алматы» клубында ойнайды. Командамен бірге 2013-2014 жылдың маусымында «А» Жоғары лигасының күміс медалін жеңіп алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курсында «биология-биотехнология» мамандығы бойынша оқиды. 2014 жылы С.Алтынбекова Қазақстан Республикасы Қызыл Жарты айының алғашқы ресми волонтері болды. Бұл қоғам әлемнің 189 еліндегі 500 млн. адамды біріктіретін Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қозғалысының бөлігі болып табылады. Алматы қаласы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі кеңестің мүшесі. Тайбэйдегі (ҚХР) волейболдан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында әлемдік бақтар Сабинаны «Қазақстанның ең сұлу волейболшысы», сондай-ақ, «чемпионаттың ең сұлу волейболшысы» деп атады. Тайвань, Жапония және басқа да азиялық елдер телевидениесі Сабинаға бірқатар репортаждар арнады. Daily Mail газетінің шолушысы С.Алтынбековаға өзі қатысқан оқиғаны өз тұлғасымен көмескілендірудің сәті түсті деп атап өтті, баспасөзде чемпионат туралы әрбір екі жолға тікелей ол туралы он беттен келді. Зарина ДИАС, теннисші, WTA рейтингінде әлемнің 30-шы ракеткасы, жеке разрядта бес ITF турнирінің жеңімпазы. 21 жаста. Зарина 13 жасында Қазақстан Республикасының спорт шебері болды. 15 жасында Астанадағы 25-мыңдықта Зарина бірінен соң бірі бес матчты ұтты және өзінің алғашқы кәсіби мәртебесін жеңіп алды. Жас отандасымыздың табысын Ұлттық федерация атап өтті – ол ұлттық құрама командаға шақырылды және Федерация кубогында ол үшін бір матч ойнады. Цюаньчжоуда жеңіп алған мәртебе, Страсбургтегі, Малайзиядағы, Хобарттағы, Шеньженьдегі WTA турнирінің ширек финалындағы жеңіс, Ноттингемдегі, Осакадағы финалға шығуы, Үлкен Шлем Турниріндегі табысты өнер көрсетулері, Уимблдонның 1/8, Австралия Опеннің 1/16 финалына шығуы, US Open-де жұптасып, ширек финалға шығуы – бір жылғы табыстары осындай. Жүзден астам позицияларды ойнап, ол маусымды жеке рейтингте әлемнің 30-шы ракеткасы болып аяқтады. Қытай маманы Алан Маның Гуанчжоудағы академия­сында жаттығады. Жанар ДҰҒАЛОВА, белгілі қазақстандық әнші, актриса, композитор. 28 жаста. ГИТИС түлегі (Мәскеу) 2001 жылғы «Жас қанат» байқауының Гран-при иегері, көптеген халықаралық байқаулардың және Ресейдегі, Польшадағы, Эстониядағы, Франциядағы, Болгариядағы, Қытайдағы фестивальдардың лауреаты. Қазанда өткен «Turkvizion-2014» ІІ Халықаралық ән байқауының жеңімпазы, онда «түрік әлемінің алтын дауысы» ретінде танылды. Жанар Дұғалова өзінің байқаудағы жеңісін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнады. Жанар өзі жазған «Ізін көрем» композициясы бойынша өнер көрсетті және жиынтығында 225 балл алды. Барлығы финалға Қазақстаннан, Татарстаннан, Түркиядан, Башқұртстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Македониядан, Ираннан, Қырымнан, Босниядан, Болгариядан, Якутиядан, Әзербайжаннан және Түрікменстаннан 15 конкурсант қатысты. Гүлназ ЖОЛАНОВА, «Қазақ аруы-2014» республикалық сұлулық байқауының жеңімпазы. 21 жаста. Ақтау қаласында туған. Ақтау қаласындағы экономикалық лицейдің түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «туризм мамандығы» бойынша 4-курс студенті. Ресейде (2006 ж.), Чехияда (2008 ж.), Австрияда (2008 ж.), Македонияда (2009 ж.), Арменияда (2010 ж.) өткен ұлттық билерді озық орындауда халықаралық байқаулар лауреаты болып табылады. «Махаббатым жүрегімде» телесериалындағы басты рөлді (Камшат), «Қыздар» телесериалында басты рөлді (Зере) орындаушы. Қазіргі уақытта университеттегі оқуды «Shine Production» продюсерлік орталығындағы жұмыспен (актриса, тележүргізуші) қоса алып жүр. Назым ҚЫЗАЙБАЙ, бокстан әлем чемпионы. 21 жаста. Қазақстанның әйелдер боксы тарихындағы алғашқы әлем чемпионы. 2014 жылдың қарашасында Оңтүстік Кореяда өткен әйелдер арасындағы чемпионатта Назым алтын медальді жеңіп алды. Еңбек сіңірген спорт шебері. 2009-дан 2014 жылға дейін Қазақстан чемпионы. 2011-2012 жж. әлем жүлдегері. Бокстан халықаралық кластағы спорт шебері. Алматы қаласындағы спорт және туризм академиясының 3-курсында оқиды. Қызайбай отбасында 6 бала бар. Ата-аналары бокспен айналысуына қолдау білдірді. Бокстан тыс Назым спорттың басқа түрлерімен де айналысты: мектепте волейбол, футбол ойнады. Спорттағы дарынды балаларға арналған интернатқа түскеннен кейін бес айдан соң жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында бірінші орынды жеңіп алды. Татьяна Николаевна НЕМЦАН, селолық мектеп директоры. 50 жаста. Мектеп директоры. Ақмола облысы Аршалы ауданындағы «Ақбота» қоғамдық қорын басқарады. Қазақстан жастары арасындағы «жасыл бастама» қозғалысының бастамашысы болып табылады. Өңірлік, облыстық және ұлттық деңгейлерде жергілікті халықтың арасында энергия және су үнемдеу технологияларын алға бастыру жұмыстарына жетекшілік жасайды. Энергия тиімді тәжірибені (күн коллекторлары, пиролизді жылыту, күн батареялары), сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын ( тамшылатып суару, энергия тиімді жылыжайлар) енгізу бойынша үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық желісін ұйымдастырды, ол балаларды витаминді тамақтандыру мәселесін шешуде жұмыссыз әйелдер үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды. Таяуда Тунисте V энергия тиімділігі жөніндегі халықаралық форумда Қазақстанның энергия тиімді бастамасын алға бастырудағы тәжірибені ұсынды. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Тұрмысқа шыққан. Екі бала тәрбиелеп отыр. Динара Мұратқызы РЫСБЕКОВА, мерген. 26 жаста. Кіші сержант Динара Рысбекова келісімшарт бойынша 2002 жылдан Қарулы Күштер қатарында әскери қызмет атқарып жүр. 2007 жылы Семей политехникалық колледжін аяқтаған. Тұрмысқа шыққан, екі бала тәрбиелеп отыр. Гарнизонның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласады. 2013 және 2014 жылдардағы әскерилендірілген парадқа қатысқан. Гүлжан Жанпейісқызы ҚАРАҚҰСОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы. 63 жаста. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің саяси экономика факультетін тәмамдаған (1972). Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ мемлекеттік университетінің саяси экономика кафедрасының аға оқытушысы, Экономика және құқық университетінің кафедра меңгерушісі болып еңбек етті. 1994 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Экономикалық кеңесшілер кеңесінің жетекшісі, 1997 жылдан 2001 жылдары Парламент Сенатының депутаты, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитет төрайымы, 2001 жылдан 2007 жылға дейін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарды. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті бесінші шақырылымындағы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы қызметін атқарады. «Парасат», II-дәрежелі «Барыс», «Ынтымақтастық» ордендерімен марапатталған. Ақтолқын ҚҰРМАШЕВА, бақшашы, жеке кәсіпкер. 43 жаста. Ақтолқын бау-бақша ісімен айналысады. Алма және басқа жеміс-жидек өсіреді. Қазір оның 14 гектар жерді алып жатқан алма бағында 5 мыңнан астам алма ағашы бар. Алма тұқымын жақсарту мақсатында жеміс ағаштарын будандастырумен айналысады. «Бақ отырғызу болашаққа баға жетпес мұра қалдырумен пара-пар», дейді Ақтолқын. Қарағанды политехникалық университетін өндірістік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша тәмамдаған. 2001-2012 жылдар аралығында «Арыс» өндірістік кооперативінде еңбек етті. 2012 жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысады. Қарлығаш және Нұрдәулет атты балалары бар. Балалары оқу озаттары және көптеген олимпиадалық ойындар мен байқаулардың жеңімпаздары. Шырын Асылханқызы ҚҰРМАНБАЕВА, Қазақ гуманитарлық-құқықтық инновациялық университетінің ректоры. 57 жаста. Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздік қызметкері (2004). С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «тарихшы» мамандығы (1980), Қазақ құқықтық академиясын «заңгер» мамандығы бойынша (2000) тәмамдаған. Саясат ғылымдарының докторы, профессор. Ресей Федерациясы Саяси академиясының академигі (2007). «Шапағат» медалімен (2008) марапатталған. 7 монографияның, 10 оқу құралының, 100 ғылыми еңбектің авторы. «Ажар» әйелдер жетістігін қоғамдық мойындау ұлттық сыйлығының «Ғылым және білім» номинациясы бойынша лауреаты (2003). Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі. Тұрмыс құрған. Ұлы, 2 қызы және 5 немересі бар. Сэрина СУНАГАВА, «Астана Опера» театрының балеринасы. 31 жаста. Сэрина Астаналық «Астана Опера» театрында өнер көрсететін жапон балеринасы. Ол өзінің жастық шағын Окинава аралында өткізген. 5 жасынан бастап балет өнерімен айналысып, Ресей балет мектебінен дәріс алуды армандаған. Оның арманы орындалып, Санкт-Петербургтағы Ваганов балет академиясын тәмамдаған. 2005 жылдан 2013 жылға дейін К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында балет әртісі болып жұмыс істеді. 2013 жылы «Астана Опера» театрына жұмысқа қабылданды. Опералық әнші Сүндет Байғожинға тұрмысқа шығып, ол өзінің өмірін Қазақстанмен мәңгі байланыстырды. Сэрина отбасының басшысы еркек болуы керек деп есептейді және оны қазақтың ұлттық тағамдарымен еркелетеді. Үйде қазақша, орысша және жапон тілдерінде сөйлеседі. Қазір ерлі-зайыптылар Сәния атты 4 жасар қызды тәрбиелеп отыр. Татьяна Николаевна Бурмистрова, «Трио Татьян» 80-жылдары КСРО-да ең танымал өнер тобы болған. 57 жаста. Татьяна Бурмистрова Оңтүстік Қазақстан облы­сының Алғабас кеншарында орыс отбасында дүниеге келді. Бала жасынан бастап домбыра тартып, тек қазақ тілінде ғана өлең айтады, әсіресе, термелерді нақышына келтіріп орындайды. Ташкент Ортаазиялық педиатриялық институтын бітірген. Студенттік жылдары оқу мен айтыс өнерін қоса дамытты. Қазіргі таңда халық ауыз әдебиеті шығармашылығы арқылы мемлекеттік тілді үйрету, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау жөніндегі «Ұлттық өнер орталығы» атты орталық құрып жұмыс жүргізуде. 3 бала тәрбиелеп өсірген, 1 немересі бар. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Татьяна Дмитриевна ПОЛТАВСКАЯ, Қазақ КСР мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер. 55 жаста. Халықаралық конкурстардың лауреаты. 80-жылдардың басында Татьяна Полтавская өзінің тамаша сопрано даусымен сол кезде даңқы шыққан «Алтыбақан» және «Тамаша» телебағдарламаларында тұрақты өнер көрсетті. Полтавская трио құрамындағы өзінің өнер жолын ерекше еске алады. Қазақ тілі ол үшін әрқашан туған тіл болғандығын және жылдар өте келе де солай болып қалатындығын атап көрсетеді. Қазіргі кезде Мәскеу қаласында тұрады, «Измаилова» атындағы Мәскеу педагогикалық колледж директорының тәрбие беру және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Жұбайымен бірге қыз өсіріп отыр. Татьяна Владимировна МАРТЫНЕНКО, Шымкент қаласындағы №66 «Болашақ» балалар бақшасының меңгерушісі. 48 жаста. Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының Чубаровка селосында туған. 1987 жылы Шымкент мәдениет институтын тәмамдаған. Ол өзінің өмірлік жолын балаларға білім және тәрбие беруден тапты. Балалар бақшасында тәрбиеші, №5 орта мектепте мұғалім болып еңбек етті. Міне, 16 жылдан бері Шымкент қаласындағы №66 «Болашақ» балалар бақшасының меңгерушісі болып еңбек етеді. 1985 жылы Мәскеу қаласында өткен 12-ші Бүкіләлемдік жастар және студенттер фестивалін өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша медаль алған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Сәкен Өмірзақовқа тұрмысқа шыққан. 3 бала және 2 немере тәрбиелеп отыр. Айнұр ТАЩАНОВА, «Astana Solar» фотоэлектрлік модульдерді құрастыру жөніндегі зауыттың өндірістік ауысымының технигі. 23 жаста. Қостанай мемлекеттік университетін «қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі уақытта зауыттағы еңбегін М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде «электрэнергетикасы» мамандығы бойынша оқумен ұштастыруда. Елордадағы 50 МВт фотоэлектрлік модульдерін құрастыру жөніндегі зауыттың шығаратын күн батареяларының қуаты 2 ірі электр стансасының өндіретін электр қуатына тең. А.Тащанованың міндеті шыны панельдерін күн элементтерінің әшекейлерімен безендіру, оларды шыны панельдерде орналастырып пешке қыздыруға жіберу болып табылады. 1 сағатта зауыт конвейерінен осындай 30 панель шығып отырады. Жайдары да жылы жүзді Айнұр зауыттың қоғамдық өміріне белсене араласады, Тапқыштар мен көңілділер клубының, спартакиадалардың белсенді қатысушысы болып табылады. Музыканы жаны сүйеді. Лариса Николевна ФИНК, аудандық аурухананың бас дәрігері. 43 жаста. Ақмола мемлекеттік медицина институтын «дәрігер-терапевт» мамандығы бойынша тәмамдаған (1995). Институтты бітіргеннен кейін Қостанай облысының Федоров ауданындағы медициналық мекемелерде әртүрлі қызметтер атқарды. Жалпы, жұмыс өтілі – 19 жыл. 2012 жылдың қараша айынан бері «Федоров орталық аудандық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін басқарады. Жұбайы Евгений Викторович Финк осы аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып табылады, «2009 жылдың үздік ауылдық дәрігері» құрметті атағы бар. Жұбайы дәрігерлер әулетінің өкілі болып табылады. Оның ата-анасы, ағасы дәрігерлер. Отағасы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері. Лариса Николаевнаның 2 ұлы – Артур (2000 ж.т.), Роберт (2009 ж.т.) бар. Отбасындағы 2 ұл да қазіргі күннен әулеттік дәстүрді жалғастырып, дәрігер болуды армандайды. Ләйла СҰЛТАНҚЫЗЫ, «Қазақстан» РТРК» АҚ «Балапан» балалар телеарнасының директоры. 37 жаста. Белгілі қазақстандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қазіргі күнде «Балапан» балалардың ойын-сауық танымдық телеарнасын басқарады. Телекөрермендердің жас ерекшелігі 3 жастан 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қамтиды. HD форматында тәулігіне 14 сағат бойы қазақ тілінде хабар жүргізеді. «Мен 5 жыл балалар мен үйде отырып, барлық балаларға арналған телеарналарды қарадым. Мен үшін балаларымды қандай хабарлар қызықтыратыны басымдық болып табылады. Осы жылдар ішінде мен шетелдердің балаларға арналған телебағдарламаларын кеңінен зерттедім», деп ой бөліседі Ләйлә Сұлтанқызы. «Балапан» телеарнасы контентінің кішкентай телекөрермендер үшін қызықты болуы мақсатында «NickJr», «Marvel», «Disney» сияқты белгілі шетел компанияларының анимациялық сериалдары мен фильмдері сатып алынды. Алдағы уақытта орыс тілді балаларға мемлекеттік тілді оқыту мақсатында аудиторияны одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Осы мақсат үшін интеллектуалды, танымдық-отбасылық және спорттық бірқатар жобалар іске қосылды. Далида Маратовна СИВАРАКША, «Автоматтандыру және ақпараттандыру жүйесі» кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты. 29 жаста. Академик Қ.И.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында дәріс береді. Мәскеуде және Фрайберг қаласында (Германия) өткен халықаралық конференцияларда сөз сөйлеген біздің еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту жөніндегі жобаларды белгілеп келеді. Білім және ғылым қызметімен белсенді айналысады. «Богатырь» көмір разрезіндегі қоршаған ортаны ластандыру қаупін азайту жөніндегі әдістерді өндіріске енгізу әдісінің авторы болып табылады. «In Kaz» экология, туризм және кәсіпкерлік саласындағы халықаралық инновациялық форумының дипломымен марапатталған. Тұрмыста, 1 сәби тәрбиелеп отыр. Бибігүл СҮЙІНШӘЛИНА, қазақстандық және ресейлік киноактриса. 23 жаста. Кішкентай кезінде ата-анасымен бірге Мәскеуге қоныс аударған. Еңбектегі алғашқы тәжірибесі – 2 жаста теледидар жарнамасында кішкентай жапон баласының рөлін ойнаған. 9 жаста НурМур «Жұлдызым» тобының музыкалық клипіне түскен. 15 жасында келісімшарт жасап Сингапурде және Тайландта модель болып жұмыс істеген. 2006 жылы ресейлік белгілі «Громовтар. Үміт үйі» телевизиялық сериалында Файка рөлін ойнаған. Осы рөлден кейін Бибігүлді басқа жобаларға да шақыра бастады. 2007 жылы режиссер Олег Фесенконың «Сага о хантах» фильміндегі рөлде ойнады. 2009 жылы қатарынан 3 фильмде: «Трубадур» – Зарина басты рөлінде, «Астана – менің махаббатым» – Маржан басты рөлінде, Әмір Қарақұловтың «Виртуальная любовь» фильмінде – Эля басты рөлінде ойнады. 2013-2014 жылдары ресейлік «Выжить после» 12 сериялық телевизиялық фильмінде Айжан рөлінде, барлығы Бибігүл 12 кино және сериалдарда ойнаған. Қазіргі кезде ол ресейлік мемлекеттік аграрлық университетінде спорттық ат баптау мамандығы бойынша сырттай дәріс алуда. Сонымен бірге, Берлин қаласында неміс тілін үйренеді. Фотосуретке түсіру және сурет салу өнерімен шұғылданады.